ҚАҺАРМАН ҚАЛАНЫҢ ҚАЙСАР РУХЫ

Республикамызда жасақталған бірнеше әскери құра­малардың ішінде 101-ші дербес ұлттық атқыштар бригадасы түгел дерлік қазақ жауынгерлерінен құралған еді. Бригада соғыстың алғашқы жылдарында саны мен сапасы басым, сол заманның озық соғыс құралдарымен жабдықталған Вермахтың Мәскеуге тікелей шабуылдаған «Орталық» тобына қарсы тұрып, қанды шайқастарға қатысты. Сол кездері Батыс майданының Ржев-Сычев бағытындағы «Ржев аңғары», «Ржев асуы», «Ржев қазаны», «Марс операциясындағы» шайқастарға қатысқан қазақтың 100-ші, 101-ші ДҰА бригадасының жауынгерлік ерліктерін көзімен көрген әскери жазушы-журналист, бірнеше тарихи кітаптардың авторы, киносценарист Константин Симонов «Бұл шайқастағы жауынгерлер, өмір үшін емес, өлім үшін шайқасты» деп жазған болатын. Батпақты да орманды бұл аймақтан тікелей Мәскеуге шығатын тас және темір жол стратегиялық маңызы бар Ржев қаласы еді. Сондықтан да немістер осы қаланы 1941 жылдың 14 қазанында басып алып, 17 ай бойы оккупациялаған болатын. Қала жастары Германияға жөнелтіліп жатты. Олардың мойнына нөмірленген жетондар байланып, тәулігіне екі рет неміс комендатурасынан тексеруден өтіп тұрған. Күдікті деп ұсталған адамдарды топтап шіркеулерге қамап, минамен жарып жіберіп отырды. Майдандар және партизан құрамаларында шайқасқан өңір тұрғындары да жаудан өшпенділікпен кек алып отырды. Тек қана Оленино ауданынан 13 Кеңестер Одағының батыры шыққан. 1943 жылдың 3 наурызында Ржев қаласы немістерден азат етілді.
2018 жылдың 3 наурызында Ресейдің Тверь облысының Ржев және осы облыстың Оленино ауданын неміс фашистерінен азат етудің 75 жылдық мерекесі атап өтілді. Тверь облысының (бұрынғы Калинин) аумағындағы  1942-1943 жылдары «Марс операциясына» қазақтың ДҰА 100-ші, 101-ші бригадалары қатысқан. 100-ші ДҰА бригадасы 1941 жылдың соңында Алматы қаласында еліміздің солтүстік, шығыс облыстарынан, ал 101-ші ДҰА бригадасы Ақтөбе қаласында батыс облыстарының жауынгерлерінен жасақталған. Бұл бригаданың құрамында алғашқы жылдары 600-дің үстінде қызылордалық жауынгер болды. 101-ші бригада құрамында қазақтар – 80%, орыстар – 10%, украиндықтар – 3,4%, басқа ұлттар 4,1% құраған. Бригаданың саяси жетекшілері мен командирлер құрамы ОК, обком, қалалық, аудандық партия комитеттерінің хатшылары мен кеңес, комсомол ұйымдарының жауапты қызметкерлері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің және жергілікті кеңестердің депутаттары болған. Мәскеуді жаудан қорғау кезінде екі бригада да Жоғарғы Командованиенің Бас Ставкасының қарамағына берілді. Екі бригада қатысқан «Марс операциясы» ұзақ жылдар құпия болды. Ол тек «Ржев асуы» деп аталды. Операция кезіндегі мыңдаған адам шығындары ақпарат құралдарында айтылмады. 1942 жылы 20 қарашада Ржевтің қазіргі Оленино ауданындағы қазақтың ұлттық 100-ші, 101-ші атқыштар бригадасы бір уақытта ұрысқа кірген. 101-ші бригада Мишуково, Букарево, 100-ші бригада Молодой Туд өзені жағалауындағы шайқастарға қатысқан. Ең ауыр да қайғылы шайқас 101-ші бригада қатысқан Мишуково қыстағы үшін болған соғыс. Қыстақ алма-кезек қолдан-қолға өтіп, адам шығыны өте көп болды. Мишуково шайқасы тек қана 39-шы армия мен Калинин майданы ғана емес ҰОС-тың тарихындағы айрықша қанды қырғынның бірі болып қалған. Осы аймақтарда Мишуково қыстағында және «Марс операциясы» кезінде 101-ші ДҰА бригадасы жауынгерлерінің 80-85 процентінен айырылды. Шайқас барысында бригада құрамы үздіксіз қазақ жауынгерлерімен толықтырылумен болды. Ржев асуындағы шайқаста қазақтың екі ұлттық бригадаларының жауынгерлері Мәскеуге жауды жібермей барлық соққыны өздеріне алды. Сталинградта қоршауда қалған немістің 6-шы армиясына сырттан көмек келудің жолын кесіп, майданның сәтті аяқталуына, Паульстің 24 генералымен тұтқындалуына үлес қосты.
Тверь облысы Оленино ауданының із кесушілер тобының жетекшісі Д.А.Жук 2007 жылы Оленино ауданын жаудан азат етуде және «Марс операциясының» қанды-қырғын шайқастарына қатысқан 100-ші, 101-ші ДҰА бригадасының жорық жолдарының толық деректерін РФ Қорғаныс министрлігінің мұрағатынан қайтарымсыз алуға қол жеткізген. Мұрағат қорынан 1942 жылы 25 қарашада 101-ші бригаданың құрамында 4880 жауынгер болғаны, бір айдан кейінгі «Марс операциясы» кезінде олардың 1858-і қалғандығы жайлы құпия құжатты алып, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігіне табыс еткен.
