ҚАЛА ТОЙЫНА ТОЛЫМДЫ ТАРТУ

 Облыстық көркемсурет галереясында  ресейлік суретші Әлібек Қойлақаевтың «Қорқыт даласы» атты жеке шығармашылық көрмесі басталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арналған шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Q MED «Сана-Сезім» ЖШС ұйымдастыруда. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, қылқалам шеберінің шығармашылығына табыс тіледі.

– Осыған дейін парсы, иран суретшілерінің шығармаларымен танысқан болатынбыз. Бүгін, міне, қазақ халқымен тарихы бір, бауырлас ноғай ұлтының өкілі, кәсіби суретші Әлібек Баймұратұлының туындыларына куә болып отырмыз. Әрбір картинка үлкен тарихпен астасып жатыр. Суретшінің басты ерекшелігі  суретті тушь пен қауырсын арқылы салуында. Бұл үлкен шеберлік пен дарындылықты талап етеді. Мұндай өнерді игерген талантты суретшіге тек шығармашылық табыс тілеймін, – деді Р.Рүстемов.

Ноғай суретшісі Әлібектің жұмыстарының басым көпшілігі тарихи тақырыптарға арналады. «Қорқыт даласы» көрмесінде абыз Қорқытты, Томирис ханшайым мен Абылайханды, Алтын адам, Қыпшақ қызы секілді тарихи туындыларды тамашалауға болады. Қауырсын мен тушь арқылы салынған графикалық жұмыстар ерекше әсер қалдырады. 

Танымал суретші бұған дейін Түркияның Анкара, Стамбул және Эскишехирінде, еліміздің Астана, Ақтөбе қалаларында өзінің жеке көрмесін өткізген.

– Қызылорда қаласына бірінші рет келуім. Халық өте қонақжай екен, өз елімде жүргендей сезіндім. Тарихымыз бен тілімізде ұқсастықтар өте көп. Менің шығармашылығыма қызығушылық танытып, шақырғандарына қуаныштымын. Мен көрмедегі туындыларым арқылы батыр, өр халықтың ұрпағы екенімді көрсеткім келді. Әрбір суретті саларда батырлар мен хандар жайлы жазбаларды зерттеп, олардың бітім-болмысын, мінез-құлқы жайлы мәлімет жинақтап барып, салуға кірісемін. Зерттеліп, зерделенген дүниеден жақсы бейне жасауға болады,  – дейді суретші.

Айта кету керек, көрме 14-24 маусым аралығында өтеді. Әлібек 18-маусымнан бастап жас суретшілер үшін галереяның ИЗО студиясында шеберлік сағаттарын өткізеді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 маусым 2018 г. 245 0