"ҚАЗАГРОҚАРЖЫ" ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШУДА

 Қандай да бір жұмысты атқарғанда оны жүзеге асыруға қажетті құрал-сайманың болмаса кәріп болып қалатының бар. «Адам емес, құрал жұмыс істейді» деген ұғым содан шықса керек. Бұл, әсіресе, асыраушы сала – ауыл шаруашылығында өте маңызды. Барлық жұмыс арнайы техникалармен атқарылады. Ал олардың құны егін адамы үшін әркез қолжетімді емес. Мұндайда мемлекет тарапынан құрылған арнайы құрылымдар шаруаларға көмек қолын созып келеді.
Соның бірі және бірегейі – «ҚазАгро­Қаржы» АҚ. Ол «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің құрамына енетін ауыл шаруашылығындағы басты мәселелердің бірі – техника паркін жаңарту мақсатында құрылған ационерлік қоғам. Негізгі қызметі – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаражаттарына, сондай-ақ лизинг негізінде ауыл шаруашылығы техникасына және технологиялық жабдыққа деген қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы республиканың аграрлық секторын дамытуға қолдау жасау.
Бұл қоғам құрылған 1999 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін техника мен жабдықтарды жаңартудағы ең үздік серіктес саналады. Мәселен, «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның облыс бойынша филиалының өзі 2000 жылдан 2017 жылға дейін облыстың АӨК дамытуға 27,4 млрд теңге инвестициялады. Сондай-ақ жалпы сомасы 20,6 млрд теңгеге 1 703 бірліктен артық техника мен жабдықтар сатып алынған.
Қармақшы ауданындағы "Тұрмағамбет" ЖШС төрағасы Нұржан Пірмантаев шаруашылық жұмыстарын жүргізуде «ҚазАгроҚаржының» көп көмегі тиіп келе жатқанын айтады. Мәселен, аталған серіктестік биылғы көктемгі дала жұмыстары үшін акционерлік қоғам көмегімен дән себуге, тыңайтқыш шашуға арналған төрт МТЗ-80 техникасын алған. Олардың әрқайсысы 6 млн теңгеден тұрады. Енді оны алдағы бес жылда 14 проценттік өсімімен төлеп бітірулері тиіс. Бұл жерде 14 проценттің жартысын, яғни 7 процентін жабуға мемлекет тарапынан субсидия беріледі.
– Бұл үлкен қолдау, – дейді серіктестік төрағасы. Ол бұған дейінгі жылдары қоғам­ның облысы бойынша филиалы көмегімен шаруашылық үшін тракторлар, шетелдік комбайндар алғанын жеткізді. Ал шетелдік бір комбайнның бағасы 150 млн теңге тұрады екен. Олардың қарызын төлеп құтылуға 7-10 жылға дейін уақыт беріледі.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ облыс бойынша филиал директорының орынбасары Әлімжан Сералиев бұл ұйым Қазақстандағы лизингтік мүмкіндіктерді кеңейтіп отырғанын хабарлады. Енді «ҚазАгроҚаржы» АҚ адал ниетті клиенттері ауыл шаруашылығы техникасын лизингке аванстық төлем төлемей сатып алу мүмкіндігіне ие болмақшы. Осыған орай «ҚазАгроҚаржы» «Сенімді фермер» атты жаңа бағдарламаны іске қосып отыр. Бұл бағдарламаның шеңберінде, қоғамның клиенттері адал ниетті қарыз алушының критерийлеріне сай келуге тиісті. Осы критерийлерге сәйкес, клиенттің үздіксіз және сапалы кредиттік тарихы, қарыз мерзімін ұзартуы, қайта құрылымдануы және Қоғамнан алынған қаражаттарды мақсатқа сай пайдаланбау фактілері болмауға тиісті. Ә.Сералиев енді ауыл шаруашылығы техникасын «Сенімді фермер» бағдарламасы бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолданыстағы клиенттері де, бұрын қаржыландырылған клиенттері да ала алатынын айтады.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жем-шөп тапшылығы өткір болып отыр. Осыған байланысты, отандық жем-шөп өндірісін қолдау және дамыту мақсатында, «Қаз­АгроҚаржы» АҚ «Өз жемшөбіміз» бағдарламасын іске асыруда. Бұл бағдар­ламаның шеңберінде қазақстандық фермерлер ауыл шаруашылығы техникасын 10 жылға дейінгі мерзіммен сатып ала алады, бұл ретте аванстық төлемнің мөлшері қысқартылған және 10% құрайды.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ стандартты лизинг бойынша қолданыстағы талаптарға бірқатар өзгерістер енгізді. Енді жеткізуші барлық талаптарды сақтаған жағдайда, қазақстандық фермерлер аталған қоғам желісімен Қытай Халық Республикасы өндірісінің ауыл шаруашылығы техникасын 5 жылға дейінгі мерзіммен, кемінде 25% аванстық төлеммен сатып ала алады. Қаржыландыру талаптарына енгізілген өзгертулердің шеңберінде, лизингке құны 25 млн теңгеге дейін баратын аспалы және тіркемелі техника алуға аванстық төлемнің мөлшері 25%-тен 20%-ке дейін қысқартылды.
Жаңа бағдарламалардың енгізілуі, қоғамның азық-түлік желісінің кеңейтілуі, аванстық төлемнің төмендетілуі және қаржыландыру мерзімдерінің ұлғайтылуы отандық фермерлер үшін техникаға деген қолжетімділікті арттыратын болады.
Ә.Серәлиев жыл басынан бері филиалға облыстағы шаруашылық құрылымдарынан техникалар мен құрал-жабдықтарды лизинг негізінде алуға жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құрайтын өтінімдер тапсырылғанын айтты. Оның бүгінгі таңда 1 млрд теңгені құрайтын өтінімдері бойынша оң шешімдер қабылданып, 392 млн теңгені құрайтын қаржы лизинг келісім-шарттары жасалған. Директор орынбасарының айтуынша, жыл басынан бері көктемгі дала жұмыстарына арналған жаңа техникалар "Егінші", "Достық жер", "Ақжарма и К" ФҚ, "Шаған жер" ЖШС және басқа да көптеген шаруашылықтарға табысталған.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
"Сыр бойы".
ЖАРНАМА 17 мамыр 2018 г. 119 0