БАҚЫТ ҚҰСЫ немесе Қараша мен Жиенбет батырлар хақында

Ел-халық өзін қорғаған, өзі үшін құрбан болған ерлерін неше мың жыл өтсе де жадынан шығармайды. Олардың хикаясы ауыздан ауызға көшіп, бабадан балаға дейін аңыз болып айтыла береді.

Соның бірі –  Қоңыраттың үлкен бір аталық тармағы атымен аталатын Қараша батыр туралы аңыздар.

Халық «Көктің ұлы» деп атаған Тәңірберген хан тоқсан жасқа таянғанда түс көріп, билікті шөберемнің емес, шөпшегімнің ішінен біреуі ұстайды деп жорыпты. Сөйтіп, шөпшектерін барлап қараса, барлығы асық ойнап, асыр салып жүреді. Ал тоқалдан туған Қараша деген шөпшегі кітап оқып отырады. Сонда сол Қараша он жасқа толар-толмас шақта екен.

Тәңірбергеннің бас уәзірі ханның талай сынынан өтіп, сеніміне кірген адам болыпты. Хан осы бас уәзіріне:

– Мен өле қалсам, тақты саған тапсырамын. Шөпшегім Қараша он төртке толғанда сен тақты оған бересің. Бәйбішенің балалары жол біздікі дер. Олардың жауласуына жол берме, осыған уәде ет, – депті.

Бас уәзір уәде береді. Хан өліп, орнын уақытша бас уәзір басады. Осы кезде елдің бәрі у-шу болып, «тақтың өз мұрагерлері бар, тақ соған берілсін» деп дау шыға бастайды. Сонда бас уәзір халыққа ханның аманатын жеткізіп, тақтың иесі Қараша болатынын айтады. Мұны естіген бәйбішеден туғандар Қарашаға қастандық жасауды ойластыра бастайды. Бас уәзір мұны біледі де, баланы атқа міндіріп, жанына серік қосып алысқа кетіңдер деп аттандырады. Олар жүріп отырып, бір ауылдың үстінен түседі. Ел ішіндегі жағдайдан хабардар болып отырған бұл ауылдың күн сайын барлық жұртты жиып, ап-пақ құсты аспанға ұшыратын әдеті болыпты. Бұл құсты бақыт құсы деп атапты. Құс кімнің басына қонса, соны хан болуға лайық деп есептейміз деген пәтуалары болған. Бірақ құс әлі ешкімнің басына қонбапты.

Бала Қараша мен серігі осы ауылға келгенде жұрт тағы да бақыт құсын ұшырып көрмекке жиналып жатыр екен. Қызықтап бұлар да барады. Бісміллә деп құсты ұшырады, құс топтың шетінде тұрған Қарашаның басына қонады. Жұрт бұл баланы танымайды.

– Қаңғырып жүргендер ғой, – дейді біреу дауыстап.

– Қаңғырып жүргенге хандық қайда, қайта ұшырыңдар, – деп ақсақалдар құстың бұл қонуын тән алмайды. Пыр етіп ұшқан құс тағы да Қарашаның басына қонады. Енді тәмам жұрт сасайын деді, не істерін білмей дал  болды.

 – Ер кезегі үш деген, тағы да бір көрейік. Егер бақыт құсы бұл жолы да қайыршыға қонса, онда алжығаны, – дейді ауыл биі.

Құс тағы да Қарашаның басына қонады. Қайта-қайта ұшыра берген соң «енді мені мазаламаңдар» дегендей, құстың көзі қып-қызыл болып кетіпті. Мұны көрген ақсақалдар баланың жайын тергеп сұрай бастайды. Сонда қасындағы серігі оның  бар жағдайын айтып береді. «Ханға лайық жан осы екен, бақыт құсы алжымапты» деп жұрт гулесіп кетеді. Сөйтіп, бұл ауылдың адамдары бақ құсы қонған Қарашаны тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай бағып, он төрт жасқа толғанда киізге салып хан көтеріпті. Уақытша билікте отырған бас уәзір Тәңірберген ханның аманатын орындап, тақты Қарашаға беріпті.

Бұл оқиға шамамен 1740-1750-ші жылдарға сәйкес келеді. Өйткені осы Қараша бүгінгі ұрпақтың 13-ші атасы. Әр ұрпақ сабақтастығына дәстүрлі есеппен 25 жылдан берсек, оқиғаны біздің заманымыздан 325 жыл бұрын болған деп болжаймыз. Ел аузында «Қарашадан хан шықты» деген сөз сақталған. Бұл тегін сөз емес, тегі бар сөз.

