Негізгі ауыз су жүйелері жаңғыртылды

Облыс орталығындағы 17,3 шақырым ауыз су және кәріз су құбырларына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Былтыр 27 жоба жүзеге асырылса, биыл 13 жобаға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Жаз басталғалы қаладағы ауыз судың уақытша жиі тоқтатылуының себебі осы. Ал 4-шілде күні қаланың орталық су жүйелерінде ауыз судың не себепті болмағаны Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында түсіндірілді. 

– 4-шілде күні Ғ.Мұратбаев пен А.Иманов көшелерінің қиылысындағы ауыз су құбырына ашып-жабу ысырмасын орнату жұмыстары жүргізілді. Су 1,6-1,7 қысымға көтерілгендіктен ескі құбырларда және жеке тұлғалардың құбырларында ақау орын алды. Жібек жолы көшесіндгі ауыз су құбырының жарылуына байланысты күндізгі сағат 16.45 шамасында қала орталығына су беру тоқтатылып, жөндеу жұмыстары екі сағатқа жалғасты. Құбырларды сақтау мақсатында  су 1,3 қысымға төмендетілді. Көпқабатты тұрғын үйлердегі су қысымы көтерілсе, кейбір жеке тұлғалардың құбырында ақау орын алады. Зерттеу барысында, тұрғындардың көбі жоғары қысымға шыдамайтын, сапасыз құбыр орнатқанын білдік. Сондықтан тұрғындардың  мемлекеттік сертификаты бар құбырларды пайдаланғаны дұрыс, − дейді қала әкімінің орынбасары Берік Сарменбаев.

Сәуір айында басталған су құбырын жөндеу жұмыстары ораза кезінде саябырсыған. Қайта қарқын алған жаңғырту жұмыстары тамыз айына дейін жалғасып, түнгі мезетте ауыз су ажыратылуы мүмкін. «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Тілеуберген Қаныбетовтің айтуынша, қазір негізгі су жүйесі қалпына келтірілген, ал биылғы атқарылған жұмыс нәтижесінде қаладағы ауыз су құбырлары 80 процентке жаңартылатын болады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».  

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 шілде 2018 г. 480 0