Жанар-жағармай: Бүгінгі нарық, шаруа қамы қалай?

 Осы тамыз айының 26-нан бастап Ресейден бензин импорттау тоқтатылады деген ақпаратты естігеннен кейін, бірден оның себептерін білуге тырыстық. Бұған қатысты ҚР Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов жауап беріпті. Ол мұндай тыйымды Қазақстан нарығында бензиннің шектен тыс көптігімен түсіндіреді. «Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттар жаңғыртылғаннан соң, қазіргі уақытта бізде импорттық АИ-92 бензиніне қажеттілік мүлдем жоқ. Сондықтан осы отынды сырттан әкелуге тыйым салмақпыз. Бұл ретте ресейлік әріптестерімізге ескерттік, олар бұл қадамға қарсы емес», –  депті вице-министр.

Несі бар, бұл Қазақстан үшін жағымды жаңалық. Бензиннің ең сұранысқа ие түрі түгелдей өзімізде өндіріліп және ол жеткілікті болып  жатса одан артық не керек?! Алайда, жанар-жағармай мәселесі қай уақытта да өзекті. Аяқ астынан  бір түрі азайып жетіспей жатса, не қымбаттап кетсе  проблема туындап шыға келетіні бар. Ал оның жағымсыз әсерлері жеткілікті. Сондықтан әр жылғы жиын-терімнің алдында егінші ағайынның көңілі алаңдайтыны түсінікті нәрсе. Қысқасы, қазір жанар-жағармай нарығындағы жағдай қандай?

ҚР Энергетика министрлігі­нің мәліметтерінше, республикада бензин қоры жеткілікті. Елі­міздің мұнай базаларында АИ­-92 бензинінің қоры 350 мың тоннаға жуықтайды. Әйтсе де, бензин жеткілікті болғанымен, бағасы соншалықты төмендеп тұрған жоқ. Жылдың басында 160 теңгеге жуықтаған бензин қазір 153 теңгені шамалайды. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының өңірдегі жанармай бекеттерінде күнделікті жүргізіп отырған мониторинг көрсеткіші де осы тақілеттес. Мысалы, жыл басында АИ-95 бензинінің орташа бағасы – 172, ал АИ-92 бензині 160 теңге болса, қазіргі күндері олардың бағалары 169 және 153 теңгені төңіректейді.

ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі жыл сайын облыстық әкімдіктермен бірге ауыл ша­руа­шылығы тауарларын өнді­рушілердің қажеттілігіне жұм­са­латын дизель отынының кө­лемін анықтап, ҚР Энергетика министрлігіне ұсыныс енгізеді. Республика бойынша биылғы көктемгі дала жұмыстары мен күзгі егін жинау науқаны үшін дизель отынының  белгіленген көлемі 769,4 мың тонна болса, оның ішіндегі Қызылорда облысының үлесі 30 мың тонна. Оның 14 мың тоннасы көктемгі жұмыстарға жұмсалды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының бер­ген мәліметінде күзгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген бағамен барлығы 16 мың тонна дизель отыны бөлінген. Осыдан шілде айына тиесілі 3,8 мың тонна дизель отыны облысқа жеткізіліп, оның 3676 тоннасы шаруашылықтарға әр литрі 163 теңгеден таратылып беріліпті. Сонымен қатар, тамыз айына бөлінген 6,5 мың тонна дизель отынына операторлар зауытпен келісім-шартқа отырып, қаржысы толық аударылған. Бүгінгі таңда 1300 тоннасы облысқа жеткізіліп, оның 200 тоннасы шаруашылықтарға таратылып отыр.

Сондай-ақ, аудандардан бе­ріл­ген мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күнге шаруашылық құрылым­дарымен 7,2 мың тонна (44,8%) дизель отыны, 1,8 мың тонна (56,4 %) бензин, 581 тонна (59,6%) қою май дайындалған. Ал жалпы дизель отынының бағасы өткен жылмен салыстырғанда біраз өскен. Өткен жылы тамыз айында оның бағасы 138 теңге болса, қазіргі күні 183 теңге. Десе де жанармай бекеттеріндегі дизель бағасының фермерлерге қатысы жоқ.

Науқан кезінде бағаның тым шарықтап кетпеуі үшін Ауыл шаруашылығы, Энергетика министрліктері мен оператор компаниялар және Фермерлер одағы бірігіп, әр айдағы бағаны бекітіп отыру жүйесіне көшті. Фермерлер үшін шілде айындағы барлық тарап бойынша бекітіл­ген баға – 163 теңге. Тамыз айына 164 теңге болып бекітілген. Ал қыркүйек пен қазанда біраз арзандайды деп күтілуде.

– Иә, өткен жылмен салыс­тырғанда дизель отынының ба­ғасы біршама өсті. Десе де, Сыр өңіріндегі дақылдардың бағасы жоғары болуы себепті біздің диқандарға бұл баға айтарлықтай ауыр тие қоймайды. Алайда, осындай өзгерістің ең бірінші зардабын тартып жатқандар солтүстік облыстардағы бидай өсіріп отырған ағайын. Өйткені, бидай бағасы арзан, сол себепті өзіндік құны шарықтап кетеді де, ешқандай пайда көрмей қалуы мүмкін, – деді бұл жайында Қазақстан фермерлер одағының облыстағы өкілі Жасұлан Серіков.

Сонымен жанар-жағармай­мен қамтамасыз етудегі жағ­дай осындай. Ал жалпы әлем мемлекеттері арасында біз арзан бензин сататын елдер қата­рынан табылады екенбіз. Ха­лық­аралық «Global Petroleum Prices» агенттігінің жүргізген рейтингі бойынша Қазақстан 167 мемлекеттің арасында  бензиннің арзандығы жөнінде 10 орынға, дизель отыны бойынша 13 орынға жайғасыпты. Тек  Венесуэла, Иран, Сауд Арабиясы, Кувейт, Әзірбайжан және Түркіменстан мемлекеттерінде ғана бензин бізден арзан екен. 

Осы орайда көрші мемле­кеттердегі  бағаға назар аудара кетейік. АИ-92 бензині: Қазақ­стан-155, Қырғызстан-219, Өзбекстан-238, Ресей-231. Дизель:  Қазақстан-183, Қырғызстан-226, Өзбекстан-186, Ресей-246. Жанар-жағармайдың қазіргі нарқы осы. Таразылап көрерсіз.


Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

ЖАРНАМА 25 тамыз 2018 г. 230 0