Қазақстандық фильм Халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурсына іріктеліп алынды

«Қазақфильм» киностудиясының «Таңсәрі» толықметражды көркем фильмі 19-26 сәуір аралығында Мәскеуде өтетін 40-шы Мәскеу халықаралық кинофестивалінің негізгі конкурсына іріктеліп алынды. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің ресми сайтында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Таңсәрі» фильмін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Режиссері - Әділхан Ержанов.
Фильмнің басты кейіпкері - өзін таппай жүрген, бітпейтін аяздан шаршаған ер адам. Кейіпкер өмірін қорқумен өткереді. Өзін әлдебір құдай - мүмкін түн құдайы ылғи бақылап тұрғандай көрінеді және бұндай сезімдерді ата-бабалары басынан өткерген деп пайымдайды.
«Меніңше, бүгінгі әлемде болып жатқан дүниелерді мифологиялық ойлау арқылы ғана нақты түсіндіруге болады. Рационализмнің енді қажеті шамалы. Жаңа кинематографтың архетиптік күші - фольклор негізінде жатыр. Біздің мәдениет министрлігі авторлық киноға қолдау көрсетіп отырғанына қуанамын, негізі солай болуы тиіс. Менің шығармашылығыма түсіністікпен қараған министрлікпен ынтымақтастықты жалғастыра бермекпін, өйткені менің фильміме цензуралық шектеу қойылған жоқ», - деді фильмнің режиссері Әділхан Ержанов.

http://lenta.inform.kz/kz/kazakstandyk-fil-m-halykaralyk-kinofestival-din-negizgi-konkursyna-iriktelip-alyndy_a3225130​​​
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 сәуір 2018 г. 97 0