Пара алып ұсталған судьяға үкім шықты

Пара алып ұсталған Мақтаарал аудандық сотының судьясына қатысты сот үкімі шықты. Әл-Фараби аудандық соты  бұрынғы судьяны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қылмыстық істі қараған судья Еркебұлан Төлешов үйқамақта жүрген айыпталушыны сот залынан  қамауға алу туралы үкім шығарды.

«Ниязбеков Абай Жиенбекович ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігімен («Пара алу») кінәлі деп танылсын.  Осы бап бойынша мемлекеттік қызметте, судья қызметінде, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банкте және оның ведомстволарында, мемлекеттік ұйымдар мен ұлттық компанияларда, мемлекеттік үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдарда, ұлттық басқарушы холдингтер мен еншілес ұйымдарында лауазымды қызметтер атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып,  бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу белгіленсін», -деді судья Еркебұлан Төлешов. 

Жазаны өтеу мерзімі бүгін, 13 маусымнан бастап белгіленді. Ниязбековтың үйқамақта болған әр күні екі күн болып есептеліп, ол жаза мерзімінен шегерілді. Солай, экс-судья түрмеде 4,6 жыл отыратын болады.  

Еске салайық, Мақтаарал аудандық сотының бұрынғы судьясы биылғы 30 қаңтар күні 500 мың теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталған болатын. Сот барысында 33 жастағы судьяның параны мектеп директорынан хатшысы арқылы алғаны белгілі болды. Яғни ол сотқа талап-арыз түсірген мектеп басшысына көмектесуге уәде еткен.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 маусым 2018 г. 135 0