Жадымызда қалған жаңғырық

Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі –1993 жылғы сәуірдің 14-дегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы болды. Сонымен қатар, Елбасының Жарлығымен 1997 жыл – Қазақстанда Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жария­ланды.  Сол уақыттан бері жыл сайын 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағзым ету шаралары өтеді.
Осы күні қаладағы ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық ескерткіш алаңында өткен митингке облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысты. Алдымен сол бір зұлмат заманның  қаһарлы көрінісін бейнелейтін сахналық қойылым назарға ұсынылды. Жазықсыз жазаға ілініп, өзегін ащы зар тілген Темірбек Жүргенов, Тұрмағанбет Ізтілеуовтердің болмысы сом­далып, олардың сол сәттегі жан толқынысы санада жаңғырып өтті. Бір сәт үнсіздік жарияланды. Осыдан соң ескерткішке тағзым гүлі қойылды.
Митингте сөз алған облыс әкімі кешегі ХХ ғасырдың басында кең- бай­тақ қазақ елі миллиондаған кеңестік азаматтардың жер аударылған мекеніне айналып,  халықтарды күштеп ұжым­дастыру, «халық жауларын» анықтау бойынша жүргізілген солақай  саясаттың құрсауында жүз мыңнан астам адам қуғынға ұшырағанын атап өтті.
Деректерге қарағанда, бір ғана Қызылорда облысында 81 адам кәмпескеге ілініп, 10920 ірі қара, 47299 ұсақ мал тәркіленген. Мұрағат қорындағы құжаттар дерегі 1937-1938 жылдары «халық жауы» деген жаламен 314 адам сотталып, жазаланғанын жеткізеді. Тарихшылар мәліметінше, Одақ бойынша 1927-1953 жылдары  миллиондаған жан, оның ішінде Қазақстанда  103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылған.
Саяси қуғын-сүргін зардабын тартқан түрік халқының ұрпағы Дильфура Байрактарова:
– Мен сол бір зұлмат заманда Қазақстанға, оның ішінде қасиетті Сыр өңіріне депортацияланған түрік халқының ұрпағымын. Елбасы Алаштың анасы  атаған Сыр өңірі осынау қиын-қыстау шақта қаншама ұлт пен ұлысқа пана болды?! Қазақ халқының кең құшағы, қамқор пейілінің арқасында тереңге тамыр жайып, ұрпақ тараттық. Біздің ортақ үйіміз – Қазақстан! Сондықтан елімізге, Отанымызға адал қызмет ету – азаматтық борышымыз, – дейді.
Митингке халық көп жиналды. Бар­лығы да ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті.
Осы күні кешке Н.Бекежанов атын­дағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында драматург, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спек­таклінің қойылымы өтті. Спектакль «Темір наркомның» өмірі және қазақ халқын ағарту ісіне бағыттаған еңбегі туралы баяндайды.

Ғазиза ӘБІЛДА,
                            «Сыр бойы».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 маусым 2018 г. 172 0