Қазақстанда «Отандастар» қоры жұмысын бастады

  Президенттің шетелдегі қазақтарды қолдау бойынша берілген тапсырмалары негізінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы жанынан «Отандастар» қоры құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қор шетелдегі және Қазақстан Республикасына көшіп келген этникалық қазақтарды қолдау мақсатында құрылған. Ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейтін болады», - деп хабарлады қауымдастықтың баспасөз қызметінен. 

Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелде тұрып жатқан отандастарымызға қолдау білдіру қажеттігін  атап өткен болатын. Елбасының осы тапсырмасы бойынша «Отандастар» қоры жұмысын бастады. Оның  негізгі міндеттері - шетелдегі және елімізге оралған қандастарымызға мәдени, білім беру және құқықтық салаларда қолдау көрсету.

«Отандастар» қоры акционерлерінің жиналысы барысында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков қордың Директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Ал қор президенті саяси және қоғам қайраткері Нұртай Әбіқаев болды.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 маусым 2018 г. 152 0