Қызылордада 96 жастағы кейуана қолөнермен айналысады

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында тұратын Өтеш Тасжүрекқызын жергілікті жұрт ең егде қолөнер шебері ретінде бағалайды. Үстіміздегі жылы 96 жасқа толған кейуана әлі күнге дейін түскиіз басу ісінен қол үзген емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қолөнер шебері ерте кезден-ақ ұлттық өнердің қасиетін сезініп, оның қыр-сырын жетік біліп өсті. Беріде өзі де қаншама құнды дүниелерді жасап, елдің алғысына бөленді. Кейуана жасаған заттарды көрген жұрт жоғары бағасын беріп, кейбірін аттай қалап сұрап алып жататын еді. Үй қабырғасын сәндеуге арналған түскиіз кезінде жоғары бағаланатын. Табиғи дүниелерден жасалатын ол әрбір үйдің төрінен табылушы еді. Дегенмен қазір оған сұраныс бұрынғыдай емес.«Кезінде түскиіз - сәндік үшін төсектің тұсына ұстайтын үй жиһаздарының бірі еді. Көбінесе төсек тұсына ұсталатын болғандықтан түскиіз аталған. Түскиіздің шеті түрлі-түсті жіппен өрнектеліп кестеленген барқыт, мәуіті, шұға секілді  бір түсті матамен көмкеріледі. Ортасында үйлесімді жібек, мақпал, қымқап секілді маталар салып киізбен астарлайды. Кейде ақ киіздің бетіне түгелдей қызыл, сары, көк түсті ою жапсырады.

Ертеректе түскиіздің қызыл былғарыны күміспен әшекейлеп жасаған түрі де болған. Түскиіздің кестесі көбінесе біртұтас мазмұндағы бірнеше өрнектен тұрады. Атап айтқанда, олар мүйіз, гүл, жапырақ, шырмауық, түйетабан, алқа секілді ұнамды үйлескен тұтас желісі жасалады. Сол арқылы түрлі-түсті жіппен, ішінара меруерт, маржанмен тігіледі», - дейді қолөнер шебері.Қашанда қонақжай қалпынан жазбаған қазақ халқы оған арналған арнайы киіз үй жасақтаған. Бұл үйдің жасау-жабдығына да ерекше көңіл аударылып, өте сәнді бұйымдар қойылған. Солардың қатарында түскиіз де бар.

«Қазір бұл дүниеге жеткілікті түрде мән бере алмай келеміз. Бұл бұйымдарды заманға сай жасап шығуға назар аударғанымыз дұрыс. Сонда жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихататай аламыз», - дейді әжей.Жақында кейуана Астананың 20 жылдығына орай ұлттық құндылықтарды дәріптеген арнайы шараның қонағы болды. Онда түскиіз жасау, бау тоқу секілді дүниелерді жастардың назарына ұсынды. Шара барысында күбі шайқау, келі түю, диірмен тарту, ши тоқу, құрт жаю секілді тұрмыстық жұмыстарды қолмен жасап көрсетті.

inform.kz
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 шілде 2018 г. 210 0