АЛА БОЛСА АҒАЙЫН...

  Біздің психология қатты өзгерді. Байқаған боларсыз, жығылғанды жасытып, сүрінгенге күліп, айыптаушыны айтақтап, қолтығына су бүркитіндер көбейді. Адамдар титімдей қателік үшін бір-бірін таптап тастауға бар. Жеріне он Франция сыйып кететін кең далада бірде-бір түрмесі болмаған, есігіне қара құлып салмайтын, қол алысып берген уәдені бүгінгі нотариустың мың қағазынан артық қоятын қазаққа қит етсе «соттасу синдромы» қайдан келді? Жуырда мектепке бардым. Мұғалімдердің мұңы – ата-ана. Бірінші сыныптың оқушысы мұғаліміне «соттатам» дейтін көрінеді. Бұл – бар жауапкершілікті ұстазға артып, «айтып тастаймын, далада жатқан бала жоқ, менің балама өйтіп қарамасын, бүйтіп сөйлемесін» деп, мектепке келіп, оқушының көзінше мұғалімнің беделін жер, жігерін құм ететін ұрыс-керістің нәтижесі. «Біреуге күлімдеп қарағанның өзі сауап» дейтін иманды қазаққа не көрінді? Әдетте өзіне, өміріне көңілі толмайтын адам, біреуден де қателік іздеп тұрады. Бізде мейірім неге азайды? 

Бұл атқарушы билікті де алаңдатты. Бастама көтерілді, шешімі табылды. Елімізде алғаш рет «Сотсыз татуласу орталығы» ашылады. Әзірге пилоттық жоба Қызылордада сынақтан өтеді, егер нәтиже берсе, өзге өңірлерге таратылады. Алғашқы болып бастаудың себебі жоқ емес. Өйткені, Қызылорда – алты Алаштың анасы, ұлттық құндылықты сақтай білген ел. Алайда, соңғы деректер аймақтағы дау-дамайдың аз емесін аңғартты.

«Қайдан келесің, соттан келемін...»

Егер осы сөзге әбден бой үйретсек, жарқын ертеңімізге жарты адам болып жететініміз анық. Кең жерде кем болып, көңілі тарылып, түймеден түйе көретіндер көп екен. ҚР Жоғарғы сотының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен қатысқан мәжілісте ниетінің тарлығынан соттың есігін тоздырып жүргендердің бірқатар дау-дамайын білдік.

Айталық, Қызылорда қаласында екі көрші үш жыл бойы тілімдей жерге таласқан. Меншігіндегі қорасының басқа жерін игеріп жатқаны шамалы. Ақыры соттасып жүріп, әрең дегенде бітімгерлік жасасқан.

Бір көрші бір көршісінің қорасындағы жайқалып тұрған теректің көлеңкесі, жапырағы менің қорама түсті деп сотқа арыз берген. Сот ол дауды зорға шешіп, теректі кестіруге мәжбүр болған.

Тағы бір өрімдей жап-жас жерлесіміз өзінің қызыл сызықтан шығып, 300 шаршы метр жерді заңсыз пайдаланып отырғанына қарамастан, жасы келген көршісінің жарты метр қоршауын алып тастауын талап еткен. Бұл үшін тіпті адвокатқа 200 мың теңге ақы төлепті. Ақырында соттың жеке қаулысы негізінде оған жер инспекциясы айыппұл салып, өзінің қоршауын бұзуды міндеттеген. Не ұтты? Өнбейтін дауды қуып, қып-қызыл шығынға ұшырап, өзі айыппұл төледі.

Байқадыңыз ба, «көңіл көңілден су ішетінін» ұмытып, өкпелеймін деп жүріп, өкінді.

«Сотсыз татуласу орталығы»

неліктен тиімді?

