Сыр өңірі қасиетті жерлерінің географиясы

 

«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», – деген еді Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында.

Сананы жаңғырту жұмысы мәдени жадқа, символикалық, киелі және мәдени-тарихи заттарға негізделуі тиіс. Киелі жерлер немесе рухани қасиетті орындар – халықтың рухани дәстүрінің тірегі. Қазақстанда мұндай орындар көп, олардың кейбіреулері әлемдік деңгейдегі жауһарлар болып табылады. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы ұлттық нышандарды, қазақстандық ұлттық бірегейліктің каркасын анықтауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, «киелі белдеудің» объектілері туризм индустриясы үшін өрлеу нүктесіне айналады.

«Қазақстанның киелі географиясын» құрас­тырған кезде негізгі үш элемент – әр қазақс­тандықты «Қазақстанның мәдени-географиялық белдігіне» қатысты танымдық дайындау, БАҚ-тың ақпараттық-үгіттеу жұмысын ілгерілету бойынша жүйелік тәсілдемесі, ішкі және сыртқы мәдени туризмнің халықтың символикалық мұрасымен шоғырлануы еске­ріледі.

«Қазақстанның киелі жерлерінің география­сы» − Елбасының Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында жасалған ауқымды жоба. Жобаны үйлестіруші – Мәдениет және спорт министрлігі, яғни орындаушы  – Ұлттық музейдің жанынан құрылған «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жобаны жүзеге асыру барысында осы уақытқа дейін еліміз бойынша киелі жер ретінде 100-ден аса нысанның тізімге алынатындығын, оның ішінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұралар тізіміне енген тарихи және мәдени ескерткіштердің бар екенін айтты.

Бүкіл еліміз бойынша «Киелі жерлер географиясы» ретінде 500-ге жуық нысан белгіленбек. Оларға археологиялық және сәулет ескерткіштері, ерекше құрметтелетін діни нысандар, тарихи тұлғалар мен саяси оқиғаларға байланысты киелі жерлерді картаға кіргізу көзделуде.

Ең алдымен киелі нысандарды іріктеудің өлшемдері болуы тиіс, сондай-ақ, оларды жобаға кіргізу үшін әдістеме жасалу қажет. «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы – діни жоба емес. Сондай-ақ, таза ғылыми жоба деп те айтуға келмейді. Өйткені, жобаның саяси жағы да бар. Санамызды дамыту үшін, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру үшін жұмыс атқару керек. Бұл бізге сырттан келіп жатқан жат идеологияларға қалқан болып тұру үшін қажет.

Жобаны жүзеге асыру барысында насихат жұмыстарына көңіл бөлініп, оның ішінде кітаптар шығарылып, мерзімді баспасөздерде материалдар жарияланып, бейнероликтер түсірілетін болады.  Сондай-ақ, бүкіл Қазақстан бойынша ұйымдастырылған экспедициялар бүгінде бірнеше облысты қамтыды.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асырудың негізгі қағидаларының бірі – кең көлемді кешенді зерттеу жүргізу, материал жинақтау. Биыл елімізде алты бағыт  (Оңтүстік, Солтүстік,  Шығыс, Батыс, Орталық және Оңтүстік-Шығыс)  бойынша ғылыми-зерттеу және дала экспедицияларын өткізу жоспарланған.

Қызылорда облысында мыңдаған тарихи-мәдени ескерткіштердің бар екенін ескерсек, олардың әрқайсысының тарихы, өзіндік ерекшелігі мен құндылықтары бар. Елбасы киелі жерлердің картасы туризмге де жұмыс жасау керектігін айтты. Сол себепті, киелі жерлердің ең белгілісін және болашақта туристік нысандар мен маршруттарға айналатын ескерткіштерді қамту керек. Сонымен қатар, өлкеміздің киелі орындарын көрсеткенде табиғи байлығымыздың ерекшеліктерін атап өту маңызды. Мысалға, Қаратау сілемдері, Сырдария өзені мен олардың көне сағалары, Қызылқұм құмды массиві, Қамбаш көлі және аты әлемге мәлім Арал теңізі және т.б. киелі нысандарымыз қасиетті жерде орналасқандығы баршамызға мәлім.

Біздің аймақ шығыстан батысқа қарай созыла орналасқандықтан, киелі орындарды тақырыптық топтарға бөліп бірнеше картасын жасауға болады. Оларды аралауда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолы үлкен маңызға ие. Бұл болашақта өлкеміздің туризм саласының дамуына әсерін тигізері сөзсіз.

