1917 ЖЫЛҒЫ ҚОС ТӨҢКЕРІС КЕЗІНДЕГІ ПЕРОВСК УЕЗІНІҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖАҒДАЙЫ

1917 жылдың ақпан айында патша өкiметiнiң тақтан құлап, елде республикалық саяси жүйенiң қалыптаса бастауына күллi империя халқының басым көпшiлiгi, соның ішінде қазақ қоғамы зор қуанышпен қарсы алады. Ақпан революциясының жеңісі Ресей империясының құрамында болған барлық халықтарға бұрын болмаған көптеген ұлы демократиялық бостандықтар берді: саяси партиялар құру, сөз бостандығы, баспасөз бостандығы, түрлі митингілер ұйымдастыру мен манифестациялар бостандығы. Орталық езгінің құлауы Ресей империясының шет аймақтарындағы оның ішінде қазақ халқы да, ұлттық-саяси бостандыққа жетуге жол ашады деп сенді[1, 58 б].

Ресейдегі Уақытша үкімет 1917 жылы 5 наурызда жергілікті жерлерде басқару жұмысымен айналысатын мекемелер құру туралы қаулысын шығарып, облыс, уез, болыс және ауылдарда құлаған ескі үкіметтің орындарына Уақытша үкіметтің жаңа басқару орындарын құра бастайды. Бүкіл Ресейдегі сияқты қазақ даласында да Уақытша үкіметтің билік орындары алғашқы кезеңде Азаматтық комитеттер есебінде пайда болды. Осындай жағдайда қазақтарға ескі әділетсіз патшалық билік жойылып, оның орнына жаңа билік келгенімен де, сол тағы ұлттық мүддені қорғап, талап-тілекті білдіретін Мемлекеттік мекемелерсіз қалу қаупі төнді. Сондықтан да Азаматтық комиттермен бірге стихиялы түрде облыстық және уездік деңгейде Қазақ азаматтық Комиттері қалыптаса бастайды. Қазақ комиттерінің өкілдері облыстық және уездік Азаматтық комитеттерінің атқару органдарына мүше болып енеді. Қазақ комитеттерінің құрылуы ұлт-азаттық қозғалыстың Ақпан революциясынан кейінгі кезеңдегі дамуының нәтижесіне айналды. Ал оның өзінің түпкі мақсаты – мемлекеттік тәуелсіздікке ұмтылысының табиғи көрінісі-ұлттық мемлекет болуға жасаған қадамы болатын. Сонымен съезд қаулылары өлкелік, облыстық, уездік, болыстық және ауылдық комитеттер құрудың жолдарын, тәртібін, олардың жұмыс істеу қағидаларын белгілеп берді. Комитеттің жұмысын жасауда қазақтың зиялы қауым өкілдері де өз үлестерін қосып отырды. Мысалы, М.Шоқай Сырдария облысының облыстық, уездік, болыстық, селолық және аудандық атқару комитеттерінің Ережелері мен Жарлықтарын жасауда ұйтқы тұлғалардың біріне айналды [1, 67 б].

Түркістан комитетінің жергілікті халыққа деген көзқарастары мен пікірлеріне ұлттық зиялы қауым өкілдерінің наразылығы күшейіп, оларға қарсы тұру үшін Түркістан өлкесі мұсылмандарының комитеттері құрыла бастайды. Мұндай комитеттерді құруда талай жылдар отарлық езгіде келген елдің зиялы азаматтарының аздығы сезілмей қалған жоқ. Мысалы, бұл туралы 1917 жылдың маусымынан жарық көрген және алғашқы редакторы М.Шоқай болған «Бірлік туы» газеті былай деп жазады: «Ең алғаш өзгеріс болған уақытта Ақмешіт қазақтары бұл таныс болмаған жаңа бір жолға - басшы табайық деп, телеграма үстіне телеграма беріп, Петербордан Мұстафа Шоқайды, Термізден Серәлі Лапинді, Самарқаннан Хұсан Ибрагимовты, мұғалім Табанбаевты, Қоқаннан Серікбай Ақаевты, Әндіжаннан Қонырқожа Қожықовты, Қармақшыдан мұғалім Ибрагим Қасымовты шақырды» [2, 68 п].

