БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ – БІРЕГЕЙ БАСТАМА

БҰҰ Даму бағдарламасының бір­ыңғай жобасы шеңберінде Еуропалық Одақ қаржыландыратын «Қызылорда облысында оазистік суаруды көрсету» пилоттық жобасы  Арал өңірінің ауыл шаруашылығында тиімді су ресурстарын басқаруда жасыл технологияларды енгізуді көздейді. Сондай-ақ, су және энергиямен қамту шығындарын 29 млн теңгеге дейін азайтуға мүмкіндік береді. 

Осы пилоттық жоба   Жалағаш ау­да­­­нында таныстырылды. Баламалы энер­гияны пайдалану бағытындағы іс-шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, БҰҰ тұрақты үйлестірушісі, БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі ісінде уақытша сенімді өкілі Золтан Салаи және Германияның Қазақстандағы елшілігі   ісіндегі  сенімді өкілі Джо­натан Вайнберг қатысты.

Еуропалық Одақ тарапынан то­лық қаржыландырылатын, құны 7,1  миллион  еуроны құрайтын бұл  жо­­баның ерекшелігі – жа­сыл тех­нологияларды қолдану ар­қы­лы сор­таңданған жер­лерді ауыл­шаруа­шылық мақсаттарда пайдалануға бейім­дейді. Жобаны іс­ке асыруға аудандағы «Манақ баба» қожалығы таңдалды. Бұл орайда 9 озық «жасыл» технологияны қолдану фермерлік қожалығын толық­қанды да­мыту үшін таза сумен  және  электр қуатымен қамтамасыз ететін болады.

Әріптестік шарасында аймақ бас­шысы Елбасының алдағы уақытта жа­һанды күтіп тұрған 5 сын-тегеуріндер қатарында  базалық  ресурстардың, оның ішінде ауызсу мен суармалы су­дың тапшылығына баса назар ау­дарғанын атап өтті.

– Су ресурстарын пайдалануда біз су тапшылығының алдын алу үшін об­лыста бірқатар жұмыстарды қолға алып отырмыз. Мысалы, соңғы үш жылда Сырдария өзенінде екі үрлемелі су тоспасы салынды. Судың қорын тиімді пайдалану ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, 2018 жылдан бастап 3 млрд текше метр су жинайтын 6 су қоймасын салуды жоспарлап отырмыз. Осылайша біз, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту ар­қасында суды 20 процентке дейін үнемдеуге қол жеткізетін боламыз. Ал оазистік су­ару технологиясын енгізу – мал шаруашылығы мен өсімдік шаруа­шылығын қатар дамытып, жаңа кәсіп­орындарды ашуға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде, БҰҰ ДБ Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура жаңа технологияларды және тәсілдерді енгізу әртараптандыру мен еңбек өнім­ділігінің әлеуетін арттырудың көрнекі үлгісі болып табылатынын  атап өтті.

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі ісінде уақытша сенімді өкі­лі Золтан Салаи да біздің елімізді өте маңызды стратегиялық серіктес санай­тынын  айтып өтті.

– Өңірлердегі жұмыс біздің страте­гиямыздың басты элементі болып табылады. Біздің жоспарымыз – өңір­лермен, соның ішінде Қызылорда об­лысымен түрлі даму банктері арқылы жаңа форматта жұмыс жасау. ЕО қаржылық қолдауымен іске асырылып отырған бұл жоба – жасыл экономика саласындағы жұмыстарды табысты жүзеге асырудың бір көрінісі, – деді ол.

Жоба жайында толығырақ айтсақ, «Манақ баба» қожалығына күн сәулелік және жел  электрстанциясынан тұ­ра­­тын, күн сәулесін және жел мас­саларының қозғалысын электр энергиясына түр­­лендіретін гибридті құрылғы орна­тылды. Бұдан алынған энергия тұрмыстық тұтынуға және фермерлік қажеттіліктерге пай­да­ла­нылады. Ар­найы сорғыш шаруа қо­жалығының аумағында орналасқан ұңғымадан суды үлкен көлемді ыдысқа, тәуліктік реттеу бассейніне тартады. Ал бассейнге жиналған су тармақтың көмегімен белгіленген аумаққа бір­келкі үлестіріледі. Осмотикалық құ­рылғымен қайта тазартылатын су ауыз суға, сондай-ақ плантацияларды суаруға пайдаланылады.

Жоба нәтижесінде шамамен 5 гектар сортаңданған жер қалпына келтірілсе, оның 3 гектары алма бағы, ал қалған бөлігіне басқа да көкөніс дақылдары өсіріледі.  Әлемдік тәжірибеде бизнестің бұл түрінің табыстылығы 7%-ті құрайды. Өз кезегінде бұл жоба Сыр өңірінде жасыл технологияларды пайдалану арқылы баламалы энергия үлесін арт­тыруға септігін тигізетін болады.

Айта кетейік, шара қонақтары мем­­лекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Таң ЛТД» ЖШС 200 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіп, пайдалануға берген 90 орындық «Таң бөбегі» балабақшасында болып, бүгінгі тіршілік тынысымен танысты. Мұнда 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

                                                                                           

 Ғазиза ӘБІЛДА,

                                                    «Сыр бойы».

Жалағаш ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 маусым 2018 г. 209 0