ЭКОЛОГТАРҒА – ЖАҢА ТЕХНИКА

А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне және Қоршаған ортаны қорғау саласының құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті.

Алдымен қатысушылар наза­рына Сыр өңірінің экологиялық мәселелері мен оларды шешу бағытында ат­қарылып жатқан жұмыстар жайын баяндаған бей­нетүсірілім ұсынылды.

Мұнан соң аймақ басшысы эко­лог мамандарды, сала ардагерлерін  құттықтады. 

– Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған­нан кейін қоршаған ортаны қорғау мен адамның өмір сүруі үшін қолайлы жағдай туғызу еліміздің басты мін­деттерінің бірі болды. Қандайда бір мемлекеттің экологиялық ахуалы көрші елдерге өзінің кері әсерін тигізетіні белгілі. Экологиялық проб­лемалардың шекарасы болмайды. Сон­дықтан, Қазақстан халықаралық деңгейде қабылданған қоршаған ор­та және оны дамыту жөніндегі декларацияға қосылып, ауқымды ша­ра­лар іске асыруда. Соның ең үлкені, халқымыздың тағдырына ауыр әсер еткен ең қасіреттісі – Семей полигонының зардабына 1991 жылы 29 тамызда Елбасының Жарлығымен соңғы нүкте қойыл­­ды. Осылайша, полигонда 40 жылдан астам жүр­гізілген жары­лыстың үні өшті. Уланған ауа, бүлінген жер, мутацияға ұшыраған ұрпақ қазақ халқының басына төнген қасірет болса, оның жолын түбегейлі кесу – әрине, ол ең алдымен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі әрі ерлігі, – деді облыс әкімі өз сөзінде.  

Облыс басшысы сондай-ақ, көп­теген жылдар бойы Арал теңізі суының тұздану мәселесі алаңдатқан Сыр өңірі үшін бұл атаулы күннің маңызды екенін атап өтті.  «Арал дағдарысы» – Арал бассейнінде   өмір  сүретін  35  млн адамға әсерін тигізіп отырған, адамзат тарихындағы аса ірі экологиялық зардаптардың бірі. 6 млн гектардан асатын аймақ тұзды шөлге айналып, атмосферасындағы тұз­ды тозаң көзі болды. Осындай қиын жылдары Елбасы Арал теңі­зін қалпына келтіру туралы тари­хи шешім қабылдап, «Ғасыр жоба­сы» – «САРАТС» қолға алынды, ай­­­мақ­­тың балық шаруашылығы қай­та жанданды. Бүгінгі күні САРАТС жобасының екінші кезеңі басталып кетті. Енді теңіз Арал қаласына жетеді деген сенім мол. 

Сонымен қатар облыс әкі­мі «Байқоңыр» ғарыш айла­ғынан «Про­тон» зымыран-тасы­ғыштарының ұшы­рылу мәсе­лесі қаралып, ұшыру саны  қысқар­тылып, 2026 жылы олар­ды мүлдем ұшырмау туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

Қазақстан Республикасының «жа­сыл экономикаға» көшу жө­нін­дегі тұжырымдамасын іске асыру бойынша да облыста қажет­ті жұмыс жасалып отыр. Мәселен, облыс халқының 95 проценті орталықтандырылған ауыз­су жүйе­сімен қамтылған. Бұл – республика бойынша алдыңғы көр­­сеткіштердің бірі. Энергия үнем­деу, оның тиімділігін арттыру мақ­сатында нақты шаралар бар. Ауыл шаруашылығындағы 35 шаруа қо­жа­лығы күн сәулесімен жұмыс істейтін кіші электр станцияларын пай­далануда. Об­­лыс­тың атмосфе­ра­лық ауа­сының ластануын азайту және экономикалық тиімділікті арт­­тыруда қоғамдық көліктер газға көшіріле бастады. Қысқасы, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған  әрбір  істің жүзеге асуын­да сала мамандарының айрық­ша үлесі бар.

Салтанатты шарада үздік қызмет­керлер, сала ардагерлері Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, облыс  әкімінің   Алғыс хаты, сондай-ақ,  ҚР Энергетика министрлігінің «Эко­­логия саласының үздігі» төс­бел­гісімен, Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал «Экология саласына 30 жыл» мерекелік медалін облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов табыс етті. Сонымен бірге Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаевқа ар­найы техниканың сертификаты берілді. Әріптестерін сала ардагері Қуанышқали Шапшаңов құттықтады.

Мерекелік шара концерттік бағдар­ламамен аяқталды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 маусым 2018 г. 106 0