ҚЫТАЙ ХАЛАЛ ӨНІМГЕ ҚАРСЫ

Қытай билігі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында "исламның зайырлы қоғамға кірігіп, экстремизмді қоздыруының" алдын алу үшін халал өнімдермен күрес бастады. Бұл туралы Reuters агенттігіне сідлтеме жасаған Азаттық радиосы хабарлады. Шыңжаңда ислам дінін ұстанатын аз ұлттар, оның ішінде қазақ, ұйғыр, қырғыз, татар және дұнғандар тұрады.

Пекин соңғы бірнеше жылда аймақта "сепаратистермен және экстремизммен күрес" кампаниясын жүргізіп жатыр. БҰҰ мәліметінше, "саяси үйрену лагері" деп аталатын орталықтарда бір миллионға дейін мұсылман күшпен ұсталып отыр. Құқық қорғаушылар мұндай орталықтардағы тәртіп түрмедегідей деп санайды.

Қазанның 8-інде Үрімжідегі коммунистік партияның жетекшісі шенеуніктерді діннен бас тартып, марксшіл идеологияны ұстануға және қоғамдық орындарда тек қытай тілінде сөйлеуге шақырған. Үрімжі билігінің WeChat әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында жарияланған мақалада мемлекеттік қызметкерлер әлеуметтік желіде "Мен марксизм-ленинизм идеяларына сенемін... Мен туды жоғары ұстап жүруге, өз принциптеріме адал болуға, "халал тенденциясымен" соңына дейін, тіпті өле-өлгенше күресуге тиіспін" деген мазмұнда ант беруге міндеттелген.

Бұл құжатта сонымен қатар мемлекеттік қызметкер қандай да бір диета ұстамауы тиіс екені айтылған. Мәлімдемеде көрсетілгендей, шенеуніктер "түрлі елдердің тағамдарын татып көру үшін" мемлекеттік мекемелер асханаларының мәзірі өзгеріп тұрады.

БҰҰ-ның тамыз айында жариялаған баяндамасы бойынша, Шыңжаңдағы исламды ұстанатын этникалық топтарға қатысты қатаң шектеу қойылған. Аз ұлттар өкілдерінің бет-әлпетін жауып тұратын киім киюіне, сақал қоюына тыйым салынып, шетелдегі туыстарымен байланысып тұрғандар немесе діни мерекелерде әлеуметтік желілерде оларды құттықтағандар "саяси қайта үйрену орталықтарына" жабылып жатыр.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қазан 2018 г. 241 0