Германияда оқығысы келетін қазақстандықтар үшін Альянс құрылды

Қазақстанның Германиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Германияда оқып жатқан қазақстандық студенттерінің VI форумы өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Форум қатысушылары өздерінің Германияға оқуға түсу және осында оқу тәжірибесімен бөлісіп, ГФР білім беру жүйесінің ерекшеліктері туралы айтты. Олардың айтуынша, Қазақстанның жас ұрпақтың шетелдегі кәсіби дамуын қолдау үшін барлық жағдай жасап жатқандығын айтты. Бұған Елшілік пен Германиядағы қазақстандық студенттер қауымдастығы бірлесе ұйымдастыратын түрлі шаралар, сондай-ақ білім беру мен біліктілікті арттыру саласындағы мемлекеттік бағдарламалар аясындағы үкіметтің жан-жақты қолдауын айтуға болады. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко студенттерді білім алудағы жетістіктерімен құттықтады және Мемлекет басшысының еліміздің жас ұрпағы мен сапалы білімге ерекше назар аударатынын ескере келе, бұны еліміз дамуының негізгі факторы және болшақ ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің кепілі деп санайтындығын айтты. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қалыптасу кезеңінде жас қазақстандықтардың шетелде сапалы білім алуын қолдау үшін іргелі негіз құру міндетін қойды»,- деді ол.


Р. Василенконың ақпаратына сәйкес, «Болашақ» бағдарламасы бойынша 25 жылдың ішінде 12 898 стипендия тағайындалды, бүгінгі күнге дейін гуманитарлық, инженерлік-техникалық, медициналық және шығармашылық мамандықтар бойынша 10 мыңнан астам маман дайындалды. Қазіргі уақытта 1 255 стипендиат білім алуда, оның 4,7%-ы құрлықтық Еуропаға тиесілі. «Сонымен қатар, өз күшімен оқуға түсіп, шетелде оқып жатқан қазақстандықтардың да саны көп, бұл жетістіктің көрсеткіші және ұлтымыздың гүлденуінің кепілі», - деді сөзін қорытындылай келе дипломат. Іс-шара барысында студенттер соңғы 26 жыл ішіндегі мемлекетпен қоғам дамуының көрінісін, Германияда оқу барысында алған білімді болашақта ел игілігі үшін жұмсау туралы ойларымен бөлісті. Қазақстанның Германиядағы Елшісі Болат Нүсіпов форум қатысушыларын алдағы Астана күні мерекесімен құттықтап, Астананың жас әрі гүлденген Қазақстанның нышаны, ал еліміздің жас ұрпағы әлемдегі қарқынды даму мен жаһандық интеграция үрдісі жағдайында Қазақстан мен оның елордасының әлемдік аренадағы маңызды рөлін түсінуі тиіс екендігін айтты. «Қазақстанның геосаяси жағдайы елдің заманауи жаһандық және аймақтық сын-тегеуріндерге уақытылы әрі дұрыс әрекет етуі тиіс екендігі баршамызға мәлім. Мемлекет басшылығының сыртқы саясаттағы сапалы бағытының нәтижесінде Қазақстан әлемдегі барлық мемлекеттермен, әсіресе басты әріптестеріміз, соның ішінде Германиямен достық әрі стратегиялық қатынас орнатуда», - деді Болат Нүсіпов. Елшіліктің қолдауымен құрылған Германиядағы қазақстандық студенттердің «KazAlliance» қауымдастығының көшбасшысы Расул Рахим ұйым қызметі туралы айтты. Оның айтуынша, Альянс жұмысы белсенді көрсетіледі және Германияға оқуға түсуді жоспарлап жүрген және осында оқып жатқан қазақстандық жастар үшін Германиядағы өмір мен білім алу туралы ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін сенімді пул болып табылады. Сондай-ақ, форумға ГФР білім беру мекемелері және халықаралық бағдарламалар орталықтарының өкілдері қатысты. Олардың айтуынша, қазақстандық студенттер ГФР-де оқып жатқандардың ішіндегі «білімді әрі мақсатшыл кластер» болып саналады. «Қазақстан мен Германия арасында ғылым және білім саласында, сондай-ақ жас мамандардың біліктілігін арттыру жөнінде ынтымақтастық орнатылған. Бұл тұрғыда Германияның «DAAD» академиялық алмасу қызметі мен «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының тығыз байланысын айта кеткен жөн», - деді неміс әріптестер. Айта кетсек, 1994 мен 2017 жылдар аралығында «Болашақ» бағдарламасы бойынша Германияда 300-ге жуық стипендиат білім алды. Қазіргі уақытта Германияда 300-ге жуық студент, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуда. Қазақстан үшін негізгі мүдделі бағыттар  - медицина және фармацевтика,техникалық ғылымдар және архитектура.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 шілде 2018 г. 416 0