Сұранысқа сай мамандықтар ашылады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Елбасының халыққа Жолдауын насихаттау мақсатында аймақ көшбасшыларының баспасөз конференциясы өтті. Оған облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрсәуле Мұсаева, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы, дінтану магистрі Әлібек Жаппасбаев қатысты. 

Соңғы жылдары елімізде тұтынушылар құқығын қорғау саясаты белсенді түрде жүргізілуде. Бұған дейінгі Жолдауларда елді саяси және экономикалық тұрғыдан жаңғыртуға күш салып келсе, биылғы жолдау қазақстандықтардың әл-ауқатынының өсуін басты басымдыққа айналдырып отыр. Осы жөнінде өз ойын облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрсәуле Мұсаева білдірді.

– Елбасы Жолдауын халық ыстық ықыласпен қабылдады. Бұған дейінгі Жолдауларда ол елді саяси және экономикалық тұрғыдан жаңғыртуға күш салып келсе, биылғы Жолдау қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуін басты басымдыққа айналдырып отыр. Келесі жылдан бастап тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитеті жұмысын бастайтын болады. Бүгінде халық тұтынып отырған затының сапасына аса мән бермейді. Тұтынатын заттың сапасын көтеру арқылы адамдарың өмір сүру сапасын жақсартуға болады. Менің ойымша халықтың әл-ауқаты 2 нәрсеге мән берген жағдайда әлдеқайда жақсарған болар еді. Өзімізден шығып жатқан өнімдерді сапалы өндіріп, сол өнімдерді қайтадан өзіміз дұрыс пайдалана білуді үйренген жағдайда; өнімдерді, тауарларды, қызмет түрлерін пайдалануда тұтынушылардың құқықтарын қорғауды жолға қойғанда. Әр адам осы Жолдауды оқып, өзіне қажетті тұстарын «Мен не істей аламын?», «Отбасымның, көрші-көлемнің, жалпы халықтың өмір сүру жақсартуға қалай үлес қосамын?» деген сұрақтарға жауап іздей отырып, алған білімін өмірлік тәжірибеде іске асыра білуі керек деп ойлаймын", – деді Н.Мұсаева.

Сонымен қатар, баспасөз конференциясында «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманова және Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы, дінтану магистрі Әлібек Жаппасбаев Елбасы Жолдауына байланысты өзіндік пікірлерімен бөлісті.

– Елбасы әр жолдауында білім саласына үлкен көңіл бөледі. Мемлекеттік бағдарламалар мен бөлініп жатқан қаржылар соның айғағы. Жастардың заманға сай білім алуы — еліміздің болашағын жарқын ету жолындағы аса маңызды іс. Елбасы бұл мәселеге әрдайым көңіл бөледі. Оның «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау жөніндегі ұсынысын педагогтар қауымы зор ризашылықпен қарсы алдық. Бұл ұсыныстың нақ «Ұстаздар күні» қарсаңында айтылуы да ерекше қуантады. Педагог мәртебесінің өсуі жастарға білім және тәрбие беру бағытындағы жұмыстарға үлкен серпіліс, оң өзгерістер әкеледі деп ойлаймын, – деді С. Әбдірахманова.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы, дінтану магистрі Әлібек Жаппасбаев университетте «Ақпараттық қауіпсіздік» және органикалық және бейорганикалық химия сынды жаңа мамандық ашылғанын айтты.

– Еңбек нарығындағы сұранысқа ұсыныс сай келуі керек. Осы ретте жергілікті оқу орындарында қажетті мамандар даярлануы тиіс. Білім ордасында алдағы уақытта жаңа мамандықтар бойынша сұранысқа ие мамандар оқытылатын болады, – деді ол.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 қазан 2018 г. 239 0