Туберкулезді енді жаңа дәрімен емдейді

 2017 жылы құрт ауруымен күресетін адамдардың саны 16 процентке төмендеді. Бұл облыста туберкулезге қарсы күрестің жүйелі жүргізілгенінің айғағы. Бір қызығы, бұл дертке 50 жылдан бері жаңа дәрі шығарылмаған. Биылдан бастап жаңа 3 дәрі емдеу курсына енгізілді.  Көптеген дәріге төзімді науқастар бұрын 24 ай емделсе, жаңа дәрі бойынша емдеу ұзақтығы 9-12 айға қысқарды.

Қалада бір айдан бері туберкулезге қарсы күрес шаралары ұйымдастырылды. «Қаладағы туберкулез аурушаңдығының эпидемиологиялық  жағдайы және алдын-алу шаралары» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында емдеу барысындағы жетістіктер мен қиындықтар талқыланды. Қала бойынша 2016 жылы 238 науқас тіркелсе, өткен жылғы көрсеткіш 219 науқаспен шектелген. Облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бөлім басшысы  Гүлшат Рахманбердиеваның айтуынша, аурушаңдықтың азаюына байланысты төсек-орын саны 400-ге дейін қысқартылды.

 – Арал, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандық туберкулезге қарсы ауруханалар жабылып, үнемделген қаржы диагностикалық жетілдіруге, жаңа құрылымдар алуға жұмсалды. Облыста туберкулезді ерте анықтау бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес диагностиканың заманауи әдістері қолданылады. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бактериологиялық зертханасында туберкулезді және көптеген дәрілерге көнбейтін туберкулезді тез анықтау бойынша алдыңғы қатарлы инновациялық технологияларды пайдаланымыз. Бұл БАКТЕК қондырғысы, Хайн-тест, Джейн-эксперт әдістері арқылы іске асады,-дейді ол.  

Туберкулезді ерте анықтауды жетілдіру үшін 3 ауданға жылжымалы флюромашина алынған. Ал облыстық периниталдық орталық пен №1 емханаға жаңадан флюроқондырғы орнатылған.  

 

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 наурыз 2018 г. 109 0