«Қайрат» пен «Тобыл» Еуропа Лигасындағы жеңісін Денис Тенге арнады

Алматылық «Қайрат» пен қостанайлық «Тобыл» командалары қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің отбасына көңіл айтты. Сондай-ақ олар өздерінің Еуропа Лигасындағы жеңістерін Дениске арнайтындықтарын жеткізді, деп хабарлайды Sports.kz.

«Бүгін көкірегіміз орны толмас өкінішке толды. Сочиде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 25 жасында қаза болды. «Қайрат» футбол клубының мүшелері Денистің отбасы мен туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады және бүгінгі жеңісін Денистің құрметіне арнайды. Ол өзінің табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында Қазақстанды әлемге танытты», - делінген «Қайрат» командасының Instagram парақшасында.

«Өмірден өз ісінің хас шебері озды. «Тобыл» командасы Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты қазақстандықтардың қайғысына ортақ. Денис Тен мемлекеттер достастығының символы іспеттес еді, ол дарынды спортшы, Қазақстанның мақтанышы болатын. Қайғылы жағдай бәріміздің де қабырғамызды қайыстырды. Біз жеңісімізді Денис Теннің құрметіне арнаймыз»,-делінген «Тобыл» командасының хабарламасында.

Айта кетейік, 19 шілде күні Алматыда елдегі ең дарынды, спортсүйер қауымға кеңінен таныс, танымал спортшылардың бірі Денис Тен жамбасынан пышақтан жарақат алды. Дәрігерлер қаншама арпалысқанымен оның өмірін аман алып қала алмады.

Денис Теннің қазасы бүкіл Қазақстанді дүрліктірген қайғылы оқиға болды. Елбасы танымал спортшының отбасына көңіл айтты. Qazsport телеарнасы осы оқиғаға байланысты хабар барату кестесін өзгертті. ISU президенті Ян Дайкема Денистің қазасын жантүршігерлік оқиға деп бағалады.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 шілде 2018 г. 101 0