Наурыз туралы қызықты деректер

Астрономиялық есеп бойынша наурыз айының 21-інен 22 жұлдызына қараған түні аспан денелері өзінің алғашқы айналу нүктесіне қайта айналып келеді екен. Сонда күн мен түн, ыстық пен суық, қараңғы мен жарықтың теңелетін жаратылыстың керемет сәтінде Наурыз кіреді. Неге «Әз наурыз»? 

Күн мен түн тепе-теңдікке жеткен кезде әуеде ғажайып бір діріл мен гуіл естіледі, сол үнді «әз» дейді. Әз өткенде бүкіл жан-жануар, күллі өсімдік дүниесінде, жалпы тіршілік әлемінің бойына қан жүгіріп, қайта түлеп жаңарады. Әздің жүргенін байқау қиын, қазір көкті де, жерді де үздіксіз гүрілдеп жататын техникалық дыбыстар басып кеткен. Ұсқынсыз нәрселерді отқа жағып, айналаны түгел адыраспанмен аластап, тазартады. «Ұлыс күн таза үйге кіреді, сонда құт-береке қоса енеді». Қайырымды істер жасалады. Наурыз қазіргі біздің сағат уақытымен межелегенде түнгі сағат үшке келеді екен. «Наурызда күннің алғашқы сәулесіне маңдай тосып, шұғыласына бөленсе, адамның бойына нұрлы күш-қуат тарайды». Ұлыс береке әкелсін! Айдан аман жылдан түгел өтейік!

Ақпарат Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабынан алынды.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 наурыз 2018 г. 80 0