Қазақстанға Қытай мен Түркиядан көшіп келушілер көбейді

Қазақстанға келген мигранттардың саны 620 мыңға жетті. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бүгінгі Үкімет сағатында мәлімдеді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі

"Ресми статистика бойынша, соңғы үш жылда біздің елімізге 5 миллион 600 мыңнан астам шетелдік азаматтар келген. Олардың 90 пайыздан астамы ТМД елдерінің азаматтары. Негізінен, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Ресейден келген. Сондай-ақ, алыс елдерден келген мигранттардың қатары көбеюде. Осы уақытқа дейін олардың саны 620 мыңға дейін жетті. Олардың көбі қытай және түрік азаматтары", - деп атап өтті ҚР Ішкі Істер министрі.

Министрдің айтуынша, басты міндет заңсыз көші-қонға тоқтау салу, себебі ол қоғамдық тәртіп үшін қауіпті фактор болып табылады.

"Миграция ағымы есірткі, адам саудасы және экстремизм мен терроризмге байланысты болған жағдайлар аз емес. Бұл салада бақылау мен реттеуді тиімді ұйымдастырмасақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зиян келтіреді. Көші-қон бақылауын жетілдіру жолдарын Үкімет сағаты шеңберінде талқылау Ішкі істер министрлігіне, сонымен бірге, басқа да мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмыстарын түзетуге мүмкіндік беретіні сөзсіз", – деді ҚР ішкі істер министрі Мәжілістің үкімет сағатында.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 сәуір 2018 г. 137 0