Ақмола облысында «Рухани жаңғыру» саябағы ашылды

Ақмола облысының Целиноград ауданында ҚР Мемлекеттік рәміздері күні Астана қаласының 20 жылдығы мен Целиноград ауданының 90 жылдығын мерекелеу аясында «Рухани жаңғыру» мәдени-демалыс саябағы ашылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.
Ақмола селосында ашылған «Рухани жаңғыру» мәдени-демалыс орталығы заманауи арт-элементтермен жабдықталған. Аумағы 3,5 гектарды құрайды.  Айналасына ақ қайың, жасыл шырша, алма ағашы, қарағаштың көшеттері отырғызылып, көгалдандырылған. Биіктігі 18 метрді құрайтын флагшток, швед сахнасы, субұрқақ, тайқазан, қобыз, киіз үйдің үлгілері қойылған.  Аудан тұрғындары мен қонақтарына және балаларға серуендеп, демалуына барлық жағдай жасалған.Мерекелік шара 44813 әскери бөлімінің жеке құрамы мемлекетік рәміздер - Ту, Елтаңба мен Әнұранды алып шығып, ҚР Мемлекеттік Туын көтерумен жалғасын тапты. Ту көтеру құқығы аталмыш бөлімнің әскери мемлекеттік құқықтық дайындығының озаты, капитан Серік Шегебаевқа берілді. Саябақтың ашылу салтанатына аймақ басшысы Мәлік Мырзалин қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөзінде біз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Енді мемлекеттің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны тәрізді басты қасиетті белгілерін ерекше қадірлеуіміз қажет. Біз үшін мемлекеттік рәміздер ұлттық тұтастықтың кепілі. Ел іргесі берік, заманымыз тыныш болып, еліміз дами берсін. Ауданның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған жаңа саябақ Целиноград ауданының тұрғындарына тамаша тарту. Мәңгілік елдің туы биіктен көрінсін», - деді М.Мырзалин.




ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 маусым 2018 г. 64 0