Мемлекеттік туды пәтерге ілу патриотизм бе әлде заң бұзушылық па?

Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін қолдану бойынша арнайы қағидат әзірлеу қажет. Бұл туралы ҚР Жоғарғы соты Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Сөз жоқ, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет ең алдымен елімізге, жерімізге, тарихымызға деген құрмет. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау ісіне сот органдары асқан байыптылықпен мән беруде. Жыл сайын 4 маусым - мемлекеттік  рәміздер күніне орай барлық облыстық соттарда практикалық іс-шара, жиын, дөңгелек үстел, конференция, семинар, мерекелік шаралар өткізіледі. Бұқаралық ақпарат құралдарында жыл басынан бері мемлекеттік рәміздерді насихаттауға байланысты 20-ға жуық материал жарық көрді», - деді ол Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар гералдикасы  мәселелері  жөніндегі республикалық комиссия отырысында. Оның айтуынша, еліміздің заңдарында мемлекеттік рәміздерді заңсыз пайдаланғаны, қорлағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Осы бағытта сот практикасын халыққа дұрыс түсіндіру мәселесін  де Жоғарғы сот айрықша назарда ұстап отыр. «Естеріңізде болса, былтыр мемлекеттік туды пәтеріне заңсыз ілді деген желеумен Қызылорда тұрғыны жауапқа тартылған болатын. Сөйтіп, оған 450 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Әрине, бұл іс ел ішінде резонанс тудырды.

 Халық арасында  «мемлекеттік туды пәтерге ілу патриотизм бе әлде заң бұзушылық па» деген сұрақтар туындады. Жоғарғы сот  істі қарай келе, аталған азаматтың әрекетінен заң бұзушылық таппады. Себебі, мемлекеттік туды үйге іліп қою деген тәртіп әлі күнге дейін регламенттелмеген. Осылайша, істің күші жойылып, адам жазадан босатылды. Осы жағдайды ескере отырып, Жоғары сот өз тарапынан мемлекеттік рәміздерді қолдану бойынша арнайы қағида қажеттігін ұсынып, Үкіметке хат жолдады», - деді Нұрсерік Шәріпов.  


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қараша 2018 г. 154 0