КӘСІПКЕРІ КӨП АУЫЛ

Қазалылық Ербол Әбілтаев бүгінде өзі тұратын аядай ғана Ғани Мұратбаев ауылында мал шаруашылығын дөңгелетіп отыр. Бұл кәсіппен ол ес білгелі таныс. Әкесінен дарыған.
Бақыт аға – отыз жыл шопан болған кісі. Кеңес одағы кезінде ауданның Құмжиек, Қазақстанның 40 жылдығы совхоздарында ақтылы қой өргізіп, Ғани Мұратбаев ауылына көшіп барғаннан кейін де ата кәсіптің айналасынан ұзай қойған жоқ. Ербол кішкентайынан әкесінің қолқанаты болды. Шопан таяғын ұстап өсті. Ербол мал шаруашылығына шындап ден қойған кезін еске түсіріп, бір күліп алды.
– Ол кезде сегізінші класта оқимын. Сарыағаш арқылы Ташкенттен мал әкелуге болатынын естіп, солай қарай тартып отырдым. Әкеме «Қызылордаға баруым керек» дедім. Әйтпесе, жалғыз ұл болғасын жібермейтінін білем. Жинаған ақшаға, сөйтіп, сонау Өзбекстаннан азын-аулақ мал әкеліп бастағам, – дейді кәсіпкер.
Үш-төрт жыл Ташкент пен екі ортаны жол қылды. Қазір басқа жақтан да тапқанын тапқандай тасиды. Арық немесе орташа салмақтағы малды сатып алғасын уақытылы жем-шөбін беріп, семіртіп сатады. Біз барған кезде үй іші жұмылып бордақыланған малдың біреуін сойып, ішек-қарнын тазалап жатыр екен. Ербол сиырдың қоң жинағаннан кейінгі салмағы шамамен 300 келінің о жақ-бұ жағында болатынын, ал қойдың 100 келіге дейін ет беретінін айтты. Қазір үйінің алдындағы қорада 300 шақты қой, 100-ге жуық ірі қара бар. «Мал баққанға бітеді». Қораның іші-сыртындағы қат-қабат шаруаны Ербол қарамағындағы төрт-бес адаммен бірлесе бітіріп жүр.
– Үйдің ауласы тарлық етеді. Алдағы уақытта мал бордақылау үшін ауыл сыртынан жер берілсе, дұрыс болар еді. Оның үстіне, бұл тазалыққа да кері әсерін тигізіп отыр, – дейді Е.Әбілтаев.
250-ден астам отбасы, 1 жарым мыңдай адам тұратын Ғани Мұратбаев елді мекенінде соңғы кездері өз алдына кәсіп ашқандардың қарасы көбейіп келеді. Ауылдық округ әкімі Абай Рыстығұлдың айтуынша, мұнда 35 шаруа қожалығы, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 46 жеке кәсіпкер бар.
– Өткен жылдың өзінде 11 адам кәсіпкер ретінде тіркелген. Мемлекет көмегіне сүйеніп, кәсібін жолға қойғандар да аз емес. Мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Бастау-бизнес» жобасында оқыған 3 адам 5 миллион теңге несие алып, мал бордақылаумен айналысып келеді, – дейді А.Рыстығұл.
Осы үшеудің арасынан Сұлтан Айтуғанды ерекше атап өткіміз келеді. Небәрі 20-ға енді толған Сұлтан екі жылдан бері жылқы баптаумен айналысып келеді. Әзірге қорасында екі бие байлаулы тұр. Жаздың күндері бесеуге дейін ұстайды. Жылқы баптауды отбасылық кәсіп десе де болады. Сұлтанға әкесі бағыт беріп, жол көрсетіп отырады. Ал биені анасы сауады.
– Мен малдың күтімі, қымызды өткізу сияқты жұмыспен айналысамын. Жақында мемлекет тарапынан 1 жарым миллион теңге көлемінде несие алдық. Осылайша кәсіп ауқымын біртіндеп кеңейткіміз келеді, – дейді С.Айтуған.
Ауыл тұрғыны Рысбек Мырзалиев те  ірі қараны семіртіп сатып, отбасын асырап отырғандардың қатарынан. Былтыр мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2 млн теңге несие алып, іс бастаған.
– Жылына 15-20 шақты ірі қара сатып алып, қыс бойы бордақылап, нарыққа өткіземіз. Әрқайсысының салмағы шамамен 170 келі тартады. Малдың күтімін жасауға көп күш керек. Егер бар ынтаңмен еңбектенсең, шығыныңды өтеп, пайда табуға болады, – дейді жас кәсіпкер.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
Қазалы ауданынан.
ЖАРНАМА 17 мамыр 2018 г. 340 0