ОРБҰЛАҚ ШАЙҚАСЫ - ТАРИХИ ЖЕҢІС

1643 жылдың жазында Орбұлақтағы Салқам Жәңгір хан мен Самарқанның әмірі Жалаңтөс баһадүрдің жоңғарларға қарсы қол біріктірген шайқасының жеңісі бұдан бірнеше жылдан кейін Ордабасында үш жүздің хаңдары мен батырларыныңбилерінің ауызбіршілікпен жиналыпортақ тіл табысыпбірігуінің тарихи  маңыздылығы барлығын дәлелдепой салдыБұдан былай бір жағадан басбір жеңнен қол шығарыпбасқыншы жауының бетін қайтарып отырды.

Өткен ғысырдың 1993 жылы Үкіметіміздің бастамасымен Орбұ­лақтағы ұлы жеңістің 350 жыл­дығын халқымыз лайықты атап өтіп, ерліктің бағын ашып, кейінгі ұрпаққа өлместей жаңғыртып, өнеге тастады. Сөйтіп, осы кезге дейін күмән туғы­зып, жұмбақ болып келген ол жеңіс егемендіктің тарихынан ойып тұрып орын алды.

Қазақ халқының жоңғар шап­қын­шылығына қарсы ұлт- азат­тық соғысында ұлтымыздың қаһар­мандарының ел тағдыры мен жер тағдырын батыл шешіп, ұлтын қорғай алатындығын дәлелдеп, көрегендік саясатының мызғымас беріктігін көрсетті.

Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы туралы 7 маусым 1993 жылы қаулы қабылдап, сол жылы елімізде бірқатар тағылымды шаралар атқарылды. Белжайлаудың төріндегі Орбұлақта ұлан-асыр той өтіп, халқымыздың бірлігін, ынтымағын тағы бір паш етті. Кескіліскен шайқас өтіп, жанталаса қорғаған жерге белгітас қойылды. Ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары бұл іске белсене араласып, материалдар жариялап, арнайы телехабарлар арқылы ата-бабаларымыздың ерлігі қайта жаңғыртылып, жария етілді. Батырлардың есімдерін мәңгілікке қалдыру бағытында ұлы жеңіске ерекше мән берілді.

Әлем жұртшылығының назарын аударған Елбасымыздың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мән-маңызы жоғары әрі өміршең мақаласы ел мен өлке тарихындағы осындай құндылықтарымызды дәріптеуге үндейді.

Салқам Жәңгір мен Алшын Жалаңтөстің қолбасшылығымен басталған ауыр шайқаста Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Алшын Жиенбет, Қаңлы Сарбұқа, Найман Көксерек, Дулат Жақсығұл, Суан Елтінді, Қырғыздар Көтен мен Табай батырлар Жетісудан жауды қуып шығып, жанқиярлық көрсетті. 

Жоңғар, ойрат, төлеңгіт, қалмақ­тар да өз ішінде талай зобалаңды бастан кешірді. Өзара араздасып ауызбіршіліктері кете бастаған ойрат ұлысы өріс-қоныстарынан айрылып, басқа жерлерге қоныс аударды. Олардың көзіне Дешті Қыпшақ даласы мен Моғолстан қарамағындағы Жетісу өңірі түсіп, қызығушылықтарын оятты. Ертіс, Шідерті, Қамысты, Есіл бойларын иемденіп, Еділ сағасындағы суы мол жайылымды жеріне ауыз салды. 1640 жылы Тарбағатай құрылтайында «Дала жосығын» қабылдап, Жоңғар хандығы мемлекетінің құрылымын тіктеп алуға кірісті. Бұған қытайлардың қысымы, жаңа құрылып жатқан қазақ хандығы кедергі келтіріп, мақсатын жүзеге асыртпай, жолдарын байлай берді. ХVII ғасырдың 30-жылдары ойраттардың билеушісі Хара-Хұла өмірден өтті. Осы қолайлы сәтті ұтымды пайдалануға асыққан Батыр қонтайшы қалмақтың басы бірікпеген үш тайпасын өзіне бағынышты етті. Олардың көсемдері, торғауыттар басшысы Хо-Өрлік пен Дүрбіттердегі Далай тайшының көмегіне сүйеніп, бірлескен мемлекет құрды. Бұл тарихта Жоңғар хандығы деген атымен әйгіленді. Осы ғасырдың екінші жартысынан бастап жоңғарлардың қазақ даласына басқыншылық соғыстары өрши түсті. Олар Қытай мен орыстың отты қару-жарағын қолға түсіріп, біраз күшейіп алып, айналаға көз аларта бастады. Батыр қонтайшы он тоғыз жыл ел (1634-1653) билеген кезінде қазақ хандығына үш рет ірі әрі жойқын шапқыншылық жорықтар жасады.  

