АҚМЕШІТ- ПЕРОВСК-ҚЫЗЫЛОРДА «Қызыл паровозбен» келген көш

Ресей Орталық атқару комитеті мен халық Кеңесі комиссариатының 1920 жылғы 26 тамыздағы декретімен Қырғыз (Қазақ) Автономиясы Советтік Социалистік республикасы құрылды. 4-12 қазанда Советтердің Бүкілқырғыз (Қазақ) Автономиялы республикасының құрылтай съезі болып, онда РСФСР құрамында КАССР құрылғанын бекітті. Орынбор астана болған жылдары онда Кеңестердің 4 съезі өтті. Соңғы съезд 1924 жылдың 4-10 қаңтар аралығында болып, Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуді тездету туралы мәселе қаралды. 1925 жылы  Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген Сырдария және Жетісу облыстары, сондай-ақ Қарақалпақ автономиялық облысы  Қазақ Автономиялық республикасы құрамына енді. Сөйтіп ел астанасын алыстағы Орынбор қаласынан қазақтың қалың ортасына көшіру мәселесі көтерілді. Бір жағынан Орынбор мен оған қарасты губерния халқының басым көпшілігі орыстар болатын. 

 1924 жылдың қыркүйегінде өткен Қазатком сессиясы ел астанасын Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында қаулы алған еді.  Алайда, Мәскеудің араласуымен республика астанасы Ақмешітке ауыстырылады деп шешілді. Осылайша 1925 жылдың 9 ақпанында Қазақ АКСР ОАК төралқасы О.Исаевтың баяндамасы бойынша мемлекет астанасын Орын­бордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарды. Орынбор шаһары мен губерниясы Ресей Федерациясы құра­мына берілді.

Мемлекеттік комиссия астана ретінде Ақтөбе, Ақмола, Шымкент, Әулиеата, Ақмешіт қалаларын атады. Бірінші Сырдария губерниялық партия конференциясында республика аста­насына кандидат қаланың арасында Ташкент те бар еді.

Тарихи деректерден «осынша таңдаудың ішінен Ақмешіттің алға озуының сыры, артықшылығы неде?» деген сауалдарға жауап іздеп көр­дік. Біріншіден, мұнда Орынборға қарағанда қазақтар көп тұрады. «Орынбор-Ташкент» теміржолы респу­­бли­каның жаңа астанасын Ресей орта­лығымен, Қазақстанның батыс, оңтүс­тік аудандарымен және Орта Азия республикаларымен байланыстырады. Қала суармалы егістің орталығында орналасқан. Оған қоса алыстағы Орынбормен қарым-қатынас жасаудың қиындығы келелі істерге кедергі келтіретін еді. Бұл дәлелдер астананы Ақмешітке көшіру процесін тездетті. 

Сұлтанбек Қожанов астананы Орынбордан қазақтың қалың ортасына көшіруді қызу қолдады. «Мемлекет астанасының жұртшылығына сүйеніп істемесе, бас хүкіметтің ісі оңбайды» деп жазды. Баспасөз бетінде, яғни «Ақжол» газетінде «Кешіктірмей келісу керек» (1924ж.), «Іс жүзінде орындау керек» (1924ж.), «Қазақтың кіндігі қай қала болсын» (1925ж.), т.б. мақалалар жарияланды. Тағы бір мақаласында «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ астанасы болуға Орынбор қаласы шетте болғандықтан ғана жарамайды емес, қазақ қаласы болмағандықтан, қазақ ұлт мемлекетінің ұлтшыл­дығына орда болуына қисыны жоқ­тықтан жарамайды. Қазақ ұлт мемлекет­шілдігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса, өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қолына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын» деп жазды.

1925 жылдың ақпанында Қазақ Орталық Атқару Комитеті (КазЦИК) Президиумы республика астанасын Орынбор қаласынан Ақмешіт қаласына көшіру жайлы қаулы қабылдады, ал 6 сәуірде Орынбор губерниясы Қазақ автономиясы құрамынан шығарылды.

Перовск станциясы теміржол жұмысшылары Қазақстан өкіметін Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде «Қызыл паровозды» жөндеуден өткізіп, Орынборға жіберді. Қырғыз (Қазақ) АССР Кеңестерінің V съезі делегаттары және өкімет мүшелері бар поезд Орынбордан республиканың жаңа астанасы, Ақмешітке 1925 жылдың наурыз айының аяғында аттанды.

Осы жерде Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінен» үзінді келтірейік. «Әміре сияқты әншіге, Иса сияқты ақынға, Қажымұқан сияқты балуанға серік болғандықтан Орынбор мен Ақмешіттің арасындағы көзді талды­ратын шетсіз-шексіз шөл даладан, бұйра құмдардан қалай өтіп, Ақмешітке қалай таянғанымызды аңғармай да қалыппыз.

Қалың жұрттың арасын осылайша қақ жарған поезд Ақмешіт станциясына келіп тоқтады. Ол арада да ошарылған халықта қисап жоқ екен. Орынбордағы милиция мектебінің курсанттары бар, республикалық және жергілікті милиция қызметкерлері бар – бәрі жиналып, үкімет адамдарының вок­залдан әрі өтуіне жолды әрең ашты. Аржақ – бақшалы кең алаң екен. Осы алаңға биік жасаған мінбердің үстінде митинг партия комитетінің секретары, бізге белгілі – Әбілхайыр Досов. Ақмешіт вокзалының ішкі алаңында Әбілхайыр Досов басқарған митингте көп адам сөйледі. Олардың басым көпшілігінің кім екені есімде жоқ. Есімде ең берік қалған шешеннің біреуі: арық, ұзын денелі, мұрны қоңқиған, көздері кішірек қоңыр өңді бала жігіт. Ол пионерлер атынан сөйледі. Кейін білсем, белгілі ақындарымыздың бірі – Әбділда Тәжібаев екен.

Съезге келген делегаттарға арнал­ған айналасы биік кірпіш қорғанмен қоршалған, оның ішіндегі бірталай үй күйдірген кірпіштен салынып, шатырлары қаңылтырмен жабылған жайлар екен. Бұл үйлер жуық араға дейін жындыхана болған. Қазақстан үкіметі орнағанда мекемелері жай­ғасуға осыдан қолайлы үй қалада болмағандықтан, жындыхана Ақме­шіт­тен қырық километр жердегі «Аламесек» аталатын бір орынға көшірілген.  Делегаттар осы үйлерге сыйғанынша жайғасты».

Бұл қазақ халқының тарихы мен тағдырындағы аса маңызды съезд қарсаңындағы Ақмешіттегі  қарбалас сәт еді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

Тарих 04 мамыр 2018 г. 228 0