РАХМЕТТІҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Әсілі, «адамның ұяты бетінде, адамгершілігі ниетінде» дегеннің дәрпі бұл заманда да кері кетпей, ішінара бой көрсетіп жүр. Тағы қандай десеңізші, тағылымы төре тұр, әрбір әрекетінен әсер аласың, сипатына сүйсінесің, тұрпатына таңданасың. Сірә, самайына ақ кірген, сана сарайынан күн күлген сексендегі кісінің ісін үлкендік тұтуға да,  үлгі тұтуға да болады. Ел іші болғасын, неше түрлі кісі бар, солардың арасынан адамнан артық адамшылығын  ауыз толтырып айтқанның өзі бір рахат емес пе?!  Бүгінде қиянат тірліктерге құлақты көп түріп кеттік пе, қоғамдағы қайырымды істерге  етене көңіл бөле бермейміз. Әйтпесе, бағалы шаруа баршылық.
Өзімшілдік пен менмендіктің болмауы адамның кішіпейілдігін көрсетсе,  ал, қарапайымдылық – менмендікке мүлдем қарама-қарсы қасиет, атаққұмарлықтан аулақ адамға тән құбылыс.  Соны сезгендей Лев Толстой «Қарапайымдылық – өзіңнің адамдық қадір-қасиетіңді түсіну» депті.  Міне, осы бағыт бойынша сөз бастасақ деп бекіндік және бір-екі мысалды алға тартсақ дейміз. Олардың астарынан бір ғана түйін таптық, рахмет деген  рахымды сөзге риясыз берілу екен. Рахметтің құнын түсіріп алдық деп жүрсек, оны жүрегінде ұстаған көреген кісілерден көргенде құдіретке құлдық ұрдық. Иә, солай.  Бір рахметке бола бейнет кешіп дейтін де табылады. Туасы, таным дұрыс болмай, ақыл аршылмайды.
Ақшалы заманда асар әдісі де айтыла бермейтін болды. Ағайынның, көршінің, дос-жаранның көмек қолын созу амалы ақшаға айырбастала бастады. Нарыққа бейімделудің нышаны шығар, ойымыз осындай жағдайға орнықты. Бәлкім, бейімделу дегеннің байыбы ма, сананы тұрмыс билеп, аздаған ауыртпалықты желеу етіп, біреуге алақан жаю ар-намысқа жатпайтын, әуес әдетке айналып барады. О заман да бұ заман  қазақ аштыққа ұрынғанда да, біреудің босағасына бас сұғып, тілемсіреуді сүймейтін. Сондықтан сүйекке таңба болады деген парасаты басым тұрды. Тек құдайы қонақ деген дәстүрден аспады. Қанағатсыздыққа бой алдырған, қарынның қамын ойлаған, тойғанына тоба қылған, бір кәмпитті пайда көріп, барған жердің дастарханына бас салған бойкүйездік белең алып барады. Сырт көзге ұят-ақ көрініс, бірақ ерсі іске етіміз үйреніп кетті.
Әрине, әуейі  әңгімені тарқата берсек тәуір тірлік әбес болар, пәтуәсіз пиғылды доғарсақ деймін. Одан да барды бағалаған байыпты байлам шығар, ел ішін ептеп аралап көрсек. Жаңақорған ауданына барған сапарымда Елеусіз Сейдеметов дейтін кісіге жолыққаным бар. Жолыққанымнан гөрі сыртынан сездім деген дұрыс болар, ол құдайға қараған кісі екен. Қазір сексенге шыққан елдің ақсақалы. Ұзақ жыл жүргізуші болған, қарапайым қария. Сол кісінің қашан көрсең қолынан күрегі түспейді. Енді не істейді дейсіз ғой, кентке кіреберіс ауыз теміржол көпірі болғасын көлік жиі кептеліске ұрынады. Мәселе ауыздың тарлығы емес, ой-шұқырдың кесірі. Көктемгі, күзгі жаңбырдың салдарынан су жылғалап осы сайдан өтеді. Ағын су құр өтпей асфальтты жонып, бүтінді бүлдіріп кетеді. Артынша Елеусіз ақсақал арбаға тас тиеп, сол шұқырды толтырып, әлекке түседі. Еңбегіне бір тиын ақы сұрамайды, өздігінен кіріседі. Сондағысы көлікті аяйды. Пәленбей ақшаға алған дүниесі жарамсыз қалмасын деп жанашырлықпен қарайды. Есесіне, еңбегін елеген қай такси жүргізушісі де оны тегін тасымалдайды.
