Құрылысшылар құрметке бөленді

Құрылысшылар күні мерекесіне орай бүгін Жалағаш ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жағыпар Тажмаханов сала ардагерлерін және құрылыс саласында еңбек ететін бірқатар сала мамандарын қабылдап, атаулы мерекемен құттықтады.
Құрылысшылар қауымының қай қоғамда да алатын орны, атқаратын қызметінің ерекше екендігіне тоқталған аудан әкімінің міндетін атқарушы Жағыпар Айтбайұлы:  
- Жыл сайынғы атап өтілетін дәстүрлі мереке – Құрылысшылар күнін аудан құрылысшылары да толағай табыстармен қарсы алып отыр. Ауданымыздың экономикалық жағдайы мен халықтың әл-ауқатын жақсартуда соңғы жылдары көптеген елеулі істер атқарылуда. Биылғы жылы Жалағаш кентінде аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты, Мырзабай ахун ауылдық округі әкімдігінің әкімшілік ғимараты, тіректі елді мекен болып саналатын Мәдениет ауылында 90 орындық балабақша, 150 орындық ауылдық клуб, спорт кешені бой көтеріп, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, аудандық «Иманқұл» мешітіне жаңа ғимарат пен асхана құрылысы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бұрынға автобаза мекемесінің ғимараты спорт кешені ретінде қайта жаңғыртылуда - дей келе, осы салада еңбек етіп жүрген барша қызметкерлерді құрылысшылар күнімен құттықтады.
Кездесуде «Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы» Шәріп Қабылбаев, сала ардагерлері Базарбай Наурызбаев, Болатбек Жәнібеков, Бағдат Құлтанұлы сөз алып, ізгі лебіздерін, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Кездесу соңында бірқатар сала ардагерлері және құрылыс саласында еңбек ететін қызметкерлерге аудан әкімінің құттықтауы, алғыс хаты табысталып, құрмет-қошеметке бөленді.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 тамыз 2018 г. 53 0