Сенімді туроператорлардың тізімі жарияланды

 "Туристік қамқор" жүйесіне қатысатын турагенттіктердің бәрі тұтынушылар жолдама сатып алған кезде туркод беруге міндетті.

“Туристік қамқор” корпоративтік қоры қазақстандықтарға шетелге барып демалу үшін жолдамаларды сенімді, яғни азаматтардың құқығын қорғауға кепілдік беретін туроператорлардан сатып алуға кеңес береді.

Қордың баспасөз хатшысы Рауан Есқалидің айтуынша, азаматтар шетелге шықпас бұрын өзі тоқтайтын қонақүй бронін, елге кері қайту билеті мен туркодты мұқият тексеріп алғаны абзал.

“Туристік қамқор” жүйесіне қатысатын турагенттіктердің бәрі тұтынушылар жолдама сатып алған кезде туркод беруге міндетті. Ол үшін қосымша төлем алынбайды, әр турист үшін 0,5 АЕК көлемінде ақыны қордың өзі төлейді.

Туристік код қаріптік-сандық 11-13 (шығатын елге қатысты) символдан тұрады. Ол әр жолдаманы рәсімдеген кезде автоматты түрде беріледі. Турист оқыс жағдайға тап болған кезде қорға хабарласып, туркодын айтуы керек және тәулік бойы шұғыл көмек ала алады.


“Туркод жеке парақпен немесе жолдамаға жазылып берілуі мүмкін. Олай болмаған жағдайда туроператордың қызметі заңсыз деп танылады және сіз олардың қызметіне күмәнмен қарап, бірден бас тартуға құқылысыз”, – дейді Рауан Есқали.


Келеңсіз жағдайға ұшыраған кезде туркод Қазақстан азаматтарының ең жақын уақыттағы рейспен елге аман-есен оралуына кепіл бола алады. “Туристік қамқор” корпоративтік қорына әзірше 56 туроператор мүше. Сенімді туроператорлардың толық тізімін мына жерден көруге болады.

Шетелге шығу туризмі аясында азаматтардың құқығына кепілдік беретін “Туристік қамқор” жүйесі 2016 жылдың қарашасында заңнамалық деңгейде енгізілді. Бүгінге дейін 460 мыңнан астам азаматқа туристік код берілген.


baribar.kz
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 шілде 2018 г. 77 0