САЯСИ СҮРГІННІҢ ҚАЛЫҢ ҚАСІРЕТІ

Қазақ ұлт болып қалыптасқан ғасырлар бедерінде талай зобалаң мен дүрбелеңді бастан өткерді. Арғы-бергі тарихтың қалың қатпарларында төгілген қан мен ащы тердің, нәубетке толы кезеңдердің бізге жетпеген белгілері жатыр. Бағзы замандарды былай қойғанда өткен жүз жылдықта қазақ халқының басынан кешірген ең бір ауыр зұлматы бұл – ашаршылық пен қуғын-сүргінге ұшырауы еді.

Ашаршылық әсіресе 1931-1933 жылдары қатты белең алды десек те, ол зұлматтың басы 1930 жылдың жазынан басталып, зардабы 1934 жылдың аяғына дейін созылған. Ашаршылыққа елдегі жаппай ұжымдастыру мен ет және астық дайындау науқаны негізгі себеп болды. Қазақстанда колхоздарды ұйымдастыру 1928 жылы қолға алынғанымен, шындығында біздің елде 1922 жылдан бастау алған. Бірақ бұл процесс 1926 жылға дейін баяу жүрген. Колхоздарды ұйымдастыру баяу жүрсе де, 1927 жылы бүкіл республикада колхоздар саны 1072-ге жеткен. 1928 жылы олардың саны 2354-ті құраса, 1929 жылы 4876-ға дейін өскен. Олардың 611-і Сырдария және Жетісу губернияларына тиесілі болды. 1930 жылдың аяғына қарай Қазақстандағы барлық шаруашылықтардың 65 проценті коллективтендірілді.

1930-1931 жылдары колхоздастыру кезеңінде жергілікті белсенділер мен ОГПУ, НКВД қызметкерлері барлық жерлерде жұртты жаппай ұжымдасуға күштеп көндіруге кірісті. Малдың 70-80 проценті колхоз меншігіне өткізілді. Алқаптардағы егін ұжымшарлардың қоймаларына жиналды. 1931 жылы колхоздасуға ұйымдастыру науқаны ерекше өріс алды. Өлкелік партия ұйымы аудандарда ұжымдасу процесі нашар жүріп жатқанына дабыл көтеріп, жергілікті басшыларды жазалауға дейін барды. Нәтижесінде бір колхоз бір колхоздан мал, астық және басқа да заттар еншілеу мақсатында бәсекеге түсті. Халықтан малы мен астығын алу үшін жергілікті басшылар неше түрлі қулыққа барған. Олар өздерімен бірге мылтық асынған, милиционерлерді ертіп жүрді. Амал жоқ, қазақ соңғы лағына, қабының түбіндегі бір уыс астығына дейін колхозға өткізуге мәжбүр болды. Тіптен үкімет «Контрактация» дегенді ойлап тапты. Ол бойынша жеке шаруа жаңадан туған төлін 17 айға дейін өлтірмей сақтап өкіметке өткізу керек болды. Өліп қалса, «халық жауы» ретінде сотталады.

Қас қылғанда 1931 жылдың қысында қар қалың түсіп, күн бірден суытқан. Колхоздардағы бір ортаға жиналған мал арам қата бастаған, себебі тек малды жинауды ғана ойлаған басшылар олардың жем-шөп базасын ұмыт қалдырған болатын. Малдың қырылып жатқанына қарамай Голощекин 1931 жылы 9 желтоқсанда «Елімізге жүн керек, тез әрі қысқа мерзімде 100 мың тонна жүн өткізіңдер» деп нұсқау береді. Өзі аш, әрі жүні қырқылған қойлар оңсын ба, суық қораларда теңкиіп-теңкиіп арам қатқан. 1931 жылдың аяғына қарай Ресей қалаларына былтырғыдан еселенiп 12 мың тоннадан астам ет, 130 мың пұт астық жөнелтiлуiне байланысты жыл бойы колхоздар есебiндегi төрт түлiк мал есепсiз сойылып, етке өткiзiлдi. Осыдан мемлекет меншiгiне қарасты қоралардағы мал саны мен қоймалардағы астық қоры бiрнеше мың есеге азайды. Жалпы, 1927 жылы бүкiл Қазақстанда мал саны 42 миллион болса, 1933 жылы 3 млн 989 мыңға түскен. 1927 жылы Сырдария округiнде 6 млн 680 мың бас мал болса, 1934 жылға қарай барлық төрт түлiктiң саны 800 мыңға да жетпеген.

Ашаршылықтан адам өлуі көбейіп халық саны күрт төмендеген. Жалпы, Қазақстанда 1914 жылғы санақта 6 млн 920 мың қазақ болса, 1933 жылы оның саны 2 миллионнан сәл-ақ асқан.