Тверь 1943 жылы 3 наурызда жаудан азат етілді. Оккупация кезінде Оленино ауданындағы 8 тұтқындар лагерінде 2000 адам азап шеккен. Аудандағы соғысқа дейінгі 80 мың адамнан 28 мыңы ғана тірі қалған. 400 елді мекенді фашистер өртеп жіберген. Аудан көлемінде опат болған жауынгерлерді жерлеген 29 бауырластар зираты бар. Оларда 30 мың адам жерленген. «Молодой туд» селосында 2 мың солдат пен офицер мәңгілік мекен тапқан. Олардың тек 574-і анықталған. Осы ауданның белсенді азаматтары аумақтағы бауырластар зираттарында жерленген жауынгерлерді, солардың ішінен 2000 мұсылман сарбазды анықтап, бір жерге қайта жерлеген. Мәскеуден молда шақыртып, Құран бағыштап, мешіттің айшықтарын орнатты. Мемориалды тақта қойған. Осындай ерлікке тең азаматтық жұмыс жасаған ауданның «іздестіру тобының» жетекшісі Д.Жукты 2013 жылдың 7 мамырында ҚР Президенті Н.Назарбаев «Достық орденімен» марапаттады.
2015 жылы 100-ші, 101-ші ДҰА бригадаларының құрылуымен жорық жолдарын және Орал өңірінен екі бригада құрамында соғысқан жауынгерлердің өмір жолдарын зерттеген «Шагнувшие в вечность»  (Мәңгілікке аттанғандар) кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Туынды авторлары З.Асимова мен М.Құрмашова. Осы шарада 101-бригаданың  комбаты Х.Бекішевтің «Батальон, вперед!» кітабының қазақша нұсқасы да таныстырылды. Соғыс бейнесін суреттеген туындыны қазақ тіліне аударған Р.Құрмашова. Шараға 101-ші бригаданы Ақтөбе қаласында алғашқы ұйымдастырушы, кейіннен осы бригаданың командирінің орынбасары болған Мұса Сәдібековтің қызы зейнеткер ұстаз, «Алтынсарин» медалінің иегері Сәдібекова Фарида Мұсақызын шақырған болатын.
2018 жылдың 7 ақпанында Оленино ауданы әкімшілігінің басшысы О.И.Дубов салтанатты мерекеге Сәдібекова Фарида Мұсақызына және 101-ші ДҰА бригадасының тарихын, жорық-жолдарын жауынгерлердің өмір деректерін зерттеп «Ржев қазанында қайнағандар» («Сражавшиеся в Ржевском котле») кітабын жазған осы жолдар авторына шақыру жіберді.
Мен бұл шараға бара алмадым. Ал, 101-ші бригаданың командирі орынбасарының зейнеткер қызы барып қайтты. Онымен оралдық Майра Құрмашева бірге барды.
Олармен Ржев қаласындағы №5, 100-ші, 101-ші атқыштар бригадасы атымен аталатын мектеп оқушыларының кездесуі ұйымдастырылыпты.  Фарида Мұсақызы 101-ші бригада командирінің орынбасары Сәдібеков Мұсаның портретін мектеп мұражайына сыйға тартты. Майра Құрмашева бригада құрамында Ржев қаласын жаудан азат етудегі жерлес жауынгерлері жайлы жазылған мате­риалдарды тапсырды. 3 наурыз күнгі салтанатқа Мәскеуден «Россия офицерлері» қауымдастығының ардагер­лері, Мәскеудегі қазақ диаспорлары, Мәскеудегі жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ студенттері, Белоруссия делегаттары және Тверь облысының барлық аудандарынан өкілдер келген. Сол күні мерекеге келгендерді Оленино ауданы әкімшілігінің басшысы О.И.Дубов қабылдады. Салтанатты қабылдауда Фарида Мұсақызы Оленино ауданы әкімшілігінің бас­шысына Қызылорда облысы «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Н.Мыңжастың құттықтау хатын және «Қызылорда-200» кәдесыйын тап­сырып, қазақтың шапанын жапты. «Сол күні мұсылман жауынгерлер жерленген «Молодой туд» бауырластар зиратына гүл шоқтары қойылып, Сыр бойынан алып барған топырақ салынды.
Село мұражайына келушілер 100-ші, 101-ші ДҰА бригадасының осы өңірді азат етудегі шайқас жолдарын бейнелеген экспозициялармен танысып, оларға осы жолдар авторының «Ржев қазанында қайнағандар» кітабының сүйінші данасы мұражайға сыйға тартылды.
Меймандар келесі күні Оленино аудандық өлкетану мұражайын көріп, батырлар аллеясына гүл шоқтарын қойды. Ауданды жаудан азат ету­дегі шайқастардың көрінісін тамашалады. Мерекелік жиында Тверь облысының заңдастыру жиналысының төрағасы Сергей Голубев құттықтау сөз сөйледі. Олениноға жақын арада «Рубеж войнской доблести» мәртебесі берілетіндігін айтты.
Биылғы Жеңіс күні Оленинода 50 жауынгердің мүрдесін қайта жерлеу рәсімі болады. Бұл шараға Майра Құрмашева тележурналистер алып барып, 101-ші ДҰА бригадасының жорық жолдары мен шайқастары жайлы деректі фильм түсіретіндігін жеткізді.
– Сұрапыл соғыстағы жеңісі көпұлтты кеңес халқының достығы мен татулығы, Отанына деген патриоттық рухтарының арқасында келгендігін білеміз. Сол достық, бірлік, бүгінгі күндердегі тәуелсіз Қазақстанда жалғасуда. Қаһарман  қаланың қайсар рухын сезініп қайттық, – дейді Фарида Сәдібекова.

                    Рысбай КӘРІМОВ, 
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Тарих 26 сәуір 2018 г. 98 0