Қазақ комитеттерi сөз жүзiнде Уакытша үкiметтi қолдағанымен, оның барлық iс-әрекетi ұлттық мүдделерге қызмет еттi: Мұстафа Шоқай Уақытша үкiметтiң Түркiстан комитетiнiң құрамына енгiзiлдi. Сырдария облысында ұлттық комитеттерді құру аса қиын жағдайда жүрді. Аштыққа, қырғынға ұшыраған халықтың саясатқа, ел билеуге араласа алмауы үрдісінде кей жерлерде ұлттық ұйымдардың басына бұрынғы атқамінерлердің келіп, халықтың басына тағдыр тауқыметін тарттырды. Осындай себептерге байланысты олар Сырдария облысының кей жерлерінде тамыз айына дейін ұлттық ұйым құруда ымыраға келе алмады. Өлке орталығында қалыптасқан осындай саяси жағдайда жергiлiктi халықтардың саясатқа белсендi түрде араласа бастаған өкiлдерi екi саяси ұйым құрды. Олардың бiрiншiсi қоғамдық-саяси өмiр мәселелерiне белгiлi дережеде консервативтiк бағыт ұстаған «Ғұламалар одағы» (Улема жамиғаты) болса, екiншiсi қоғамды буржуазиялық демократиялы тұрғыда өзгертуге бейiм тұрған «Ислам кеңесi» едi.

1917 жылдың көктемiнде Ислам кеңесiнiң ұйымдары (бөлiмшелерi) Сырдария облысының Черняев (Шымкент), Әулиеата (Тараз), Перовскi (Қызылорда), Қазалы уездерінде болды. «Шора-и-Исламның» Қазалыдағы ұйымы осы партияның Ташкентте ресми түрде құрылғанынан жарты айдай бұрын пайда болды. [3, с.48]. Ақпан революциясынан кейін Сырдария облысында құрылған кейбір ұлттық комитеттердегі жағдайдың қандай болғандығын Ақмешіттегі комитеттердің қызметінен көруге болады. Ол жөнінде М.Шоқай былай деп еске алады: «Мен Ақмешітке келгенде, ол жерде үш ұйым бар болатын. 1. Ақмешіт ұлттық кеңесі - төрағасы-Ерәлі Қасымов. 2. Ақмешіт халық өкілдерінің кеңесі төрағасы – Серәлі Лапин. 3. Ақмешіт жұмысшы-солдат кеңесі» [1, 70 б].

1917 жылдың 2-5 тамыз аралығында Ташкентте Түркістан өлкесі қазақ-қырғыздарының жалпы съезі болып өтеді. Съезге Түркістан аймағындағы барлық аудандардан арнайы сайланып келген уәкілдер қатысады. Съезді басқарушы төрағаларының ішінде С.Асфандияров съездің құрметті төрағасы, М.Тынышпаев съезд төрағасы, төрағалық серіктікке А.Мангелдин, Ә.Кенесарин, С.Өтегенов, хатшылыққа З.Сейдаллин, Ш.Көпсаламов және С.Қожанов сайланады. Осы съезде «Түркістан өлкелік қазақ-қырғыздардың орталық Кеңесі» құрылады. Сонымен бірге съезде Сырдария облысының орталық атқару кеңесі құрылып, оған мүшелікке С.Өтегенов, Ә.Көтібаров, И.Қасымов, И.Тоқтыбаев, Т.Рысқұлов және С.Қожанов кіріп, бір орталыққа біріккен «Түркістан өлкелік қазақ-қырғыз атқару Кеңестерінің» жұмысын үйлестіруді Сырдария облыстық қазақ атқару Кеңесіне жүктейді. Түркістанда бір орталыққа біріккен қазақ-қырғыз Кеңесінің төрағалық міндетін алғашқыда Ибраһим Қасымов, хатшылық қызметін Тұрар Рысқұлов атқарса, кейін төрағалық міндетті Ә.Көтібаров атқарды [3, 208-209 пп]. Ал М.Шоқай осы Кеңестің құрметті төрағасы болып сайланып, оның жалпы жұмысына басшылық жасайды. Сырдария облысындағы ұлттық ұйымдардың атауы қазақ-қырғыз Кеңесі деп аталды. Осы съезде қабылданған қаулыда «Түркістан аймағында қазақ-қырғыз Кеңесі ашылсын. Ал қазақ-қырғыз Кеңестері жоқ облыстарда тездетіп облыстық қазақ кеңестері құрылсын»,-делінеді[3, 209 п]. Осыған байланысты Сырдария облысында облыстық қазақ атқару Кеңесінің төрағасы Ә.Көтібаров, Перовск уезіндегі Кеңестің төрағасы алғашқыда Е.Қасымов, кейін Қ.Ибраһимов, Қазалыда А.Жанталин сайланды [4, 17 б].

