Елімізде «Махаббат, қызық мол жылдар» атты телехикая түсіріледі

Алдағы жылы жазушы Әзілхан Нұршайықов романының желісі бойынша «Махаббат, қызық мол жылдар» атты телехикая түсірілмек. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «Astana Media Week» кезінде «MG Production» кинокомпаниясының бас продюсері Ернар Мәліков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кезінде Абай атамыз «Құдай-ау, қайда сол жылдар, махаббат, қызық мол жылдар, ақырын ақырын шегініп, алыстар кетті-ау құрғырлар» деп жырлағандай, осы төрт жол өлеңді бетке ұстай отырып, марқұм болған Әзілхан Нұршайықов ағамыздың «Махаббат, қызық мол жылдар» романы бойынша он сериялық телехикая түсіруге дайындық жасап жатырмыз. Неге десеңіздер, заман қалай өзгерсе де, адамның тұрмыс-салты мың түрленсе де, пенденің ішкі дүниесі өзгермейді. Бүкіл әлемді ұстап тұрған - махаббат. Махаббат - қыз бен жігіттің арасындағы ыстық сезім ғана емес. Одан бөлек,  Отанға, ел мен жерге деген махаббаттың бар екенін білеміз. Шынайы махаббат туралы кино қоғамға идеологиялық серпін берер деген ойдамыз. Бәрі бекітілетін болса, «Махаббат, қызық мол жылдар» тележобасын келесі жылы бастамақ ойымыз бар», - деді Ернар Мәліков.
Оның айтуынша, елімізде дарынды жастар аз емес. Сондықтан, кинокомпания өкілдері әйгілі актерлерді айналып өтіп, облыс-облыстарға телеэкспедиция жасап, тасадағы таланттарды іздемек. «Махаббат, қызық мол жылдар» тележобасындағы басты кейіпкер Меңтай мен Ерболды сомдайтын актерлерді компания өкілдері осылай табуды көздеп отыр.
Еске сала кетсек, Елордадағы «Қазмедиа» орталығында «Astana Media Week» қазақстандық медиа-апталығы өтіп жатыр. Үш күнге созылатын айтулы шараның басты тақырыбы - DIGITAL MEDIA.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қыркүйек 2018 г. 124 0