Қазақты рухани және моральді әлсірету мақсатында 1929-1930 жылдары халыққа есепсіз салық салынды. Салық түрлерінің арасында түсініксіз салықтар көп болды. Шүберек, мүйіз, сүйек, тұяқ салықтары елді әбден әбігерге салды. Мысалы, әр жанұяға 4-5 келі мүйіз өткізу міндеттелді. Тіптен халық сүйек салығын орындау мақсатында тышқан, қоян аулап даладан сүйек теріп кетті. Шындығында шүберек салық та, мүйіз салық та еш кәдеге жарамай, жиналып алынған соң өртеліп отырған.

Қазақ басына, тіптен, бүкiл кеңес елiнiң тағдырына бұдан кейiнгi ұлы қырғын 1937-1938 жылдары төнді. Ол тарихта «Қуғын-сүргiн кезеңi» немесе «Үлкен террор» деген атпен қалды. Сталин «Үлкен террорды» бастауды алғашқы рет 1937 жылдың 23 ақпаны мен 3 наурызы аралығында өткен БКП(б) пленумында көтерген болатын. Миллиондаған жазықсыздарды жапа шектiрген ең қатал әрі аса құпия қаулы №00447 нөмiрмен 1937 жылдың 30 шiлдесiнде сол кездегi НКВД жетекшiсi Н.И.Ежовтың бұйрығымен шығады. Ол қаулы «Бұрынғы кулактарды, басбұзарлар мен басқа да антикеңестiк элементтердi репрессиялау бойынша жүргiзiлетiн шаралар туралы» деп аталды. Осы қаулыға сәйкес жазаланатындар екi категорияға бөліндi. 1-шi категорияға атылу жазасына кесiлетiндер жатқызылса, 2-шi категориямен сотталғандар 8-10 жылдың арасында абақтыға жабылуы тиiс-тi. Онымен қоса, Ежов қай республикада және қай облыста қанша адам 1-шi категориямен, қанша жан 2-шi категориямен жазалануы тиiс екенiн нақтылап бердi.

Ал жоғарыда аталған аса құпия бұйрық бойынша Қазақ ССР-ына қарайтын сегіз облыста: 

1. Солтүстік Қазақстан бойынша 1-кат. – 650, 2-кат. – 300. 2. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 1-кат. – 350, 2-кат. – 600. 3. Батыс Қазақстан облысы бойынша 1-кат. – 100, 2-кат. – 200. 4. Қостанай облысы бойынша 1-кат. – 150, 2-кат. – 450. 5. Шығыс Қазақстан облысы бойынша 1-кат. – 300, 2-кат. – 1050. 6. Ақтөбе облысы бойынша 1-кат. – 350, 2-кат. – 1000. 7. Қарағанды облысы бойынша 1-кат. – 400, 2-кат. – 600. 8. Алматы облысы бойынша 1-кат. – 200, 2-кат. – 800 адам яғни, бүкіл қазақ елінде 2500 адам 1-ші категория бойынша ату жазасына ілінуі тиіс те, 5000 адам 8-10 жыл мерзімге сотталуы шарт болды. (М.Әбдәкімұлы. Түркістан өлкесіндегі ойран).

Шын мәнісінде Мирзоян Ежовтың бұйрығына сәйкес жазаланатындардың санын әлдеқайда асырып көрсетті. Соның салдарынан Қазақстанда атылуы тиiс 2,5 мың кiсiнiң орнына 26116 кiсi атылып, сотталуы тиiс 5 мыңның орнына 119 мыңдайы абақтыға жабылған. 

Бірде белгілі қаламгер жазушы, тарихшы Момбек Әбдәкімұлымен болған сұхбатта: «1937-1938 жылдары Өзбекстанда 41 мыңдай адам жапа шеккен, оның 5619-ы атылған. Қырғызстанда 8 мыңдай адам сотталып, 700-ге жуығы атылған. Тәжiкстанда 3 мыңдай адам қамалып, 911-i атылған. Жалпы, қуғын-сүргiн кезеңiнде 70 мыңға жуық мұсылман азаматы атылып, 300 мыңдайы лагерьлерде азап шеккен» деген болатын.

Біз бұл мақалада ашаршылық пен репрессия жылдарының қасiретi жайлы аз болса да мағлұмат беруге тырыстық. Осы бiр қысқаша мағлұматтардың өзiнен-ақ пайымды кiсi сол бiр зұлмат жылдарда iске асқан барлық қасiреттердiң астарын түсiне алар деген ойдамыз.

Абдулла БЕКӘДІЛҰЛЫ, 

Қорқыт ата атындағы ҚМУ магистранты.

Тарих 31 мамыр 2018 г. 117 0