Жалған ақша жасаған Өзбекстан азаматы сотталды

Қызылорда қаласында жалған ақша жасаған 22 жастағы қызылордалық және 24 жастағы өзбекстандық азамат бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл қылмыстық оқиға Қызылорда қалалық №2 сотында қаралды. Екі жігіт заңсыз банкноттарды түрлі-түсті принтердің көмегімен жасап отырған. Олардың заңсыз әрекеті алысқа ұзаған жоқ. Жалған ақша жасаушылар тәртіп сақшыларының қолына түсіп, сот алдына келді. Аталмыш сот процесі үш айға созылған. Сот барысында олар 5 мың теңгенің нақ көшірмесін интернет арқылы тапқанын айтады. Оны кәде сый ретінде шығарғанын айтып ақталды. Дегенмен оны сот негізсіз деп тапты.
 «Күдіктілердің бұрын сотты болмағаны ескерілді. Олардың екеуіне де бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деді Қызылорда қаласы №2 сотының судьясы Балғабай Жаңабаев. Енді олар жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қараша 2018 г. 195 0