Ақпан революциясынан кейін Сырдария облысында жұмысшы және солдат ұйымдары, әсіресе, бұл ұйым Черняев уезінде және оның Түркістан бөлімшесінде, Қазалы, Перовск уездерінде басқа қоғамдық саяси ұйымдар ішіндегі ұйымдық жағынан ең жақсы топтасқан ұйым болды. «Бірлік туы» газетінің 1917 жылғы №8 санындағы «Ақмешіттегі жанжал» атты тақырыппен берілген хабарда былай делінеді: «Сырдария облыс Кеңесінің 31-ші тамыздағы мәжілісінде Ақмешіт уез комитетінің төменгі мағлұмнамасын оқыды: «28 тамызда күндізгі сағат 5 шамасында Ақмешіт қаласындағы базарда тәртіпсіздік шықты. Онда жергілікті халықтан екі кісі өліп қалды. Екі қазақ, бір шаһар солдаты жаралы болыпты. ...жанжалдың шығуына мына жағдай себеп болған: Базарда жүрген бір қазақтың қолындағы былғарыға бірнеше солдат саудаласады. Солдаттар олай-бұлай сөйлесіп тұрғаннан кейін, зорлық қылып қазақтың былғарысын тартып әкетеді. Сонан соң қазақ айқай салса, онан-мұнан бес-алты адам келіп қалады. Сөйтіп, қазақтар мен солдаттар арасында төбелес көтеріліп кетеді. Сол уақытта топтың арасындағы біреуі караульный команданың казармасына барып, қазақтар бүлік шығарып жатыр деп хабар берген. Мұны ести салып, команда мылтық, патрон алып келіп жинаған топқа қарап оқ ата бастаған... Шаһар солдаттарының ішінде Жетісу орыстары көп еді. Һәм Ақмешіт уезінің поселкелерінде бірталай орыстар бар еді. Әсіресе, солар қазақтарға тым өшігіп кетіп, жанжалдың ұлғайуына үлкен себеп болды...онан соң солдаттардың мұнан бұрын да қазақтарға зорлық қылып, күш көрсетіп жүргендіктері анық екен. Мысалы, қауын сатып жүрген қазақтардың қолындағы қауынын ақша бермей солдаттар талай-талай тартып алып кетті. Әйтеуір халық өте қорқынышты: «Солдат күн көрсететін емес» деп зар-зар жылайды» [5].

         1917 жылдың екінші жартысында барлық қазақ облыстары секілді Сырдария облысында да қоғамдық-саяси өмір шиеленісіп, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы мүлдем ауырлап кетті. Сырдария облысында егін егетін жердің көпшілігіне мақта егілгендіктен өлкеде аштық басталған болатын. Ашаршылықтың күрт күшті етек алып кеткендігі сондай – аш қазақтардың жағдайы тіпті мүшкіл күйге түсті. Ресейден Түркістанға 30 000 пұт астық бөлінгенімен, революцияның салдарынан теміржолдар істен шығып, астықтың бәрі Түркістанға жете алмай жолда тоқтап қалды [6, 81 б]. Ресей құрамындағы басқа халықтар сияқты Қазақстан, Түркістан халықтары да көп үміт артқан Құрылтай жиналысына тізім жасауда 1917 жылдың қазан айының екінші жетісінде Ташкентте «Жамия қоғамы» мен «Ғұламалар қоғамының» шақыруымен «Түркістан және Қазақстан» мұсылмандарының съезіне, сондай-ақ 1917 жылдың 17-20 қазан аралығында Түркістан қаласында (Черняев уезі) С.Лапин мен Шымкенттік ишан Садық қожа басқаруымен болған «Ғұламалар қоғамының» Сырдария облыстық мұсылмандар съезіне осы облыстан Құрылтай жиналысына баратын депутаттарды сайлау тәртібі ешқандай сын көтермеді. Сонымен қатар Сырдария облысы Перовск уезінде Е.Қасымов басшылық еткен уездік ұлттық комитет пен Х.Ибраһимов басқарған қазақ депутаттарының кеңесі арасындағы өзара қатынас талас-тартысқа айналып, ауыз бірлік таппады [1, 97 б]. Бұл екі арадағы өзара кикілжің Қазан революциясынан кейінгі уақытта да жалғаса берді. Осындай жағдайда жаңа орыс билік мекемесі – жұмысшы, солдат депутаттарының кеңесі өкілдері Ақмешіттен Ташкентке дейінгі аралықтағы Жөлек, Шиелі, Жаңақорған, Түркістан, Арыс және басқа жерлердегі халықты ашықтан-ашық талап, зорлық-зомбылықтарын жүргізді.