Алғашқы шайқас 1635 жылы тұтқиылдан басталып, жоңғарлар жеңістің дәмін татты. Одан кейінгі Орбұлақ шайқасы тарихта ерекше орын алды. Орбұлақ қолайлы қорғаныс және соғыс жүргізу үшін қазақтарға өте ыңғайлы болды. Қорғаныс желісі мен шабуылды  ұтымды әрі тиімді ұйымдастырды. Жалаңтөстің жасақталған кәсіби әскері, жоңғарлардың тас-талқанын шығарып, ту-талақай етті. Мысын басып, біраз шығынға батырды. Қанды шайқас орнында қазылған ордың іздері әлі де сайрап жатыр.

Қоянды тау шыңының шығыс жағында Күреңкейтау, Аламантау, Сарытау, Боқан таулары иықтасып созылып жатыр. Көкжеті тауының арғы жағында жоңғарлар. Таудың жоталарында терең сай бар. Таудың етегімен келе жатқан жоңғарлар шұңқырға жайғастырылған қазақ жауынгерлерін байқамайды. Орбұлақтың қия беткейіндегі қойтасты паналаған қазақтар жауын улы жебемен қарсы алады. Сонымен қатар, сасықтекенің түтінегін де пайдаланады. Улы жебе қадалса, безгек тигендей сұлап түседі. Сасықтеке шілде айында гүлдейтін улы шөп. Соны суға қайнатып, оған шүберек малып кептіреді. Сосын жағып өртейді. Жан-жаққа жайылған түтіні жан-жануарды уландырып тастайды. Мұны байқап, аңғармаған жау жапырып тастамақ болып лап береді. Олар осы кезде улы жебе мен улы түтінге ұрынады. Аузы-басын тұмшалап, ешкінің майымен майлап алған қазақ жауынгерлері улы түтінге тұншыққандарды шетінен жапырып шаба береді. Ал қазақтар уланса қымыз бен меңдуананы араластырып ішіп, тазарып алады. Аттары уланса тұмсығына құйрық маймен ұрып сауықтырады. Алғашқыда жаппай қырылып, біраз шығынға ұшырап не болғанын білмеген ойраттар біразға дейін естері шығып, беттемей қалады. Сөйтіп, уақыт ұтқызып, көмек келгенше қазақтар біраз күнді оздырады.

Белжайлаудағы  Итшоқы  жотасының баурайында 1993 жылдың 3 шілдесінде мерейтойлық шаралар басталып, сол кездегі Қазақстан Министрлер Кабинетінің төрағасы С.Терещенко мен Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев халқымыздың тарихи қаһармандығын қатысушыларға жансүйсінерліктей әңгімелеп, ата-бабаларымыздың жанталасқан орасан зор ерлігіне бас игізіп, мақтан етті. Ел қорғау мен жер қорғау, ұлтты сақтаудағы батырларымыздың қайсарлығы мен табандылығын, елу мың әскерлі қонтайшыны бар болғаны алты жүз қолмен әдепкі кезде тойтарып, бетін қайтарғанын, Салқам Жәңгірдің әскери тактикасының үздіктігін жарияға жар салды. «Солардан қалған белгідей айлап-апталап бастарын ажалға тіккен ардақтылардың жанына түскен жыртықтай, тәніне түскен тыртықтай боп атам заманғы оқпана шұңқырлар әлі жатыр», – деді дарынды жазушы Әбіш ағамыз. 

Қанды шайқас орнында қазылған ордың айқын іздері, ерліктің қаншалықты қымбатқа түскенінің айқын дәлелі. Бұл соғыс қазақ халқының ауызбіршілігін, бір-біріне деген жанашырлығын, ынтымақты жарастығын, қиын-қыстау кездегі өзара қамқорлық жасау керектігін тағы да дәлелдеп берді. Қазақ хандығын басқарған Жәңгір хан сарбаздарына Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүр 20 мың әскерімен көмекке келіп үлгеріп, дұшпанның бетін қайтарып, белін сындырды.