Сыр бойының киелі жерлерінің тақырыптық экскурсиялардың технологиялық карталарын 4 ауданға – Қызылорда-Қаратау бағыты, Қызылорда-Қызылқұм немесе «Құм басқан өркениеттер» бағыты,  Қызылорда-Жетіасар-Қорқыт ата, Қызылорда-Арал теңізі бағыты деп бөліп қарастыруға болады. Осы бағыттар бойынша өлкеміздің қола дәуірінен бастап бүгінге дейінгі аралықпен мерзімделетін киелі (қасиетті) орындары енгізілді. Әрине, картаға барлығын қосу мүмкін емес, бірақ, осы маршруттар барысында көптеген қосымша нысандарды қамтуға болады.


Қызылорда-Қаратау бағыты

Қызылорда – Бәйгеқұм ауылы – Оқшы ата қорымы – Шиелі – Көккесене – Төменарық – Жаңақорған – Қыркеңсе ауылы – Төлегатай-Қылышты ата кесенесі – Қорасан баба қорымы – Сунақ ата ауылы – Сығанақ кешені – Еңбекші ауылы – Сауысқандық жартас суреттері.

Қамтылатын нысандарға сипаттама берейік.

Жеті әулие немесе Оқшы ата қорымы. Мұнда қазақтың жеті әулиесі, сөзге шешен датқалары, батырлары жатыр. Атап айтқанда,  Бала би, ­Есабыз, Ғайып ата, Қыш ата, Асан Қайғы, Оқшы ата, Досбол датқа кесенелері орналасқан.

Көккесене  – орта ғасырлардан орны сақталған архитектуралық ескерткіш, Cырдария өзенінің жағасына тұрғызылған сәулетті күмбез. Мамышбектің (Алып Мамыш, Алпамыс) жұбайы Баршын сұлудың (Гүлбаршын) қабіріне салжұқтар заманы сәулет өнерінің үлгісімен биік мұнаралы етіп салынған.

Төлегатай-Қылышты ата кешені. Төлегатай баба Сүйінішұлы (шамамен 15-ғасырда өмір сүрген) – тарихи тұлға. Найманның (Ақсопының) шөбересі.Төлегатай баба өз заманында қол бастаған батыр, елдің қамын жеп, бірлігін ойлаған қайраткер болған. Мазары Қылышты ата әулиенің қорымында. Қылышты ата – аруақты адам болған, ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген. Қайта жаңғыртудан өткен кешен – дайын туристік нысан.

Қорасан баба қорымы. Әбдіжәлил баб – Әли Абу Тәліптің (Әзірет Әлінің) жетінші ұрпағы, Хазірет имам Хұсайын әулетінен. ХVІІІ ғасырдың 2-жартысында Йеменде патшалық құрған. Әбдіжәлил баб пен оның ұлы Хұсайын баба жатқан жер «Қорасан әулие» аталып, бірнеше ғасырдан бері зиярат ету орнына айналып келеді. Олар жайлы ел аузында таңғажайып аңыздар сақталған.

 Сығанақ қалашығы – Қыпшақ хандығының (ХІ-ХІІІ ғасырлар), Ақ Орданың (ХІV-ХV ғасырлар), Қазақ хандығының (ХV-ХVІ ғасырлар) астанасы. Ұлы Жібек жолының маңызды бір тармағының бойында орналасқан Сығанақ қаласы Шығыс пен Батыстың көптеген ірі қалаларымен сауда, экономикалық, саяси және мәдени байланыстарда маңызды рөл атқарды. Сығанақ қалашығымен қатар Сунақ ата кесенесін, Сығанақ мешіт-медресесін тамашалауға болады.

 Сауысқандық петроглифтері. Қаратаудың Сауысқандық, Бала Сауысқандық тауларының Күркіреуік өзенінің оң жағалауындағы қыратта және Сауысқандық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Тарихы қола дәуірінен басталып, ортағасырларға дейін созылған петроглифтер сюжеттерінің ішінде Қаратау мен іргелес аудандардың фаунасы мен мекендейтін жан-жануарларды бейнелейтін зооморфты бейнелер басым. Жартас суреттерінің арасында антропоморфты бейнелерді, арбалар, аңшылық сюжеттерін, солярлық таңбаларды, «күн басты» тіршілік иелерін кездестіруге болады. 

 

Қызылорда-Қызылқұм бағыты

Қызылорда – Қармақшы ауданы, Көмекбаев ауылы – Бәбіш-мола қалашығы – Шірік-Рабат қала-қорымы – Сеңгіртам қорымы – Баланды кешені – Ұйғарақ қорымы – Оңтүстік Түгіскен қорымы – Солтүстік Түгіскен кесенесі – Жент қалашығы.

