АГРАРЛЫҚ САЛАНЫҢ АЛЫМДЫ ҚАДАМЫ

Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ауыл шаруашылығында бизнестің дамуына, фермерлер кооперациясы процесіне бөгет жасайтын кедергілерді жою міндеті қойылған.
Өткен жылы Сыр диқандары егін науқанын мол табыспен аяқтады. Қамбаға жарты миллион тоннадан астам күріш жиналды. Ауыл шаруашылығы саласын өркендету мақсатында өнімдерді экспортқа шығару да жолға қойылған. «Агробизнес-2017» бағдарламасы облыстың агроөнеркәсіп кешені саласының тиімді дамуына экономикалық қолайлы жағдай туғызды. Бағдарлама ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуында оң серпін берді. 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 4,1 пайызға артты.
Бағдарламаның индикативтік жоспарын іске асыру мақсатында өткен жылы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары аясында да жұмыс жасалды. Тарқатып айтар болсақ, «Сыбаға»
бағдарламасы бойынша 2507 сиыр және 120 асылтұқымды бұқа алынса, «Алтын асық» бағдарламасымен 1600-ден аса қой, 167 қошқар сатып алынды. Сонымен қатар, «Құлан» бағдарламасы бойынша 673 жылқы, 56 айғыр алуға мүмкіндік туды. Өткен жылдың 11 айы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі алдыңғы жылғы деңгеймен салыстырғанда 4,1 пайызға артқан. Бағдарламаның бірінші кезектегі міндеті агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін ұсақ және орта шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперациясына тарта отырып, біріншіден өндіріс көлемі мен экспортты арттыру, екіншіден жаппай нәтижелі жұмыспен қамтуды ұйымдастыру болып табылады. Бұл ретте 44 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылғанын айта кету ләзім.
Бағдарламаның екінші міндеті – нарықтық сұранысқа ие өнімдерді өндіру және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту. Бұл жағынан келгенде, экспорттау көлемін 2020 жылға қарай 5 есеге дейін ұлғайту жолдары айқындалған. Облыстың экспорттық мүмкіндіктері қолға алынып, басқа мемлекеттерге шығаратын өнімдердің түрлері мен олардың көлемі ұлғайтылды. Осыған сәйкес, аймақта жоғары экспорттық табыс табу секторлары белгіленді. Олар – күріш, бақша өнімдері, балық, жылқы, сиыр және қой еті. Былтырғы жылдың тамыз айында Иранға алғашқы рет 812 бас қозы және Біріккен Араб Әмірлігіне 1132 бас қозы экспортқа шығарылды. Сондай-ақ, 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 48,3 пайызға өскенін айтып өту қажет.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін сату нарығын кеңейту бойынша жүргізілген жұмыстар да өз нәтижесін берді. Тарқатып айтар болсақ, Қытайға жылына 5 мың тонна, Түркияға жылына 1 мың тонна және Иранға жылына 8 мың тонна күріш жіберу жөнінде келіссөздер жүргізілген. Көп жылдардан бері қордаланып келген бақшалық дақылдар экспорты да қолға алынды. Нәтижесінде оның көлемі 8 есеге дейін артты. Үкіметтің қолдауымен облыстың буферлік аймақтан шығуы малды экспорттауға мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, Ресейге 110 тонна көкөніс, 6000 тоннаға жуық бақша өнімдері шығарылды.
Ауыл шаруашылығындағы экспорт әлеуетінің артуы бұл саланың дамуына үлес қосып қана қоймайды, сонымен қатар, еңбекші жұрттың несібесін де еселей түседі.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ.
ЖАРНАМА 06 қаңтар 2018 г. 199 0