Жер ыңғайына байланысты Орбұлақ қорғаныс пен оңтайлы қарсы ұрысқа әдейі таңдалған. Салқам Жәңгірлердің аз қолмен шабуылдауға қолайлы қорғанысы болатын. Таудың теріс беткейі, түстігі тау арнасына кірер өзен. Жау беттейтін жақ тегіс те, жан-жағы қолға ұстатқандай айқын көрінетін. Сырт беті терең сай. Осы қамажауда жақындағанын тырп еткізбей оққа ілдіріп, әрі қарға адым бастырмай қағып түсіруге ыңғайлы бекініс еді. Тек жауды жақындатып бетпе-бет келтірмей, маңайлатпай, көмек келгенше уақыт созып, шыдап, төтеп берсе болғаны. Жалаңтөс баһадүр қолымен бірге Кіші жүз Әлім ұлы, Төртқара Жиембет батыр бес мың қолды жинап, сақадай сай қаруландырып, асығыс аттанады. Олар Елек тұсынан самарқандық қалың қолға қосылады.

Орбұлаққа дейін Батыр қонтайшы қырғыздарды 50 мың қолымен шауып, 10 мың тұтқынды  қол-аяғын кісендеп айдап келе жатқан. Осы жеңісіне масайрап, Жетісуды баса-көктеп, талап-тонап, оңай олжаға кенелмек те ойы болған. Жері шүйгін, суы мол тау ішіндегі  қолайлы жер Үйгентастың белі арқылы, Арал төбе мен Қоғалыны тіке басып, Қараталға қарай өтсе, Жетісуды оңай шауып, олжалап өз ұлысына қарай асып түсуге болады. Қазақ қолы қонтайшының бұл айласын алдын ала түсініп, көп шығынға жол бергізбей, алдын кесіп, қос бүйірден қысатын жерге тосқауыл қоюды ойластырған.

1643 жылғы маусым айының аяғында қонтайшы әскерінің алдын Белжайлауға  жеткізіп, бас-аяғын шілденің бас кезінде жинап алып, қазақтарға қалың қолмен шабуыл жасауды ойластырады. Олар Салқам Жәңгірдің жауынгерлері жолын бөгеп, соншама тосқауыл болып, төтеп береді деп күтпеген. Осы аз ғана уақытты қазақтар тиімді пайдалануға жанталасып, Самарқандағы Жалаңтөс Баһадүрге шұғыл хабар беріп, тез жетуін өтінген. Олай болмаса Жетісу бойын күші басым қонтайшы әскері қан-жоса етіп, жайпап кететінін түсінген.

Батыр қонтайшы қырғыздарға Алакөлдің солтүстік беткейіндегі ордасынан Ресей мен Қытайдан алдырған отты қарулармен жасақталып аттанғанын көрсететін тарихи дәлелдер жеткілікті.

Сол тұста Жоңғар жерінде болған Тобылдың әскери қызметкерлері Григорий Ильин мен татар Кучембердейко Кучеевтің күнделіктерінде Батыр қонтайшы Белжайлаудағы Орбұлақ шайқасында әскерінің ауыр соққыға ұшырап, біраз жауынгерлерінен айрылып, қатты қайғырып, өкініп отырғанын жазады. Бұл жорық  жоңғарларға оңайға соқпаған.

Теке өзенінің бойындағы Қабықсары тауында батыр қонтайшының зайыбы Дара Уба Залча айым орыс елшісі Г.Ильинді қабылдайды. Бет біткеннің сұлуы, хор қызындай үлде мен бүлдеге оранған ол көңілсіз еді. Ханшаның әкесі Хо-Өрлікте кезінде хан болған. Осы кездесуде жұбайы Батырдың жорықтан әбден абыржып, көңіл-күйі бұзылып, ордасынан сыртқа шықпай, үнсіз жатқанын айтып, ешкімді қабылдамайтынына көзін жеткізген. Шынында да қонтайшыға бұл жеңіліс ауыр соққы болып тиіп, абыройын айрандай төгіп, бақталастары арасында беделі түсіп, еңсесін жерге қаратты.

