Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Бұл аптада ҚР Президенті Іс Басқармасының және «Азаматтарға арналған үкіметтің» жаңа орынбасарлары тағайындалды. Одан бөлек, Қазастанның ірі компанияларында, жергілікті мемлекеттік органдарында, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде де кадрлық ауыс-түйістер болды. «ҚазАқпарат» ХАА 16-21 шілде аралығында болған Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындауларға шолуын ұсынады. 


Мемлекет басшысының Өкімімен Қанат Бейбітұлы Шөкенов Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары қызметіне тағайындалды. Қанат Бейбітұлы 1981 жылы туған, жоғары білімді, Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының Ақмола филиалын заңгер мамандығы бойынша және Тұран-Астана университетін бітіріп, қаржы бакалаврі дәрежесін алған. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистранты. ҚР Президенті Іс басқармасы жүйесінде 2004-2008 жылдары қызмет атқарған. 2008-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының сектор меңгерушісі, ресми іс-шаралар мен сыртқы байланыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болған. 2013-2017 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы ресми іс-шаралар мен сыртқы байланыс бөлімінің меңгерушісі. 2017 жылғы маусымнан осы тағайындауға дейін Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы болды.

***
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басшылығының құрамында бірқатар өзгерістер болды. Басқарма төрағасының орынбасарлары Ғалым Қарқынбаев пен Қаңтар Орынбаевтың орнына Дастан Жантелиев пен Оксана Винник тағайындалды. Дастан Темірәліұлы Жантелиев 1985 жылы дүниеге келген. Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің «Тау машиналары және жабдықтаушы - инженер» мамандығы бойынша түлегі. Сондай-ақ, қоныстандырушы магистрі және қаржыгер, заңгер дипломдарының иесі. Еңбек өтілін 2009 жылы «МемжерҒӨО» РМК-да қоныстандырушы-техник болып бастаған. «МемжерҒӨО» РМК құрылымында Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша, сонымен қатар мекеменің орталық аппаратында басқарушы лауазымдарды атқарған. 2016 жылдан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Алматы қаласы бойынша филиалы - Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментінің директоры, трансформациялаудан кейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» Алматы қаласы бойынша филиалының директоры болған. 2018 жылдың шілде айынан бастап «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. Винник Оксана Викторовна 1977 жылы дүниеге келген. 1998 жылы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін «Мұнай және газ өнеркәсібіндегі қаржы менеджері» мамандағы бойынша тәмамдаған. Еңбек өтілін 1998 жылы «ҚазГерМұнай» мұнай компаниясынан бастаған, 2007 жылы коммерциялық құрылымда, қаржылық, әкімшілік-заңгерлік мәселелермен айналысып, басқарушы лауазымдарда жұмыс істеген. 2016 жылдың қазан айында «Казахстанская правда» Республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2018 жылдың шілде айында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Басқарма төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.


***
 Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Теңізшевройл» ЖШС, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» (NCOC), «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» (ҚПО) операторларымен ықпалдастық және мұнай сервисін дамыту жөніндегі ресми өкілі болып Асылбек Жақиев тағайындалды. Асылбек Жақиев 1984 жылғы 8 мамырда Атырау қаласында туған. КИМЭП-ті бітіріп, әлеуметтік ғылымдардың бакалавры дәрежесін алды. Тренто (Италия), Регенсбург (Германия), Корвинус (Венгрия) университеттерінде «Салыстырмалы локальдық даму бойынша Еуропа біріккен магистратурасы» бағдарламасымен оқып, магистр дәрежесін алған, сондай-ақ Женева халықаралық қатынастар институтында (Швейцария) оқыған. «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Әр жылдарда «Аджип ККО» компаниясында, «Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ-та жұмыс істеген, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Атырау облысындағы өңірлік консультанты болған, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде, Атырау мұнай және газ университетінде сабақ берген, Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Атырау облыстық филиалының директоры болған. 2013 жылдан 2018 жылға дейін Атырау облыстық Кәсіпкерлер палатасын басқарған.

