Әріптесіміз Абай Тағыберген лауреат атанды

Республикалық қоғамдық-әлеуметтік, ғылыми-көпшілік «Ұстаз мәртебесі» газетінің жауапты хатшысы Абай Тағыберген Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымдарының 10 жылдығына орай өткен республикалық журналистер байқауында лауреат атанды.

ХХІ ғасырдағы қазақстандық мектептерге ақпараттық қолдау көрсету, үздік отандық және халықаралық тәжірибені біріктіретін инновациялық мектептер құру, қазақ мектептерін әлемдік білім кеңістігіне біріктіру – журналистік конкурстың басты мақсаты.

Байқауда журналистер білім саласының жаңашыл жүйесіне қатысты талдамалы мақалалар жазған. «Жаңа заманның жаңғырған мектебі» тақырыбын арқау еткен конкурсқа жалпы елдің әрбір аймағынан 50-ге жуық журналист бақ сынасқан.

Сөз бәйгесінде өзгелерден оқ бойы озық шығып, қаламының қарымды екенін дәлелдеген Абай Тағыберген үздіктердің қатарынан көрініп, марапатқа лайық деп танылды. Айта кету керек, үздік жүлделі үш орынмен қатар 5 аймақтың журналистері арнайы лауреат дәрежесін еншілеген.

Байқау қатысушылары «Жаңа заманның жаңғырған мектебі» шығармашылық конкурсын жыл сайын өткізіп тұруға ұсыныс білдірді. Олар білім беру саласында мамандандырылған журналистерге, соның ішінде кәсіби сайыстар мен тақырыптық тренингтерге арналған бәсекелестік ортаны құру қажеттілігін атап өтті.

Астанадан жеткен марапатты Қызылорда облысындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің жауапты мамандары табыстап, басылым тілшісіне ұйымдастырушылар тарапынан шығармашылық шабыт пен толағай табыстар тіледі.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 шілде 2018 г. 452 0