Қазақ аудармасындағы жаңа белес

 Сөйлеу тілінің ойға оралымды, айтуға ықшам болуы шұбарланбауына, әсіресе, сырттан енген сөздердің түсініктілігіне байланысты. Осыған орай, аударма жасау, қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру бағытындағы жұмыстармен хабардар ету үшін «Аударма мәселелері» атты облыстық семинар өтті. Ішкі саясат басқармасы мен «Туған жер» қоғамдық қозғалысы ұйымдастырған жиынға тілге жауапты мамандар, филолог-ғалым, оқытушылар қатысты. 

Бүгінде елімізде әліпби ауыстыру мәселесі жан-жақты тал­қылаудан өтіп, айтуға да, жазуға да ыңғайлы, ықшам нұсқасы са­рап­талуда. Бұл мәселенің өзектілігі, әліпби ауыстыру тек әріпті өзгерту емес, әліпбиге реформа жасау керектігін де білдіреді. Жиында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің про­фессоры, филология ғылым­дарының кандидаты Аман Абасилов тілдің қолдануға ың­ғай­лылығын арттыру үшін тіл заңдылығын сақтау қажет екенін айтты.

– Қазақ халқы осы кезге дейін бірнеше жазу жүйесінен өтті.  Бір кездерде руна, араб, Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуы, латын графикасын қол­дансақ, 1940 жылдан бас­тап кирилл әліпбиі енгізілді. Соңғы графика кириллициға көшкеннен кейін қазақ әліпбиі даму заңдылығынан айырылып, «жүрісінен жаңылды». Себебі, «өзге тілден сөз ауысса, оның ішінде орыс тілінен сөз енсе, түбір нұсқасы сақталсын» деген ереже қазақ әліпбиіндегі әріптердің санын көбейтіп, ті­лімізге жат, кірме сөздер ене бастады. Әлемде халықтар ара­сында сөздердің ауысып оты­руы заңдылық. Бірақ, ағыл­шындар «француздың сөзін алдық, оны қалай жазамыз» деп француз дыбысын алмайды, орыстар «қытай сөзі тілге енді, оны қалай айтамыз» деп әліпбиіне иероглиф енгізбейді. Ал біз орыс тілінің сөзімен бір­ге, дыбысын да қолданысқа енгіздік. Айталық, орыстың цир­куль сөзін пайдалану үшін «түбір нұсқасы сақталсын» деген ережеге сай, ц әрпі мен жіңішкелік белгісін қоса алдық. Сондықтан бүгінде пайдаланып жүрген әліпбидегі әріптер саны 42-ге жетті. Өзге тілден сөз алып, тілдегі үндестік заңын, сөз алу тәсілін бұздық. Қазақ бұрын басқа тілден сөз алса, өз тіліне орай икемдеп айтатын. Айталық, самоварь – самаурын, ботинка – бәтеңке, кро­вать – кереует, Москва – Мәскеу, Евразия – Еуразия болып қалыптасқан еді. Соңғы жыл­дары тіл шұбарланып, тәуел­сіздік алғаннан кейін ғалымдар «орыстанып» кеткен сөздерді аудара бастады. Бірақ, әр ғалым өздігінше, әртүрлі нұсқа ұсынғандықтан көптеген сөз жалпыхалыққа түсінікті, сіңісті болып кете алмады. Айта­лық, әлдебір ғалымның ауда­руымен циркульді «шеңбер сызғыш» деп айту, «универсальный магазиннің» баламасымен «орталық әмбебап дүкеннен киім сатып алдым» деу мүмкін емес қой. Сондықтан, әліпби ауыстырудың негізгі мәселесі – тілімізге енген жат дыбыс­тардан арылу, қазақ тілінің өз заңдылығына сай сөйлеу, –  дей­ді ол.

Аман Мәделханұлының ай­туынша, басқа тілден енген дыбыстарды пайдаланбай-ақ, қазақ тілінің заңдылығына сәй­кес, кірме сөздерді қолдануға болады. Мәселен, Фатиманың – Патыма, философияның – пәлсапа деп айтылғаны секілді. Бұл ойдың түйіні белгілі, кірме сөзге түрлі аударма жасап қиын­датпай, қазақ тілінің төл әріп­терін қолдану, сөз айтуда Ахмет Байтұрсынов атап көрсеткен қазақ тіліндегі 28 дыбысқа ғана сүйену қажет.

Жиында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» тақырыбында баяндама оқыған облыстық тіл­дерді оқыту орталығының директоры Нұрсәуле Мусаева гуманитарлық ғылымдар бойынша 100 кітапты аудару ісі басталып, бүгінде 18 оқулық оқырманға ұсынылғанын атап өтті.  Әлемге белгілі кітаптарды түпнұсқадан аудару кәсіби аудармашыларға мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді. Әсіресе, халықаралық, ғылыми терминдердің бір ізге түсуіне жол ашты. Сондай-ақ, семи­нарда «Аудиовизуалды полисе­­мантикалық аударма страте­гия­лары» тақырыбында Қор­қыт ата атындағы ҚМУ-дың оқыту­шысы Сәуле Жарбулова, «Сөй­леу мәдениеті және аударма» тақырыбында облыстық тіл­дерді дамыту орталығының оқытушысы Баян Байділдаева баяндама жасады. Жиын соңын­да қатысушылар аударма мә­се­лесі мен латын әліпбиіне қа­тыс­ты ой-пікірлерін білдіріп, аударма саласын жетілдіру ба­ғы­тында ұсыныстар айтты.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

ЖАРНАМА 04 қыркүйек 2018 г. 409 0