Қазақ өнеріндегі Қожықовтар қолтаңбасы

 Қоңырқожа мен Ләтипаның Тәшкендегі өмірі бірқалыпты ағыспен өтіп жатты. Ерлер маңызды мемлекеттік жұмыстардан, әйелдер бала тәрбиесінен босамайды. Дегенмен, әйелдер жағы да қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрді. Сол кезде Қазақ ағарту институтының оқытушылары мен олардың жарлары, шәкірттері қатысқан көркемөнерпаздар тобы құрылған. Бұл топ сол тұстағы  Тәшкендегі «Колизей» театрында өтіп тұрған «Шығыс кештерінде» бірнеше рет өнер көрсетті. Сахнаға «Біржан-Сара» спектаклін әзірлеп, Ләтипа Сараның анасының рөлін ойнайды, осы қойылымның суретші-декораторы болып, костюмдерін әзірлейді. Режиссері кейін ұлт театрының негізін қалаған Дінше Әділов еді. Спектакльге Рабиға Асфендиярова-Лапина, Гүләндәм Қожанова, Хадиша Лапина, Гүлбахрам Шалымбекова-Тынышпаева, Ұлдар Нарбекова да қатысады. Қойылымда рөл ойнаған Үрия Тұрдықұлова, Құрманбек Жандарбеков пен Ләтипа Қожықова кейін опера және балет театрының негізін қалауға қатысады.
Тәшкендегі бүкіл ағайынның бас қосар жері – Қоңырқожаның қонақжай шаңырағы. Сол уақытта Ләтипа күйеуіне көмектесу үшін тақия, шапан, малақай сияқты бұйымдарды тігіп, сатып жүреді. Шамасы, оның бойындағы тігіншілік талант осы кезде оянса керек. Түп негізі, яғни мектебі ел ішіндегі шеберлер еді. Ол тігін тігіп, ою оюды, өрнек салып, бұйымдар тоқуды бала кезінен бойына сіңіріп өсті.  
Қазақ Кеңестерінің V съезі қабылдаған шешімдердің бірі – Қызылордадан ұлт театрын ашу еді. Театрға керекті мамандарды жинау кезінде Д.Әділов өнерпаздармен бірге Ләтипаны да шақырды. Сәндік қолөнер туындыларының негізінде сахнаны безендіруші, ұлттық киім тігуші ретіндегі қызметі осыдан басталды.
1937 жылдың аласапыраны Қожықовтар әулетін айналып өткен жоқ. Жаппай тұтқындаудың кесірінен кеше ғана берекесі тасыған, сәби күлкісі естілетін үйлер мен пәтерлер біртіндеп босап қалды. Тұтас отбасылар жойылып кетіп жатты. Ер азаматтармен қоса олардың аяғы ауыр әйелдері, тіпті балалары тұтқындалды. Қанды шеңгелдің тырнағы ең алдымен Тұрар Рысқұловтың отбасына батты. Түрмеге жаңа туған қызымен бірге  әйелі Әзизаны әкетті. Тәшкеннен Мәскеуге шақырылған Сұлтанбек Қожанов сол жақта тұтқындалып, көп ұзамай атылды. Әйелі Гүләндәм «халық жауының әйелі» деп айыпталды. Балалары жетімдер үйіне жіберілді. Кейіннен Ләтипа сіңлісінен туған балаларды өз қамқорлығына алған. Оның алдында бауыры Әбдірахман «шетел жансызы» деп  қамалды. Ағасы Серәлі Лапиннің қызы Рабиғаны да күйеуі Санжар Асфендияровтан кейін лагерьге айдаған. Жан-жағына жарық түсірген, қазақ интеллегенциясының қаймағы болған арыстай азаматтардың кейінгі тағдыры белгілі.
Осының барлығын бастан кеше отырып, келешегін ой елегінен өткізген Ләтипа өзі үшін де, Қоңырқожа үшін де жан ауыртарлық шешім қабылдайды. Бұл туралы немересі Сәуле Қожықованың «В перипетиях времени» атты естелігінде жазылған. Өзінің  және бауырларының балаларын сақтау, қорғау үшін Ләтипаға қалайда бостандықта қалу керек болды. Сөйтіп күйеуін тұтқындауға келгендерге Қоңырқожамен бірге тұрмайтынын айтып, саналы түрде өтірік сөйлейді. Таразының бір басында балаларының болашағы, екінші басында өмірлік жарының тағдыры тұрды. Қоңырқожаның бұған дейін тұтқындалғандардың ізін басатыны, «жазалау машинасының» табанынан аман шықпайтыны анық еді.  Сондықтан мінезі өткір, ісі мығым әйел балалары үшін осындай қадамға барған. Сол сәтте шұғыл шешім қабылдап осындай әрекетке бару себебін күйеуі түсінді ме? Өмірінің соңына дейін Ләтипаның жүрегіне түскен осы жара айықпады.
Күйеуін тұтқындап әкеткен соң, Ләтипа бар өмірін балаларына арнады. Қазақ театрының іргетасы қаланған күннен бастап әртістерге киім тігу ісіне бейімделгені оған өмірлік рухани азық болды. Спектакльдердегі сахнаны безендірген қазақы жиһаздар, әртістер  киген костюмдердің таңдаулылары оның қолынан шықты. 1936 жылғы Мәскеудегі әйгілі онкүндікте өнер шеберлері Ләтипа тіккен киімдерді киді. Қазақ өнерінің қарашаңырағын өз қолдарымен құрған марқасқалар –  Қанабек, Күләш, Серке, Құрманбек, Елубайлардың сахналық киімдері Ләтипаның эскизі бойынша тігілді. Қазақ әйелдерінің арасынан шыққан тұңғыш суретші-декоратор ретінде оның есімі тарихта қалды.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында АҚШ Президенті Рузвельтке сыйға тартылған ұлттық киім Ләтипаның қолынан шыққан. Бұл сыйды және киіз үй жабдықтарын әлі күнге дейін Рузвельт мұражайы құнды жәдігер ретінде сақтап отырған көрінеді.
Л.Қожықованың қолданбалы өнерді дамытуда өзіндік қолтаңбасы бар. Ол ұлттық қолөнер дәстүрінің ең озық үлгілерін киімдерге, жабдықтарға, жиһаздарға пайдалану арқылы қазақтың шеберлік өнерінің ғұмырын ұзартты. Ежелгі қазақ қолөнері дәстүрімен тоқылған сәндік бұйымдары Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы, сондай-ақ аймақтық мұражайларда кезігеді.
Ертеңгі күнге үмітін жалғаған ананың еңбегі еш кеткен жоқ. Көңіліне медеу тұтқан перзенттері – Қожықовтардың барлығы да қазақ өнері мен мәдениеті тарихынан ойып тұрып орын алды.

(Басы өткен санда.
Жалғасы бар)

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
Тарих 16 сәуір 2018 г. 209 0