КӨНЕ ҒАСЫР КӨМБЕСІ

Шет жұрттан қазақ даласына келген адам ұшы-қиыры жоқ, аспанмен астасқан баябан даланы көріп, тілсіз сұлық жатқан меңіреу далаға адасып қалғандай күй кешері анық. Сырт көзге солай болар. Ал көзі қарақты жан әр төбесін түртіп қалса ескі көзе, құмыра, қыш кесектер сынығына кезігері сөзсіз. Одан әрі індете түссеңіз, өткен ғасырлардағы өркениет орны қалаларға жетелей жөнелері тағы анық.

Өзіміз ғұмыр кешіп жатқан қазақтың кең сахарасындағы тұлпардың тұяғы мен түйенің табаны жазған тарих дастанының көмескі тартқан беті ашылып, зерделі жанға сырын ашар. Инемен құдық қазғандай шыдам мен біліктілік танытсаңыз, көшелері бау-бақшаға көмкерілген, кәріз жүйесіне дейін сақталған қыштан қаланған әсем қаланың үстінен түскеніңізді білесіз.

Қағазға түсіп, хатталған тарихтан белгілісі, тарих осыдан он ғасырға жуық уақыт бұрын қазыналы қоныс болған мекен бүгінгі Қоғалыкөл ауылын өркениет көшінің ұлы жолына жалғап жатыр. Бұл Тораңғыл сай – Жаңадария мен Қожарық  ортасында орналасқан шығыстан батысқа қарай бір, солтүстіктен оңтүстікке қарай біржарым шақырым жерді алып жатқан Баршынкент. Баршынкент бала кезімізде қой жайып жүріп қыш кесектерімен, оюлы әшекейлі кесе сынықтарына қызыға қарап, мол қазынаға кенелеміз, деп көмбе, іздеген жеріміз. Ересектердің талай аңыз әңгімесіне арқау болған қаланың орны.

1219 жылы 150 мың моңғол қолы Сыр бойы­на бағыт алды. Шыңғысхан ұлдары Шағадай мен Үгедейді Отырарды қоршауға қалдырып, үлкен ұлы Жошыны Сырдарияның төменгі бойын  жаулауға аттандырды. Әскерінің үшінші тобын Сырдың жоғарғы тобындағы қалаларды талқандауға жұмсап,  өзі кіші баласымен Бұқара-Самарқанға бет бұрды. Араб және парсы жазбалары отызға тарта  қаланы моңғол шапқыншыларының  басып алғандығын жазады.   

Жошы қолы Сығанақтың он мың тұрғынын қырып, одан әрі Өзгент,  Баршынкентке бағыт алды.           

Сырдарияның төменгі бойында ірі қалалардың бірі Баршынкент моңғолдарға  көпке дейінгі берілмеген, ол Жентке және Жанкентке баратын іргені қорғаған. «Один город под именем Барчин долго противился ему (т.е. Окедаю)», – деп жазды Плано Карпини. Баршынкент аталуы халық поэмасының кейіпкері Алпамыспен байланысты. Оғыз феодал ақсүйектерінің өкілі Баршын сұлу есімді атақты әйел Сырдарияның төменгі бойындағы қаланы өз есімімен атады, осыдан Қыз қала атауы шыққан. Аңыз бойынша Сырдарияның оңтүстік жағасындағы Көк Кесене Баршын сұлудың құрметіне салынған.         

Қоғалыкөл іргесіндегі Баршынкент, Қызқала, Қышқала атауымен  тарихта таңбаланған. Бұл қалаға 1992 жылы М.Елеуов пен Т.Мамидің  қатысуымен  археологиялық зерттеу жүргізілді. Айнала ор қазылған қаланың оңтүстігінен солтүстігіне қарай орналасқан орталық көшенің  орны анықталды. Мешіт және үй орындарына қазба жүргізіліп тиын, керамика жиналып, ертедегі қаланың төлқұжаты жасалды. Қабырғасы 19 қабат кірпіштен қаланған бір бөлмеге зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бөлменің шығысында өрнекті қаптамалардың сынықтары табылды. Онда араб тілінде жазылып, көгілдір ақшыл түспен өрнектер салынған. Қазба барысында керамика сынықтары, әйнек, моншақ үзінділері кездесті.

