АСТАНАЛАР ТАРИХЫ АСТАСҚАНДА

 Қайсыбір мемлекеттің болмасын, тарихында астаналар айшықты орын алады. Ұлттың өсуіне, мемлекеттіліктің ор­нығуына зор ықпалын тигізеді. Осы орайда қазақ елінің қазіргі астанасының тағдыры арғы кезеңдегі астаналардың тарихымен сабақтасып жатқанын айтуға тиіспіз.
Тарихшылар қазақ ханды­ғының алғашқы астанасы ретінде Сығанақ қаласын көр­сетеді. Сақ-ғұн заманынан бері Яксарт, Ордос, Чигунь, Түркі қағанаты тұсында Еркіне-көн, Өтекін, Суяб, Қарахан мемлекеті орнаған кезде Баласағұн, Тараз қалаларының абыройы аспандады. Алтын орда дәуірінде Сарай Бату, Сарай Берке, Сарайшық шаһарларының жұлдызы жанды. Ал өткен ғасырда қазақ елінің бас қаласы ретінде Орынбор, Қызылорда, Алматы және Астана қалалары танылды. Олардың қай-қайсысы да саяси-әкімшілік орталық болып қана қоймай, ұлт рухын айбындатып, ұлттық мақсат-мүддені айқындайтын киелі мекенге айналды.
1920 жылы 4 қазанда Орынборда Қазақ өлкесі Кеңестерінің құрылтай съезі өтіп, Қазақ АКСР-і құрылды. 1925 жылға дейін бұл қала қазақтың астанасы болды. Орынбор оған дейін де қазақ даласын отаршыл Ресеймен экономикалық тұрғыда байланыстырған ірі сауда орталығы еді. Сонда да Орынбор қазақтың рухын көтерді, азаттыққа ұмтылысын үкіледі. Ұлт баспасөзінің алғашқы қарлығаштары – «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы осы қалада басылды. Дегенмен, астананың бір қиырда орналасуы ел үкіметінің жергілікті жерлердегі партия, кеңес, шаруашылық ұйымдарымен тығыз байланысына едәуір қиындық келтірді. Сондықтан астананы ауыстыру қажеттілігі туындады.
Астананы Орынбордан көшіру туралы ұсыныс ай­тыл­ғанда Алаш қайраткерлері Ташкентті қолай көрді. Ташкентті бермегесін қазақтың әр аймақтағы қалалары астанаға үміткер болды. Солардың ішінде таңдау Сыр елінің бас шаһарына түсті. Нақ осы жерде қазақтар «қырғыз» деген атаудан құтылды. 1925 жылдың сәуір айында Ақмешіттің аты өзгертіліп, ресми құжаттарда «Қызылорда» деп жазыла бастады. Алайда, географиялық, климаттық, экономикалық қолайсыздықтар Қызылорданың астана ретінде өркендеуіне елеулі кедергі келтірді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанұлы «Ақмешітті неге орталық қылып сайладық?» деген мақаласында: «Киіз үйдің ішінде орналасса да, астана қалың қазақтың ортасында болуы керек. Қаланың орналасқан орны экономикалық жағынан өте тиімді. Тағы бір артықшылығы – табиғи байлық төркіндеріне таяу тұрғандығы», – дей келе, Сырдария өзенінің егіншілікті өркендетудегі мол мүмкіншілігін алға тартқан. Еліміздің бас қаласы болған 1925-1929 жылдар аралығында Қызылорда қазақтың білім ордасы ретінде танылып, мемлекеттің мәдени-рухани дамуына айтарлықтай әсер етті. Өзінің екіғасырлық тарихының төрт жылында Қы­зыл­орданың Қа­зақ­станның астанасы мәртебесіне ие болғаны – біз үшін мақтаныш.
1927 жылы 3 сәуірде Бүкілқазақстандық Кеңестердің VІ съезі Қа­зақстан астанасын Ал­ма­тыға ауыстыру туралы Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысын бекітті. Шын мәнінде астана 1929 жылы көшті. Бұған Түркісіб теміржолы құ­рылысының да ықпалы тиді. Алматы Қазақ Кеңестік Со­циалистік Республикасының астанасы, Алматы облысының орталығы, республиканың сая­си-әкімшілік, экономикалық және мәдени орталығы болды. Қаланың шежіресі жар­қын оқиғаларға толы, ол Ота­нымыздың, қазақ халқының тарихымен, республикамыздың қалыптасып, дамуымен астасып жатыр. Қазіргі күні ару Алматы – еліміздің ең әсем шаһарларының бірі.
Ал 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңе­сінің, 1996 жылы Министрлер кабинетінің «Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы» қаулылары қабылданды. 1997 жылдың 20 қазанында Мемлекет басшысы «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлыққа қол қойды. 1998 жылы 6 мамырда Астана атауы ресми түрде бекітілді. Сол уақыттан бері Астана үздіксіз даму үстінде. Ел ордасы бүгінгі таңда экономикалық интеграцияның үй­лестіруші әрі қуатты қозғаушы буынына айналды. Мұнда кең ауқымды халықаралық жиындар мен форумдар, ғылыми конферен­циялар жиі өтіп тұрады. Ару Астана жыл өткен сайын жайнап, қанатын кеңге жайып, гүлденіп, көркейіп келеді. Бас қала айшықты сәулетке толы ғимараттармен толыға түсуде.
Қазіргі таңда Астана – Қазақстанның мақтанышы, көз қуанышы. Азия құрлығының солтүстігінде кең қанат жайып, жарқырап-жайнап бой көтерген ару да әсем қала. Бүкіл ел абыройының асқақ көрінісі, мемлекетіміздің мақтан тұтар айнасы. Астанасына қарап елін танитынын ескерсек, Астана – ұлт келбеті.

Н.ҚУАНДЫҚ.
Тарих 09 шілде 2018 г. 224 0