Қызылордалық оқушылар «Щелкунчик» қойылымын немісше көрсетті

 

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бір топ оқушылары «Неміс тілі сахнада» атты дәстүрлі жастар фестиваліне қатысып, Гофманның «Шерткіш» («Щелкунчик») шығармасы бойынша дайындаған театрландырылған қойылым көрсетті.

2-4 қараша күндері Алматыда Қазақстан Гете-Институты мен Республикалық неміс драма театрымен бірлесіп ұйымдастырған «Неміс тілі сахнада» атты ІV жастар фестивалі өткізілген болатын. Шахтинск, Қостанай, Көкшетау және Тараз қалаларының театрландырылған топтарымен бірге үлкен сахнада Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары өнер көрсетті. Бұл балалар - «Екінші шет тілі» бағдарламасы бойынша мектепте неміс тілін меңгеріп жүрген жастар.


Байқауға Эрнст Теодор Амадей Гофманның «Шерткіш» («Щелкунчик») хикаятын ұсынды. Ғажайып оқиғаны неміс тілінде сахналаған жас актерлер кейіпкерлердің сезімдері мен эмоцияларын көрермендерге шебер жеткізе білді.

«Бұл спектакльге бір ай дайындалдық. Шығарманы неміс тілінде оқып, сөздерін жаттадық. Қажетті композиция іздеп, би әзірледік. Өз қолымызбен костюм, сахнаға декарация жасадық», - дейді театр мүшесі, Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектептің 12-сынып оқушысы Динара Есет.

Биыл фестиваль бағдарламасы бойынша хореография, ән айту және музыкалық аспаптармен ойнай алу бағыттарына ерекше көңіл бөлінді. Тілдік дағдылармен қатар әділ-қазылар қатысушы топтардың сахна костюмдерін, қойылымның дизайны, спектакльдің музыкалық сүйемелдеуін бағалады.

«Неміс тілінде үлкен сахнада алғаш рет өнер көрсеткендіктен, сахнадағы түрлі қобалжулар балалардың бірінші орынды иеленуіне кедергі болды. Дегенмен қатысушылар неміс театрының кәсіби әртістері, хореогрофтары мен режиссерларының шебер-сыныптарына қатысып, жаңа білім алды», - дейді спектакль жетекшісі Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің неміс тілі пәнінің мұғалімі Анар Прмаханова.

Байқаудың қорытындысы бойынша актерлік шеберліктерімен ерекшеленген қызылордалық өрендер фестивальда белсенділік танытқаны үшін арнайы Дипломдармен мараптталды

Сонымен қатар неміс тілін үйренуге мүдделі мыңдаған әлемдік мектептердің басын қосқан PASCH - Халықаралық оқу қауымдастығы Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне қызығушылық танытып, құрамына ену туралы ұсыныс жасады. «Мектептер: болашақ серіктестер» бағдарламасының мүшелігіне ену арқылы мектептерде неміс тілін үйренушілерге қолдау көрсету, оқушылардың тәжірибе алмасу бағдарламаларына қатысу және жастарға арналған халықаралық курстарға қатысу секілді үлкен мүмкінідіктерге қол жеткізеді.

Айта кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектебінде неміс тілін оқыту өткен жылдан бастап қолға алынған. «екінші шетел тілі» бағдарламасына сәйкес оқушылар ағылшын тілімен қатар неміс, қытай және кәріс тілдерін меңгеруде.


BAQ.KZ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қараша 2018 г. 157 0