1917 жылдың 25 қазанындағы Петоградтағы қарулы көтеріліс Ақпан революциясының демократиялық реформаларына үміт артқан ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдарға үлкен соққы болып тиді. Большевиктердің Петроградтағы төңкерісіне және өлкедегі Уақытша үкіметтің мекемелеріне қатынасты мәселесі 1917 жылдың 26 қазанында өтіп жатқан Түркістан өлкесі шаруаларының екінші съезінде де арнайы қаралып, онда ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың большевиктер төңкерісіне байланысты ұстанымдары секілді шешім қабылданды. Түркістан өлкесі шаруаларының екінші съезінің делегаттары биліктің большевиктер үстемдік етіп отырған кеңестердің қолына өтуіне қарсы екендіктерін ашық танытып: «Бүкілресейлік құрылтай жиналысы шақырылғанға дейін Түркістандағы және орталықтағы билік Уақытша үкіметтің қолында қалуы тиіс» деген қаулы қабылдаған еді [7, с. 529].

Алайда большевиктер ұйымдастырған төңкерістен кейін елде мүлдем түсініксіз аласапыран саяси ахуал қалыптасады. Осыған байланысты А.Байтұрсынов сол кезге мынадай сипаттама береді: «Қазақтарға ақпан революциясы қандай түсінікті болса, қазан революциясы оларға соншалықты түсініксіз көрінді. Олар ағашқы революцияны қандай қуанышпен қарсы алса, тура сондай үреймен екіншісін қарсы алуға мәжбүр болды. Қазақ халқымен таныс адамдар үшін қазақтардың бұл революцияларға деген мұндай қатынасы әбден табиғи және түсінікті болатын. Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алуындағы себебі, біріншіден,  бұл революцияның оларды патша үкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруына, екіншіден, олардың өзімізді өзіміз басқарсақ деген ескі үмітін нығайта түсуінде еді» [8, 5 б]. Большевиктердің шынайы тәуелсіздік пен демократия жолы деп келген қазақ даласы мен Түркістандағы кеңес өкіметінің жеңісі, іс жүзінде патшалық Ресейдегіден де күшті диктатураға, бюрократиялық жүйенінің орнауына апарды. Мемлекеттік түрге оранған революциялық зорлық-зомбылық жаңа қоғамдық қарым-қатынасты енгізіп, қолдап отырды.

1917 жылы 30 қазанда жұмысшы, солдат депутаттары кеңесінің өкілдерінің ұйымдастыруымен Перовск еңбекшілерімен жергілікті гарнизон салдаттарының митингісі болып, онда кеңес өкіметі билікті өз қолына алды деп хабарлады. Перовск кеңесі өкімет билігін алғаннан кейін бірін-бірі қолдау қажеттілігі туралы нақты іс-шараларын ұсынып, Ташкент кеңестеріне хат жазды. Өзара көмек көрсету шараларын жасау мақсатында келісім жасау үшін Қазалыға бес адамнан тұратын делегация жіберілді. Сүйтіп Орта Азия мен Қазақстанда бірінші болып кеңес өкіметі Перовскіде орнады. Ал Қазалыда қарашаның екінші жартысында өкімет билігі Кеңестердің қолына өтті.

