Депутаттар баспа ісі мен киноөндірісін дамытудың жолдарын атады

Кітап шығаратын, фильм түсіретін компанияларға арнайы экономикалық аймақ режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік беру қажет. Мұндай ұсынысты бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Бірғаным Әйтімова жасады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Баспа өнері рухани құндылықтарды жарыққа шығару арқылы материалдық игіліктерге ие болудың бір жолы болып табылады.  Қазақстандағы кітап өндірісі мен баспа ісі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда түбегейлі өзгерістерге түскені бәрімізге белгілі. Бұрынғы бір орталыққа бағынған мемлекеттік баспалар мен полиграфиялық кәсіпорындар жекешелендірілді, бәсекелестік ортаға берілді. Сөйтіп, нарықтық экономикаға бет бұрған тұста кітап пен баспа саласы қиын жағдайларға тап келді. Кітап шығару күрт кеміді», - деді Бірғаным Әйтімова сенатор Дариға Назарбаевамен бірге әзірлеген депутаттық сауалын жолдай келе.

Оның сөзіне қарағанда, баспалар кітап нарығын жаңа заманға бейімдеуді енді қолға алып жатыр. Қазіргі кезде баспалар мәтін теруден бастап, редакциялау, түзеу сияқты қызметтермен қатар, түптеу, басып шығару, соңында сату, тарату істерін де бір өздері атқарады. Заманауи технологиялармен жабдықталған баспаханалары бар. Әрі жеке сайттары және сол арқылы онлайн тапсырыс жасау мүмкіндіктері қарастырылған.

«Кітап шығару мен таратуды нарық қатынастарына бейімдеп жаңа деңгейге көтеру - ең алдымен осы жұмыспен тікелей айналысатын баспагерлердің міндеті екендігі біз айтпасақ та түсінікті. Соған орай, баспагерлер қауымы да өз жұмыстарын қазіргіден нығайтып, жаңа деңгейге көтеруі өте қажет. Болашақта нарық заңының талаптары барынша қатаяды», - деді ол.

 Сонымен қатар депутат кино түсіру саласына жұмсалатын инвестициялар көлемі де жыл сайын артып келе жатқанына назар аудартады.

«Ұлттық кинематограф Еуропа, Азия және Америкадағы өнер орталықтарынан серіктестерді көптеп таба бастады. Еуропа мен Азия арасында жатқан Қазақстанның географиялық жағдайы кинофильм түсіруде халықаралық ынтымақтастықты жемісті түрде жолға қоюға кең мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, соңғы үрдіс болашақта елдегі кино өнеркәсібінің көптеген табыстарға жетуіне жол ашады»,-  деді сенатор.

Оның дерегінше, елдегі кино нарығының ауқымы тар болып және жергілікті киностудиялар түсірген фильмдерді жұртқа көрсетуден түсетін пайда жалпы кассалық түсімнің он пайызына да жетпейді. Ал ресейлік дистрибьюторлар Қазақстанға экспорттап отырған Голливуд студияларының фильмдерінен түсетін пайда кассалық түсімнің шамамен жетпіс пайызын құрайды.

«Осы бір ахуал Қазақстан кино өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлердің фильм түсіруде халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ұмтылуына түрткі болып отыр. Себебі қойылымды ел аумағында көрсету арқылы кинофильм түсіруге кеткен қаржыны кері қайтаруға болады», - деп есептейді Б.Әйтімова.

Осыған байланысты, ол мемлекет тарапынан кітап шығарумен және киноөндірісі қызметтеріне қатысы бар салаларды дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Өйткені қазіргі уақытта бұл салалар өзінің дамуын қажет етуде, үлкен қаржылық және шығармашылық ресурстарды талап етеді. Осы салаларды дамыту арқылы, отандық кітап және кино  өніммен толтыру мүмкін болады.

«Қазіргі уақытта елімізде қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін 11 арнайы экономикалық аймақтар жұмыс істейді. Аймақтарда арнайы құқықтық режим қолданылады, шекаралары нақты белгіленген, компанияларға мемлекет тарапынан құрылымдалған ынталандыру пакетін ұсынады. Аймақтар қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, экономика салаларына және өңірлерге инвестициялар, жаңа технологиялар тарту, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында құрылған. Аймақ қатысушылары үшін Салық кодексінде және «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» Заңында корпоративтік табыс салығына, жер салығына, мүлік салығынан босату, қосылған құн салығына жеңілдіктер көзделген.  Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Сізден кітап өндірісі мен баспа ісі, киноөндіріс салалары бойынша отандық компаниялардың аймақ режимінде жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыруды және осы мәселені нормативтік құқықтық реттеу жөнінде тиісті шаралар қабылдауды сұраймыз»,-  деді сенатор.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қараша 2018 г. 55 0