Сонымен қатар іргетасы қыш кірпіштен қаланған мешіт немесе медресеге зерттеу жүргізілді. Кіреберіс есігі шығысқа қараған бұл ғимараттың  төрт бұрышы дүниенің төрт жағына бағытталып, құрылыс құбылаға бағдарланғандығы анықталды. Қазба тереңдеген сайын ыдыс сынықтары сирек кездесті. Қыш сынықтары үстіңгі қабатында кездесті. Сонымен бірге теңгелер де табылды. Мұндағы кіреберіс бөлме қойма болып, тандыр шығаратын есікке қарай орналасқан. Орталық бөлме шаруашылық  және тұр­ғындық қызмет атқарған.

Археологиялық зерттеу қала тауар-ақша қатынастарында маңызды рөл ат­қарғандығын дәлелдеп берді.

Қыз қала, Қышқала, Баршынкент... Бүгін бұл жерге тағы келдім. Көлемі әртүрлі төбелер бір-біріне жалғасып, бар сырын бүгіп сұлық жатыр. Айнала қазылған ор, ойпаңға өскен шоқ-шоқ шеңгел, дария жағалай өскен жиде, жыңғыл, тоғай. Мамыр айының бар сұлулығын паш етіп, алқызыл гүлін, жапырағын жайып жайқалып тұр. Үп еткен самалмен ырғалған жиде, шеңгелдің жұпар иісі бас айналдырып, бойыңды балқытып барады. Сәлден кейін бұрқасын жүре бастады. Көп ұзамай жел күшейіп, тұтасқан қалың бұлт түтілген жүндей ыдырап түте-түтесі шықты. Теріскейдегі айдау жолдың шаңы көтеріліп, борай бастады. Тура сегіз жүз жыл бұрын шығыстан қалың қол дәл осылай қаптаған болар. Топыраққа көмілген жұмбақ қалада қауырт жұмыс. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мадияр Елеуов пен Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Тәлеев бастаған археологтар зерттеу жұмысын бастағалы айдың жүзі ауды. Дөкей Әбдікерімұлы бастаған бар құпияны бауырына басып құлаған алып қабырғаны аршып жатыр. Жапырақ гүл ақ, көк түспен боялып қиюластырылған мозайка маңдайша жақтауларды, көлемі 40х40 см болатын бетіне ою-өрнек бедерленіп, күйдірілген қыш плиталарды ашып алу инемен құдық қазғандай ыждағаттылықты талап ететін қиын жұмыс екен. Мадияр Елеуов бастаған  топ мешіт пен медресе орнын аршып, қыштан қаланған табанын төрт қатардай өріп, бұрынғы әсем ғимараттың сұлбасын келтіруде. Бұрыштары дөңгелек колонна болып өрілген ауқымды алып ғимарат орны өткен ғасырлардың сән-салтанаты жарасқан өркениет мекені екені айшықталып келеді.

Қазба жұмыстарын жүргізуші археолог-ғалымдар Баршынкент қаласына жақын маңда тағы да қала болу керектігін, сол қалалардың орнын көрсете алатын, жер жағдайын білетін жан іздеп отыр екен. Іздегенге сұраған. Бала кезден әкеміз қой қыстатқан, әкеге еріп қоғам малын көбейтіп, абырой тапқан Мұңайтпас аталатын алқапта талай қала мен қоныстың орны бар екенін жайып салдым.