Дауды соттан тыс реттеу институты бұған дейін болмады емес, болды. «Медиация туралы» заң бірнеше жыл бұрын қабылданды. Бірақ уақыт, қаржы жағынан ұтымды, істің жария болмауын көздейтін әрі екі жақтың бір-біріне қарсыласпай, мәселені ынтымақтаса шешуді көздейтін медиацияға көпшілік құлық танытпады. Қасарысып, «не айтса да, сот шешсін» деп тұрып алады. Ал «Сотсыз татуласу орталығында» медиатор ғана емес, психологтар, отставкадағы судьялар, елге қадірі бар ақсақалдар, қоғамдық бірлестіктердің мықты мамандары жұмыс істейді.

Сотта бір тарап жеңеді, бір тарап жеңіледі. Екі жақтың да көңілінен шығатын шешім қабылдау мүмкін емес. Демек, дау соңы бітімге келу емес, екі бөлініп тыну. Ал, татуласу орталығының мақсаты басқа: екі тарапқа да тиімді шешім шығару.

Сот дау шешуден қашып отырған жоқ. Ағайындылардың болмашы дүниені дүрмекке айналдырып, дауға ұластыратынына алаңдаулы. Орталық мәселені шешіп қана қоймай, соттасудың ұят, табиғатымызға жат қылық екенін ұғындырады.

2017 жылы облыста әрбір үшінші неке бұзылған. Орта есеппен әр отбасында 2 бала деп алғанда, бір жылда 5 мыңға жуық бала әке не ана тәрбиесінен айырылған. Бізде ажырасу оңай шешілетін процедурға айналды. Жігіттердің көбі отбасын асырай алмауды, қыздар баласын әкеден айырып, ажыраса салуды ұят санамайды. Ажырасуды қоғам қор көрмейтін болған соң, жасы да, кәрісі де оған арланбайтын болды. Ұлттық қасірет: жарымжан отбасында жәутеңдеген, тәрбиесі кем ұрпақ көбейді. Атадан ұл туғанмен, олар енді ата жолын қумайды.

Ал, сот ерлі-зайыптыларға татуласуға уақыт бергенмен, арасында жүрмейді. Байланыс жасап, үгіттей алмайды. Бұл көңілі жарым келіншек, еңсесі түскен ер, бастысы, жүрегіне мәңгі кетпес дық түсірген жетім бүлдіршінді көбейтті. Ал, «Сотсыз татуласу орталығының» мақсаты басқа, олар барынша істі бейбіт шешеді. Қарапайым түрде айтсақ, минусты плюске айналдырады.

Бүгінде адамдар біреуден өш алу үшін соттасады. Сот аренасында күш көрсетіп, болмашы дауға бола қас жауға айналады. Өкініштісі, жауласқан әке мен бала, анасы мен қызы, ағайындылар, достар, көршілер, серіктестер. Демек, жақын адамдар сот үстінде ауыр сөз айтып, ашуға беріліп, моральдық та, материалдық та шығынға ұшырайды. Ал, орталық мұндайды сотқа жеткізбей, ушықтырмай, бітіммен шешу жолын ұсынады.

Тобықтай түйін. Шетелдік фильм­нен байқадыңыз ба? Олар «мынау менің бұрынғы күйеуім не әйелім» деп бір-бірін таныстыра береді. Қалыпты құбылыс. Ұят емес. Біздің кейбір көршілес елдер шетелдік киноның осындай детальдарын қысқартып тастайды екен. Не үшін? Себебі, мұндай фильмді көріп өскен балада «болмашыға ажырасу – ұят» деген ой болмайды. Демек, ұлттық идеологиямызға сырттан келер қауіп көп.

Ал дініміз «Біреудің қателігін көрсең, оны жасыратын он сылтау ізде» дейді. Иә, жаманды жасырып, жақсыны асыратын ел едік. Басқалардың қателігін көрмес бұрын, өзіміздің көңіл тереземіз сүртілген бе деп аңдап алайық. «Сотсыз татуласу орталығының» да мақсаты сол: дауласып, өш алу емес, бітімге келу.

Сіз не дейсіз?

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

ЖАРНАМА 03 наурыз 2018 г. 291 0