Тұран өлкесінің әскери Бас қолбасшысы Жалаңтөс батыр қонтайшының әлде де тек жатпай, кек сақтап, қайта соғатынын түсінді. Ол жоңғарлар арасындағы беделін қайтаруды ойластырып  жатқанын сезді. Самарқанның батыр-әмірі осы жеңісті шайқастан соң, әскерінен 17 мен 25 жас аралығындағы бес мың жігітті Жетісу аймағын қорғауға қалдырды.

Белгілі жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың «Жалаңтөс баhадүр» тарихи романында да Орбұлақ шайқасы оқиғасы көркем тілмен образды түрде жан-жақты суреттеліп, шынайы баяндалғаны патриоттық сезіммен ерекше әсер етеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған тапсырмаларын жүзеге асыру негізгі парызымыз. Соңғы кездері руханиятқа қамқорлық бағытындағы жұмыстар жанданып, қанатын кеңге жаюда. Биылғы жылы Орбұлақ  шайқасындағы ұлы жеңіске 375 жыл толады.

Бұған дейін де Самарқан әмірі, бас әскери қолбасшы Жалаңтөс баһадүрдің туған жері Қызылорда облысында көп шаралар атқарылған болатын. Қазалы ауданы мен Арал ауданының орталығында ескерткіші қойылды. Қызылорда қаласында салтанатты да зәулім ескерткіш бой көтерді. Арал қаласында спорт кешені  ашылып, есімі берілді. Қазалы ауданындағы «Қызыл ту» ауылы Үкімет шешімімен Жалаңтөс Баһадүр атымен аталды. Жалаңтөс Баһадүр атындағы дарынды балалар спорт мектебі Қызылорда қаласында ашылып, оның оқушылары республикалық, халықаралық, әлемдік жарыстарда  жүлделі орындарды иемденіп жүр.

Орбұлақ шайқасы өткен Алматы облысы, Панфилов ауданында Салқам Жәңгір мен оның 56 сарбазы жерленген қорым қоршалып, белгітас орнатылды. Сөйтіп, Жаркент жұртшылығы осы өнегелі іске, жанды бастамаға жанашырлық танытты.

Әлде де болса Салқам Жәңгір хан мен Самарқан билеушісі Жалаңтөс баһадүр мен бірқатар батырлар лайықты дәрежеде ұлықталмай келе жатқанын аңғарамыз. Бұл айқас, бұл ерлік ұрпақ жадында мәңгі сақталу керек. Осыған орай «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» және  «Түгейболат» қайырымдылық қорларының идеялары бір жерде тоғысып, өздерінің қоғамдық негіздегі атқарар жұмыстарын біріктіріп отыр.

Осы орайда, Оңтүстік Қазақстан облысындағы, Қазығұрт ауданы арқылы Өзбекстанға қарай өтетін, халықаралық күре жолдың бойындағы бір жотаны жұртшылыққа рухани нәр беретін тарихи орынға айналдыруды мақсат етті. Осында  «Бабалар рухына тағзым» кешені, Ұлы Отан соғысына қатысушылар ескерткіші тұрғызылып, Жастар саябағы ашылған. Осылардың жанына Орбұлақ шайқасы батырларының еңселі ескерткіші қосылмақ. Қос батыр, әскербасы Салқам Жәңгір хан мен Самархан әмірі, ұлы Әйтеке бидің бабасы Жалаңтөс баһадүрге, Орбұлақ шайқасы батырларына кешенді ескерткіш орнатуға кірісіп кетті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың тапсырмасы бойынша Ұлы жеңісті тойлау ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен бекітілген «2016-2018 жылдары өткізілетін мерейтойлар мен атаулы күндердің тізіміне» енгізілген. Осыған байланысты кино түсіру, қойылым қою, көрме, дөңгелек үстел, конференция және тағы басқа шаралар өткізіледі. Бұған еліміздің аймақтарындағы қоғамдық ұйымдар мен азаматтар белсене қатысып, Орбұлақтағы  ұлы жеңістің мән-маңызын арттырып, шырайын шығарып, рухани жаңғырудың өрісін кеңейтетіні сөзсіз.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес үстіміздегі жылы Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңістің 375 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтіп, Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы халық игілігіне айналып, тәрбиелі түрде тұрақты жүзеге аса беретін болады. Бұл өміршең идея.

Нажмедин  МҰСАБАЕВ,

    Жалаңтөс баһадүр атындағы

республикалық қордың төрағасы.

Тарих 12 сәуір 2018 г. 1 286 0