 ***
«Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ төрағасы болып Дияс Асқарұлы Жәнібеков тағайындалды. Дияс Жәнібеков 1984 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін құқықтану бакалавры, «Ла Сапиенца» Рим университетін әлеуметтік ғылым және гуманитарлық қатынас магистрі, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін экономика бакалавры бойынша бітірген. Әр жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің жетекші маманы, сарапшысы, БҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары, басшысы, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі активтерді басқару департаменті директорының орынбасары, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. Бүгінге дейін «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ төрағасының орынбасары болып жұмыс жасады. *** Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 16 шілдедегі бұйрығымен Шакқалиев Арман Абайұлы ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Арман Шакқалиев Қарағанды облысы, Балқаш қаласында 1977 жылы туған. М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін «Стандарттау, сертификаттау және метрология» мамандығы бойынша, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін - «Заңгер» мамандығы бойынша, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін - «Экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Ақмола облысы және Астана қаласында «Кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру және тарату агенттігі» АҚ заң кеңесшісі қызметінен бастаған. ҚР Мемлекеттік материалдық резервтер агенттігінің «Резерв» РМК бөлімінің бастығы, ҚР Қаржы министрлігінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаментінің директоры қызметтерін атқарды. Техникалық реттеу жүйесінде 2004 жылдан бастап «Қазақстандық метрология институты» РМК директоры болып жұмыс істеді. 2008 жылдың маусымынан 2016 жылдың сәуіріне дейін «Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметін атқарды. 2016 жылдың сәуір айында Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры болып тағайындалды.

 ***
 Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып Бауыржан Айнабеков тағайындалды. Бауыржан Айнабеков 1971 жылы 25 желтоқсанда Алматы облысында дүниеге келген. 1994 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауылшаруашылық институтын «экономика және АӨК саларындағы басқару» мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ, Алматы үздіксіз білім беру институтында «құқықтану» мамандығы бойынша білім алып, оны 2007 жылы тәмамдаған. 1994 жылдан бері қаржы жүйесінде қызмет атқарып келеді. Салық инспекторынан департамент басшысына дейін көтерілген. *** Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астанадағы департаментіне жаңа басшы болып Жазира Жылқышиева тағайындалды. Жазира Жылқышиева - Қызылорда облысының тумасы. Қызылорда педагогикалық институты физика-математика факультетінің түлегі, сондай-ақ «Болашақ» университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Жалағаш ауданындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. Түрлі жылдары Қызылорда облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқармасында бас маман, бөлім басшысы; Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары; Қызылорда облысы әкімдігінің аппаратында кадр жұмысы бөлімінің басшысы; Қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы; ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облыстық әдеп кеңесінің төрайымы қызметтерін атқарған. 2016 жылдың қарашасынан - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің әдеп кеңесі хатшылығының меңгерушісі - департамент басшысының орынбасары болып жұмыс атқарды. «Астана - адалдық алаңы» жобасына жетекшілік етеді.

 ***
 Ақтөбе облыстық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы болып Айбек Сағиев тағайындалды. Айбек Сағиев 1974 жылы Темір ауданында туған. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін және Қазақ-орыс халықаралық университетін экономист және заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1990 жылы бастаған. 1997 жылы мемлекеттік қызметке ауысқан. 1997 жылдан 2008 жылға дейін Ақтөбе облыстық қазынашылық басқармасында, Ақтөбе өңірлік Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінде түрлі лауазымдарды атқарған. 2008-2010 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Ақтөбе қаласындағы Өңіраралық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментін басқарған. 2010 жылдан 2013 жылға дейін Ақтөбе облысының Қарғалы, Алға аудандарының әкімі болды. 2013 жылғы шілдеден 2016 жылға дейін «Ақбұлақ» АҚ президенті болып қызмет атқарды. 2016 жылдың қаңтарынан желтоқсанына дейін «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды. Сонымен бірге, бұл аптада Түркістан облысының Келес, Жетісай және Мақтаарал аудандарына жаңа әкімдер тағайындалды. Тағайындаулардың толық тізімін ҚазАқпараттың арнайы айдарынан көруге болады.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 шілде 2018 г. 186 0