Емханаға тіркеуде өзгерістер бар

 Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова мен «Медициналық әлеуметтік сақтандару қоры» Коммерциялық емес АҚ облыстық филиалы директоры Бақыт Исмағамбетовтің қатысуымен брифинг өтті. Онда сала басшылары республика бойынша ағымдағы жылдың 15 қыркүйегі мен 15 қараша аралығында емханаға тіркеу науқанының жүргізіліп жатқаны жөнінде баяндады.

Сала басшыларының айтуынша, екі айға созылатын науқан қызмет алып жүрген емханасының жұмысына көңілі толмайтын азаматтарға емхананы ауыстыруға мүмкіндік береді. Мәселен, өткен жылы осы шара аясында облыстың 750 мыңнан астам тұрғыны емхана таңдау құқығын пайдаланған. Сондай-ақ, аталған кампания аймақта қызмет көрсету үшін жаңадан қосылған медицина ұйымдарының келер жылы мемлекеттік тапсырыс алуына жағдай жасайды екен.

Белгілі болғанындай, биылғы тіркеу тәртібіне үш өзгеріс енгізілген. Біріншіден, бастапқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастырудың негізгі қос принципін іске асыруға жағдай жасалып отыр. Ол – отбасылық қызмет көрсету принципі мен емхананың жақын маңда болу принципі.

Отбасылық қызмет көрсетудің мәніне тоқталған мамандар отбасылық дәрігер отбасы мүшелерінің қандай аурулармен ауыратынын және қандай инфекцияларға бейім екенін жақсы білетінін және ем-домы да тиімді болатынын айтты. Сондықтан бір маманға қанша ұзақ қаралсаңыз, денсаулығыңызға жасалатын бақылу да нәтижелі болмақ.

Ал, бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің қолжетімділігі принципіне келсек, таңдаған емхананың үйге жақын маңда болғаны дұрыс. Бұл отбасында біреу ауырған жағдайда дәрігерлердің жедел көмек көрсетуіне мүмкіндік береді.

Жаңа тәртіп бойынша, 1 жалпы практика дәрігеріне түсетін жүктеме 1700 адамнан аспауы тиіс. Бұрын бір дәрігер 2000 адамға қызмет көрсетуі тиіс болатын. Бұл жаңа аймақтардың ашылуына түрткі болуда.

– Облыс көлемінде 19 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы тіркелген. Былтыр 34 аймақ жаңадан ашылған болатын, биыл 21 аймақ ашу жос­парлануда. Осылайша жүктемені азайту көзделіп отыр,– деді А.Әлназарова.

Үшіншісі, ерікті медициналық сақтандыру туралы келісімшарты бар азаматтардың емханалар желісіне тіркелуіне мүмкіндік беру. Бұл, әсіресе, ылғи іс сапарда жүретін немесе вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар үшін өте қолайлы болмақ. Енді ерікті медициналық сақтандыру полисі бар азаматтар бір желіге кіретін кез келген емхана қызметін пайдалана алады.

Емханаға тіркелу үшін азаматтың жеке куәлігі мен бас дәрігердің атына өтініш жазуы жеткілікті. Отбасының өзге мүшелерін тіркеу үшін олардың жеке куәліктері мен жазбаша келісімі қажет. Ал, 18 жасқа толмаған тұлғаларды тіркеу үшін ата-аналардан жеке куәлік пен баланың жеке құжаты талап етіледі.

2018 жылғы 1 қыркүйектегі дерек бойынша бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарында 760017 адам тіркелген, оның ішінде ауыл тұрғындары – 445 058.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 қыркүйек 2018 г. 189 0