Сән әлемі: трендте ұлттық киім

Сән мен сұлулықты тоғыстырған «Сән мен сахна» халықаралық фестивалі үшінші рет шымылдығын ашты. Жас дизайнерлер сахна стилі мен ұлттық нақышты үйлестірген. Жағасы, жеңі жоқ көйлекті емес, қазақы шапан, бешпентті жарқыртып ұсынған шеберлердің бастамасы қуанарлық. Алайда аймақта сән саласы енді дамып келеді, биылғы жылы төрт дизайнердің ғана топтамасын тамашаладық.


«Сән мен сахна» халықаралық фестивалінің он жылдық тәжірибесі, сән әлеміндегі орны бар. Осы уақыт аралығында 50-ден аса сәнгер даярлаған.  Аймақтағы шараның да мақсаты белгілі: жас сәнгерлерге қолдау көрсету, отандық, тіпті шетелдік нарыққа дайындау. Байқағанымыз, сән үйлері ұлттық нақышқа ерекше мән берген, себебі ұлттық киім қазір трендте. Алайда, жас дизайнерлер бұл іске білек сыбан кіріспейді.

− Қазақтың оюларының түрі көп. Киіздің, басқұрдың оюы бөлек. Сәукеле, көйлекке басқа, аяқ киімге басқа ою-өрнек қолданылады. Этникалық стильді таңдаған сәнгер тарихпен танысып, әрбір бедер мен оюды дұрыс пайдалану керек. Әйтпесе, әрбір білімді қазақ ою түрін оңай ажыратады, − дейді фестивалдің бас директоры Ханым Айдаш.

 Арулар сондай-ақ, ақ және қоңыр түстегі көктемгі және күздік көйлектер топтамасын ұсынды. Көрерменді ерекше таңқалдырған туынды қонақ ретінде қатысқан сәнгер Динара Алмусаеваның топтамасы болды. Шығарылым бірде мистикалық кейіпкерлерді, бірде табиғаттың жаратылысын бейнеледі. Фестивальде сәнгерлер «Сыр сұлуы» номинациясы бойынша сынға түсті. Нәтижесінде «Сәнім» сән үйі ІІІ орын, «Зере» сән үйі ІІ орын, «Қарлығаш» сән үйі 1 орын иеленді.


Суретте: "Samal" сән үйінің көйлек үлгісі

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 наурыз 2018 г. 194 0