Ал, Асан Рүстембеков – Сырдария ауданы Айдарлы ауылының ақсақалы. Жасы сексен екіде. Елге болсын дей­тін ер мінезді кісі. Машықтанған маман­дығы – құрылысшы. Қолы қалт етсе қайырымдылық жасауға бейім. Ауыл алқасында оның қосқан үлесі көп. Ұзақ жасауының да сыры жұрттың жылы пікірі, ризашылығы сияқты. Меніңше, адал еңбек деген ақы сұрамай, өзі біліп жасаған жұмысты айтады. Ал, біз көбінше мемлекеттен жоғары жалақы алып, жұмсақ кресло, жылы кабинетте отырып, лауазымды қызмет атқарған қызметкерді ғана қайраткер санап жүрміз. Ол тиісті міндетін орындады, жүктелген жұмысын жасады. Осы жердегі бір жаңылыс сананы әлі адастырып келеді. Бүгінгі тілмен айтсақ, әлеуметтік жауапкершілігі жоқ кісіні жарылқаудың қажеті қанша?..
Бірде  жүз шақырым қашық Терең­өзекке денсаулығын тексеруге шыққан Асан ақсақал Майжарма каналынан өтеді. Каналдың көпірі тозығы жеткен екен, одан баланың өтуі қауіпті болатын. Шұрық-тесік  көпір оны мазалады. Амалсыздан ауруханадағы шаруасын ысырып қойып, көпірдің о жағы мен бұ жағын өлшеп алды да автобуспен ауылға тартты. Үйге келіп, ағашын дайындап, келесі күні арқаланып автобуспен қалаға жетті. Әрі қарай Тереңөзекке тағы шықты. Жеткен бойда көпірді жөндеуге кірісті. Сөйтіп, алқам-салқамы шыққан көпір демнің арасында дап-дайын дүниеге айналды. Өздігінен келіп жөндеп жатқан жанға ел аң-таң. Мұны жөндеген адамды сырт кісі ақымақ деуі де мүмкін, өйткені қазіргі көпшілік «тегін істеу» ұғымын ұмытып кеткен. Бірақ құдайдың көзі бар, қамқорлықты періште көңілдер шын пейілден қабыл алған болар.
Әуежайға барар жолдың ортан белі бұрылып, Аманкелді ауылына бағыт алады. Сол қалаға қарасты жол жағы асфальтталды да ескі бұрылыс еленбей қалды. Зырғып келген көлік көне жолға түскенде  байқаусызда бір секіріп өтетін болды. Тіпті бауыры төмен жеңіл көліктің біршамасы астыңғы бөлшегін жарамсыз күйге түсірді. Әрі-бері өткен Асан ақсақал осыны аңғарып, жолды тегістеу керек деп шешті. Үйден құрал-сайманын алып, көмегі тиер деп ұлы Ғаниды да ерте келді. Таңалакеуімнен тың тірлікке белсене кіріскен екеу кеш түсе әупірімдеп бітірді. Шаршағаны рас, алайда көптің тілеуін орындағанына шүкір етті. Бүгінде жолау­шы да, жүргізуші де Асан атаға рахмет деп жүретінін естіп те, көріп те жүрміз. Мен іштей ой түйдім, «осы рахметтің құны қанша тұрады?» деп. Сөйтсем, «мың пәледен құтқарады» дейді хадисте. Демек, елі елеген Елеусіз де, алғыс алған Асан да сол рахметпен көгеріп келеді. Айтпақшы, олар – он баладан ұрпақ тәрбиелеген үлкен отбасының тіректері. Міне, ел ішінде бар жақсы адамдар туралы түсінігімді осы жағдайлар сендірді.

Қаныбек ӘБДУОВ,
журналист.
ЖАРНАМА 20 қазан 2018 г. 309 0