Қазақстан ЖОО мамандықтарының рейтингі жасалды

Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламасы рейтингінің бірінші кезең аясында 33 мамандықтың рейтингі жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұловтың атап өтуінше, зерттеу жұмысқа орналасқан түлектер пайызы мен олардың орташа еңбекақысы, бағдарламаның өзектілігін бағалау, сондай-ақ түлектердің сауалнама қорытындысы маңызды өлшем болатын әдістемеге сәйкес жүргізілді. Сонымен қатар, салалық сарапшыларды қатыстыра отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұндық алшақтығы бағаланып, талданды. «Құрылыс» мамандығы 35 жоғары оқу орнында бар екені анықталды. Бұдан бөлек, Орталық Азия университеті, Каспий қоғамдық университетіне іс жүзінде тәжірибесі бар оқытушыларды іздестіруге көп көңіл бөлуге кеңес берілді. 

Таратылған мәліметтерге қарағанда, еліміз бойынша жоғары еңбекақы «Мұнай-газ ісі» мамандығында тіркелген, орташа еңбекақы  - 250 000 теңге. Ал ең төменгі еңбекақы «Биотехнология» мамандығын тәмамдаған ( орташа еңбекақы - 70 000 теңге) түлектер үлесінде. Сонымен қатар, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі алғашқы жылы жұмысқа орналасу дерегі де маңызды. «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша білім алған түлектерде үздік көрсеткіш 84 пайыз болса,  «Биотехнология» мамандығын бітірген түлектердің жұмысқа бірден орналасу көрсеткіші төмендеу, яғни 56 пайызды құрайды. Айта кетейік, осы жылдың соңына дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 50-ден астам мамандықтың рейтингін ұсынатын болады. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын (бакалавриат) бағалау жұмысын бірлесе атқарып отыр.  


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 шілде 2018 г. 42 0