 Бәбіш-мола кешені – еліміздегі ең ежелгі қала. Б.з.д. ІV-ІІ ғасырларда егіншілікпен айналысқан Арал маңы сақтарының ірі орталығы. Қалашықпен қатар ондаған қоныстар мен ірі ғибадатхана орналасқан кешен.

 Шірік-Рабат қала қорымы – б.з.д. IV-II ғасырларда қанатын жайып, Арал маңы сақтарының «дах» деп аталатын тайпасының діни-рухани астанасына айналған орталық.

 Сеңгіртам қорымы – Сырдың төменгі ағысын б.з.д. VІІІ-VІІ ғасырларда мекендеген көшпелі тайпалардың «өлікті өртеу» ғұрпы жүрген «шлакты» обалар мәдениетінің қорымы.

 Баланды кешеніне – б.з.д. ІV-ІІ ғасырлар мерзімделетін қоныстар мен ірі жерлеу құрылыстары кіреді. Әсіресе, Баланды-2 кесенесі ең алғашқы дәстүрлі күмбезді сәулет өнерінің туындысы болып табылады.

 Ұйғарақ және Оңтүстік Түгіскен обалы қорымы – б.з.д. VII-V ғасырларда Аралдың шығыс өңірін мекендеген тайпалардың мате­риалдық мәдениетінің бейнесін толық сипаттайтын ескерткіштер.

 Солтүстік Түгіскен кесенелері – кейінгі қола дәуіріндегі (б.з.д. ІХ-VІІІ ғасырлар) көсемдер жерленген орын. Саз кесектен тұрғызылған кесенелер Орта Азия мен Қазақстан ғана емес бүкіл Евразия даласына танымал ескерткіш.

 Жент – Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы ортағасырлық қала орны. Қалада мұсылман дінін ұстанған түркі тайпалары қоныстанған. Жент Х-ХІІ ғасырларда Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы негізгі үлкен қала болған.


 Қызылорда-ЖетіАсар-Қорқыт ата

Қызылорда – Тереңөзек – Қалжан ахун мешіт-медресесі – Жалағаш – Қармақшы ауданы, Тұрмағанбет ауылы – Жалпақ-асар – Қурайлы асар – Кіші Қос-асар – Үлкен Қос-асар – Томпақ-асар – Алтын-асар – Бұзық-асар – Ордазы (Сортөбе) – Қорқыт ата кешені – Қармақшы ата қорымы – Марал ишан кесенесі және Қалқай ишан кесенесі.

 Қалжан ахун мешіт-медресесі. XIX ғасырдың аяғында салынған медресе. Мешіттің батыс беткейіндегі қорымда өзі жерленген. Қалжан ахун 1862 жылы Хиуа хандығында дүниеге келген және Хиуа мен Бұқараның рухани оқу орындарында білім алған. Мешіт-медресе республикалық маңызы бар мемлекеттік ескерткіштер қатарына жатады.

 Жетіасар қалалары. Жетіасар жазирасында б.з.д. I мыңжылдықтың соңы мен б.з. VIII-IX ғасырларға дейін тіршілік ошағы болған жалпы саны шамамен 50-ден аса қамал-қалалар бой көтерген. Оның 27-сі Жетіасар алқабында 5-7-ден топ-топ болып, Сырдарияның көне салаларының бірі Қуаңдария мен Ескідариялықтың ондаған ұсақ тарамдары мен қолдан қазылған оман арықтарының бойына салынған. Олардың қазіргі үйіндісінің биіктігі 18-20 метрге жетеді. Асарлардың барлығы әртүрлі деңгейде жасалған қорғаныс жүйелерімен қоршалған. Қорған іші тұрғын үй, зәулім сарай және қолөнер шеберлері тұратын бөліктерге бөлінген. Картаға жеті қалашықты ғана енгізіп отырмыз.

 Ордазы (Сортөбе) – Қорқыт ата дәуірінде өмір сүрген оғыздардың қалашығы. Археологиялық қазба жұмыстары барысында құнды жәдігерлер табылған.

 Қорқыт ата кешені – сәулет өнерінің айрықша үлгісі. Өлкеміздің басты киелі орны ғана емес басты туристік нысан. Ескерткіш түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт бабаға арнап салынған. Кешенге жақын Сырдарияның оң жағалауында Қорқыт атаның кесенесі болған үлкен қорым бар. Қорым бірнеше кезеңді қамтиды. Осы қорымға барар жолда аңыздарда кездесетін Ақсақ қызға арналған мұнара түріндегі ескерткіш тұрғызылған. Деректерге сүйенсек, Ақсақ қыздың да моласы осы тұста болған. 

