Байқоңыр қаласы газдандырылды

Байқоңыр инновациялық-техникалық орталыққа айналады. Қазақстан мен Ресей «Байқоңыр» кешенін 2050 жылға дейін бірлесе дамыту тұжырымдамасын қабылдады.
Осының негізінде ғарыш кешенін, сондай-ақ, жұлдызды қалашықтың инфрақұрылымын жетілдіру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғын үй құрылысын жүргізу, туризмді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Байқоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында Қазақстан мен Ресей арасында бірнеше келісімге қол қойылған. Соның бірі - жұлдызды қалашықты газдандыру болатын. Жобаның алғашқы кезеңі сәтті жүзеге асты. 5 мектеп пен балабақшаға, сондай-ақ, бір мөлтек аудан табиғи газ желісіне қосылды.
Ғалымжан Ұзақбаев, №273 мектеп директоры:
– Былтырға қарағанда мектебіміз әлдеқайда жылы. Қаржы жағынан да тиімді болып тұр. Тәулік бойы бірқалыпты температура ұстап тұруға септігі бар. Оқасовтар отбасы да көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ең бастысы, арзан отын. Бұған дейін байқоңырлықтар сұйытылған газ пайдаланды. Ал, қазір қауіпсіз, табиғи газдың құны оған қарағанда 40 есе төмен. Қос мемлекет те қаланы дамытуға мүдделі.
Қазір Байқоңырда 75 мың халық тұрады, соның 46 мыңы - қазақстандық. Тұжырымдамаға сәйкес, бірінші кезекте сол азаматтардың шешілмеген мәселелері реттеледі. Бұған дейін мұнда бірде-бір тұрғын үй құрылысы жүргізілмеген. Ал, қазір қалада 250 пәтерлік 5 тұрғын үй салынып жатыр. Алдағы 3 жылда 20 үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 500 адамды жұмыспен қамтитын тігін фабрикасы салынады. Жоспар бойынша 5 жоба жүзеге асырылады.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 ақпан 2018 г. 565 0