Сексеуілде жаңа қазандықтар пайдалануға берілді

Күні кеше тоғыз жолдың торабында орналасқан Сексеуіл кентіндегі №87 орта мектеп пен мектеп жанындағы интернат және "Жауқазын" бабалақшасына блок-модульді қазандықтар пайдалануға берілді. Мектеп пен балабақшаның жылу жүйесін жаңа құрылғымен қамтамсыз етіп, тұрғындар алғысына бөленген – "Қамқор-Локомотив" және "Қамқор-Менджмент" ЖШС. Кенттегі салтанатты шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы барып, көпшілік қуанышына ортақтасты.
Енді қазандықтан берілген жылудың қуаттылығы артып, шығыны азаяды. Осы орайда, берекелі іске бастамашы болған мекемеге аудан әкімі Мұхтар Оразбаев алғысын білдіріп:
– Бұл көптен бері көтеріліп, айтылып келе жатқан маңызды мәселенің бірі еді. Бүгін, міне, түйткілді шаруаның түйіні тарқатылып, халық қуанышқа бөленіп отыр. Қыс мезгілінде қазандықтарды іске қосу жауапкершілігі мол жұмыс. Осындай істі қолға алып, оңтайлы шешкен мекемге алғыстан өзге айтарымыз жоқ. Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласының "Туған жерге тағзым" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан осындай оң бастамалар көбейе берсін дегім келеді. Облыстағы тіректі мекендер қатарына кіретін Сексеуіл кентінде серпінді жобалар одан әрі де жүзеге асырыла бертініне сенім мол, – дей келе,"Қамқор-Локомотив" және "Қамқор-Менджмент" ЖШС басшыларына арнайы алғыс хатын табыстады.
Мұнан соң "Қамқор-Локомотив" ЖШС техникалық директоры Жанатбек Адамбаев өз лебізін білдіріп, шара алдағы уақытта жалғасын тауып, кенттегі аурухана мен спорт мектебіне де осындай қазандықтар орнатуды жоспарлап отырғандықтарын жеткізді. Сондай-ақ, мектеп директоры мен балабақша басшысына қазандықтың куәлігі табысталды.
Жаңадан қондырылған жылу қазандығы соңғы технология бойынша жұмыс жасайды. Жүйе автоматтандырылған. Қуаты да күшті бұл қазандықтардың жалпы құны 31 млн теңгені құраған.  

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қаңтар 2018 г. 179 0