Осы Қоғалыкөл ауылынан қол созым жерде ғана Көксеңгірдің етегіндегі Сырлытам, оған жапсарлас жатқан Заңғарқала. Көксеңгірдің шығысында Мортық қоныстары, оған іргелес Ашнас, жоғарыда әңгіме болған Баршынкент – Қышқала сияқты елді мекендер көп болған. Бұл – біздің өлкемізде осы кезеңде қала мәдениетінің өркен жайып, жоғары дамығандығының айғағы.

Одан бөлек, ауылдан 20-30 шақырым жердегі Қорғанша, Мыңшоқы, Тазтөбе аталатын қоныстардан табылған жәдігерлер – осы өлкенің бай тарихының айғағы. Қор­ғаншадан табылып, Бесарық ауылдық му­зейінде сақталған диаметрі бір метр болатын тас диірмен, шығырмен су шығаруға арналған қыш құмыралар – өткен күннің бізге қалдырған сыйы, ата-бабаларымыз  өркениетінің құнды жәдігерлері.

937-1050 жылдары өмір сүрген  орта­азиялық  энциклопедист-ғалым Әбу-Райхан әл Бируни Сырдың орта  және төменгі ағысы атырабында  үш жүз қала болғандығын жазды. Академик Ә.Марғұлан мен археолог К.Бай­пақов жасаған картада 37 қаланың атауы берілген.

Көлік иесі Н.Ілиясов ауылындағы қоғамдық кеңес төрағасы Нұрмағанбет Қуандықов, ғалымдар Мадияр Елеуов, Дөкей Тәлеевпен бірге Жаңадарияның сол жақ беті, Бесарық ауылынан батысқа бет алып тартып келеміз.

Бұл сапарды археолог-ғалымдар баға жетпес байлыққа кенелген, сәтті оқиға болды деп бағалады. Дөкей Әбдікерімұлы жазған сапардың қорытынды анықтамасында біз топырағын басып жүрген жердің әр төбесі тарихты бауырына бүгіп жатқандығын анықтап бергендей.

Тазтөбе қалашығы. Бесарық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырым, Қоғалыкөл ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым шамасында Жаңадарияның сол жағалауынан біршама жерде орналасқан.

Қорғаншы қалашығы. VІ-Х ғғ. Бесарық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 28 шақырым, Қоғалыкөл ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 20 шақырым жерде, көне арнаның оң жағалауында орналасқан. Сыртында қорғаныс қабырғасы бар ұзын қорғанды қала орны. Жалпы аумағы 8 гектар шамасында. Орта тұста орналасқан цитаделінің көлемі 65х75, биіктігі 2-2,5 метр. Төрт бұрышында төрт мұнараның орны байқалады. Қақпасы оңтүстік шетінде. Қаланың ұзын қорғанының ішіндегі аймақта қыш ыдыстардың ұсақ сынықтары өте көп кездеседі. Арасында диірмен тастар мен темір шлактары да бар. Оңтүстік-шығыс бұрышына салынған барлау шұңқырынан  көзешарықта жасалған қыш ыдыстардың  сынықтары, темір қорытпасы, қазанның, шығыр құмырасының, табаның, т.б. көптеген ыдыстардың бөліктері табылды.

Мыңшоқы қалашығы.  Х-ХІV ғғ. Бесарық ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 18 шақырым, Қорғаншы қалашығынан солтүстік-батысқа қарай 8 шақырым жерде орналасқан. Төрткүл түріндегі қалашықтың көлемі 90х90, мәдени қабатының биіктігі 0,5-0,8 метр. Бұрын белгісіз болып келген. Үстінен табылған қыш ыдыстар мен бірнеше мыс бақырлар, қолайна, моншақтар қалашықтың жоғарғы қабатының ХІV ғасырға жататынын білдіреді. 

Біле білсек, айналамызда қатпар-қатпар сыр бүккен талай қазына жатыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы осы құндылықтарды бағалай білуге, кейінгі ұрпаққа жеткізіп, келешекке аманат етуді жүктейді.

Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өлкетанушы.

Тарих 21 маусым 2018 г. 145 0