Қызылордада ағылшын тілінде сабақ беретін ұстаздар көбейді

Қызылорда облысында білім жүйесіндегі ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу бағытында оң нәтижеге қол жетіп отыр. Бүгінде Сыр өңірінде ағылшын тілінде сабақ беретін ұстаздар қатары көбейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде Елбасының «Ұлт Жоспары - «100 нақты қадам» бағдарламасының 79-қадамында көрсетілген. Облыстық білім басқармасы  2016 жылдан бастап осы бағытта алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізді. «Оқушылары ағылшын тілін жоғары деңгейде жетік білетін білім беру ұйымдарының жұмысына сараптама жасалды. Нәтижесінде Назарбаев зияткерлік мектебі, үш тілде оқытатын мамандандырылған «Мұрагер» мектебі, «Білім-Инновация» лицейлері, №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернат «мамандандырылған білім беру ұйымдары» болып есептелген. Бұл білім ұйымдарында ағылшын тілі пәніне бөлінген қосымша сағаттар да тереңдетіп оқытуға бөлінген сағаттар есебінен қаралған. Нәтижесі жаман емес. Оқушылар халықаралық ғылыми жоба жарыстары мен пәндік олимпиадаларда тұрақты түрде алдыңғы қатардан көрініп жүр», - дейді облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова. Өңірде педагогтардың біліктілігін арттыруға да баса мән берілген. 2016 жылдан бастап жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндердің мұғалімдері ағылшын тілі бойынша курстардан өтуде. Атап айтқанда, 2016 жылы - 45 мұғалім, өткен жылы - 649 мұғалім курстан өткен. 

Ал ағымдағы жылы олардың 406-ы келесі деңгей бойынша біліктілігін арттыруда. Пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшкен мұғалімдердің жалақысына 30 мың теңге қосымша ақы төленеді. 2021-2022 оқу жылында облыстағы жалпы орта білім беретін 260 мектептің (бастауыш, негізгі мектептерін қоспағанда) 201-і яғни 77% ағылышын тілінде оқытуды енгізуді қолға алғалы отыр. «Өрлеу» біліктілікті арттырудың Ұлттық Орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты тарапынан да оң істер атқарылып келеді. Облыста 1471 ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері бар. Олардың  43,2%-ы аталмыш институтта біліктіліктерін арттырды.  Соңғы үш жылда курстан өткен 635 ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің 5,7%-ы жоғары, 22,2% -ы бірінші санатты ұстаздар. Институттағы мониторинг және сараптау бөлімі мамандарының жүргізген сауалнамалары өткізілген 36 курстың оқыту сапасының орташа көрсеткіші 10 баллдық жүйе бойынша 9,89 балл құрап отыр.   

Фото: kazpravda.kz


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 шілде 2018 г. 188 0