Тарихи шындыққа ден қойсақ, айтылып отырған жылдары қазақ ханы Абылай болған. Қазақ хандығының он сегізінші ханы Абылай дәл осы 1740 жылдары таққа отырған. Бұл Орта жүз жасақтары мен жоңғарлар арасындағы ұрыстардың белең алған бір кезеңі.

Қазақ ханы Абылай болса, Қараша хандығы ру ішіндегі хандық еді. Жұрт хан деп атағанымен олар елді дінбұзарлықтан, ұрлық-қарлықтан, жылыстап тиген жаудан қорғайтын өз әскері, батырлары бар рубасылары болатын. Абылай тұсында қазақтың ортақ жауларына Қарашахан да өз қолын қосып отырды.

Абылай ханмен тізе қосып, ортақ жауға қарсы аттануға Қаратау етегінде жатқан Қоңыраттардан қол бастап барған батырлардың тағы бірі – Жиенбет. Оның аты аңызда да, нақты деректерде де сақталған.

Жиенбет Қарашаның әкесі Сауынбаймен бірге туған Қошқарбайдың бел баласы. Жиенбет батыр туралы нақты деректерді келтірген филолог Аспандияр Әден мен тарих ғылымдарының кандидаты Досалы Салқынбек «Айқын» газетінің 2010 жылғы 10-маусымындағы санында «Жиенбет батыр» деп аталатын мақала жариялады. Сол мақалада: «Абылай заманында орта жүздің бас батырларының бірі болған Жиенбет батыр Ұлытау маңындағы Қара Кеңгір өзені бойын жайлады.

... Қазіргі Қоңырат кен орны, Ақтоғай ауданындағы Қоңырат аулында қоныс тепкен қоңыраттар осы Жиенбет батырдың ұрпақтары екені анықталып отыр» деген дәйектер бар. Дұрыс. Жалпы, Арқаға Абылайдың шақыруымен Қаратаудан, Сырдан барған біраз батырлар сол жақта қалып қойған.

Бір кездері Арқадан біраз Арғын аталығының қазіргі Жаңақорған жұртына көшіп келіп, Қоңырат руының кісілерімен бір ауылдың адамдарындай араласып кеткенін білеміз. Өйткені бұл бауырластық сонау Жиенбет батырлардан бастау алған. Жиенбет Арқада қалып, Арғындар ішіне сіңіп кеткен.

Осы жерде ақиқат үшін бір нәрсені айта кету орынды. Жоғарыда аталып кеткен мақалада Жиенбеттің азан шақырып қойған аты Меңдіби еді дейді. Бұл – біздіңше, қате. Меңдіби Жиенбеттің Нағанайдан туатын арғы атасы сияқты. Шежіреде ол Мелдеби деп көрсетілген. Баспаның қатесі ме, басқаның қатесі ме, әйтеуір шежіреде кеткен қате есімдер кездесіп қалады. Ендеше Меңдіби есімі Мелдеби болып жазылуы да ғажап емес. Шіркін, бұрынғының бір-бір қартымен бір-бір шежіре көміліп кетті ғой. Ақиқатын енді кімнен сұрармыз?

Осы кездің адамдары Құнанбай аға сұлтан болып тұрған кезінде Қодар мен Қамқа оқиғасына қатысты Меңдібиді де билік айтуға шақырған дейді. Мүмкін емес. Жаңа атап өткеніміздей, Меңдіби деп отырғаны Жиенбет батыр. Жиенбет Абылай хан тұсында, яғни, 1730-1780 жылдары өмір сүрген. Құнанбайдың аға сұлтан болуы 1834-1856 жылдар. Сонда қалай, Құнанбайға Меңдібидің аруағы келе ме?

Сондықтан біз үлкендерден естіген Жиенбет-Меңдібидің Қодар оқиғасына қатысты аңызын артық деп санаймыз. Бірақ, біздің айтпағымыз тіпті ол жайында емес.

Қоңыраттан шығып, қоңыраулы найза қолға алған қазақтың қас батырлары Қараша мен Жиенбеттің аз-маз баяны туралы ойға түйгендерімізді ортаға салуды бір парызымыз деп білдік.

                                                                                 Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 

Тарих 04 сәуір 2018 г. 678 0