Қорқыт ата ескерткіші гранит тастан жасалған 4 тік стелладан тұрады. Әрбір стелла әр тарапқа қаратып тұрғызылған құлпытастарға ұқсайды. Жоғары жағы кеңейе келіп, шөміш пішінінде түйісетін стеллалар қобыз бейнесін де меңзейді. Түйісер түбіндегі орталық тесігінде металл түтіктер бар. Олар жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Аңыздарда айтылғандай, Қорқыт ата мазарында соққан желге үн қосатын қобыз қойылған. ­Амфитеатр, қошқар бейнесіндегі ескерткіш, музей, т.б. нысандардан тұратын тұтас архитектуралық ансамбль жасалып, мемориалдық кешенге айналды.

 Қармақшы ата (шамамен 1630-1710 жылдары өмір сүрген) – әулие. Әулие атаның мейірім-шапағатына бөленген елді мекен – қазіргі Қармақшы ауданы кейін осы кісінің лақап есімімен аталып кеткен. Әулие қабірінің басына кезінде мазар салынып, белгі тұрғызылған.

 Марал ишан (1769-1841 жж.) – имам, жерді отарлауға қарсы халық қозғалысын ұйымдастырушы. Марал ишан Кенесары Қасымұлының туған нағашы ағасы. Ханның ұлт-азаттық көтерілісін қолдаған. Марал ишанға қатысты көптеген деректер мен аңыздар бар.

 Қалқай ишан Қалмұхамед Маралұлы (1815-1870 жж.) қайраткер. Марал ишанның үлкен баласы. Әкесінен діни тағылым алып, кейін Бұхара мен Бағдат қалаларындағы діни медреселерде оқып, білімін толықтырған. Қалқай ишан мешіт, медресе салып, жастарға мұсылмандық білім берумен қатар, елді егіншілікке үйреткен. Екеуінің де мазарлары бір қорымда орналасқан. Бүгінде осы кесенелер тәуеп ету орындарына айналған.

 

Қызылорда-Арал теңізі бағыты

Қызылорда – Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті – Өркендеу ауылы – Қамбаш көлі – Бегім ана мұнарасы – Ұзынтам мұнарасы – Көкарал платинасы – Арал-асар қонысы – Кердері кесенесі – Барсакелмес қорығы.

 Жанкент қалашығы – ІХ-ХІ ғасырларда өмір сүрген. Оғыз мемлекетінің ордасына айналған ірі қалалық орталық.

 Бегім ана мұнарасы – шамамен X-XII ғасырлардан сақталған сәулет өнері ескерткіші. Аңыз бойынша, Бегім ана Жанкент әмірінің әйелі, нақақ жаланың құрбаны болған. Қазақстанда осы тәріздес ортағасырлық мұнаралар (Ұзын там, Сараманқоса) көп кездеспейді, ал Орта Азияда мүлде жоқ. Бірақ «мұнаралы кесене» деген атаумен белгілі (XIII-XIV ғасырлардан кейін) мұндай ескерткіштер Иран, Түркия, Әзірбайжанда кең тараған. Бұл жағдай осы елдерге Арал аймағынан түркі тайпаларының ығысып баруына байланыс­ты болуы мүмкін.

Ұзынтам мұнарасы – сәулет өнерінің ескерткіші.

 Арал-асар қонысы және Кердері кесенесі – Арал ауданы, Қаратерең ауылынан 65 шақырым жерде орналасқан. Қоныстың жалпы көлемі 6 гектар. Кердері кесенесі – Арал теңізінің кепкен табанында Барсакелмес аралының солтүстігінде 30 шақырымда орналасқан. Табылған жәдігерлер бойынша ескерткіштерді Алтын Орда дәуірімен (XIII-XIV ғасырларда) мерзімдеуге болады. Бұл Арал теңізінің осы дәуірде тартылғанын көрсетеді.

Киелі орындардың тақырыптық-туристік маршруттық картасы туристер үшін қолайлы болу керек. Аталған нысандардың басым бөлігіне туристер апаруға болады. «Қызылорда облысының қасиетті жерлерінің географиясы» атты облыстық іс-шаралар жүзеге асқан жағдайда киелі нысандарға қатысты аңыздар мен хикаяттарды жинақтау үшін аудандарға экспедициялар ұйымдастыру қажет. Нәтижесінде Сыр өңірінің қасиетті орындарын қамтитын үлкен еңбек шығары сөзсіз.

 

Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВ, 

Қорқыт ата атындағы ҚМУ 

«Археология және этнография» 

ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, 

тарих ғылымдарының кандидаты.

Тарих 19 сәуір 2018 г. 249 0