1917 жылы қараша және желтоқсан айларында атаман Дутовтың қарулы күштері Орынборды басып алып, Түркістан республикасын орталықтан бөліп тастады. Осы себепті Түркістанды қару-жарақпен, азық-түлікпен жабдықтау тоқтатылды. Сүйтіп Ресейдің өзінде ақтар мен қызылдар болып бөлінген болшевиктер мен бұрынғы патша жақтастарының арасында билік үшін тартысқан соғыс басталды. Бұны тарихта азамат соғысы деп атады. Перовск, Қазалы уездерінде аштық басталып, жағдай бұрынғыдан да қиындай түсті. Азамат соғысы жылдарында Түркістан республикасы Перовск және Қазалы уездерінің жағдайында өнеркәсіпті мемлекет меншігіне айналдыру және Кеңес органдарының қолына жинақтау сияқты әскери коммунизм саясатының элементтерін жүзеге асырды. Әскери коммунизм саясаты бойынша халық тапқан табыстарының бәрін болшевиктерге көмек ретінде соғысқа салды, егер бермесе кеңес өкіметі олардан тартып алып отырды. Мемлекет меншігіне айналдырған кәсіпорындарды басқару үшін халықшаруашылығы Кеңестері ұйымдастырылды. Олардың шешімімен балық өнеркәсібі және Арал кеме шаруашылығы мемлекет меншігіне айналды. Қазақстанда барлық билікті қолдарына ала бастаған кеңес өкіметі Түркістан және Ақтөбе майдандарының жауынгерлерін азық-түлік, киіммен қамтамасыз ету мақсатында олар қайыс бұйымдарын өндірді, етік, басқа да киім кешектерді тігіп шығаруды жолға қойды. Орынбор-Ташкент темір жолында әскери жағдай енгізіліп, жұмысшылар мен қызметшілер әскерге алынды. Олар әскери күштерді баратын жерлеріне дейін аман-есен жеткізу үшін көптеген жұмыстар атқарды. Қазалы, Жосалы, Перовск станцияларының теміржолшылары паравоздарды сексеуілмен жұмыс істейтін етіп қайта жабдықтады, артық бөлшектерді өндіруді, паравоздар мен вагондарды жөндеуді тәртіпке келтірді. Азамат соғысы жылдары Перовск, Қазалы қызыл гвардия отрядтары жұмысшылар мен шаруалар депудаттары Кеңесінің ұйымдасқан қарулы күшіне айналды. Перовск партизан отряды 1918 жылы қаңтар айында Елек және Орынбор қалаларын азат етуге қатысты, қараша айында олар Ашхабад майданына жіберілді[9, 113-144 бб.].

1918 жылдың екінші жартысында Түркістан партия ұйымдарының өлкелік съезі өткізілді. Түркістан компартиясы ұйымының қалыптасуы Перовск және Қазалы партия ұйымдарын күшейтіп, жергілікті жерлерде жаңа партия ұйымдарының пайда болуына себепкер болды. Сыр өңірінде кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдары асыра сілтеушілік, әділетсіздік және жергілікті халыққа қиянат көрсету, зәбір-жапа шеккізу әрекеттері орын алды. Перовск уезіндегі депутаттар Кеңесінің төрағасы Иосиф Гержоть басшы қызметте болған екі жыл ішінде(1918-1919 жж) оның жеке бұйрығымен 180-ге жуық адам заңсыз атылып, қалған мұсылман шаруаларының көпшілігі мал-мүлкінен айырылып, зорлық-зомбылыққа шыдай алмай, басы ауған жаққа босып кеткен. Олар жол үстінде азып-тозып, аштықтан, ауру-сырқаудан қырылған. Мұстафа Шоқай 1935 жылы Парижде басылып шыққан «Кеңестер билігіндегі Түркістан» атты кітабында: Перовскіде Гержоть деген әкім отырды. Одан тұтас бір халық қырғыздар (қазақтар) үдере көшті. Бұл үдере көшу барысында бір милионға жуық адам қырылды», - деп жазды. Ақмешіт тұрғындарының 1918 жылы 20 мамырында Гержоттың үстінен жазған өтініштерінде ол қызметке кіріскен бойда уез тұрғындарына 3 милион сом салық салғанын, Ақмола облысына экспедиция жабдықтау үшін 4000 бас түйенің тартып алынғанын, Перовск түрмесінде ешқандай кінәсі жоқ 300-дей адамның қамалғанын хабарлайды. Наразылықтар өрши түскеннен кейін Түркістан Орталық Атқару Комитетінен Перовскіге құрамында республика Орталық Комиетінің мүшесі Исламов, Ішкі істер комиссариатының нұсқаушысы Магнетштейн, Өлкелік директория өкілі Иванов және Жер істері комиссариатының өкілі Синев бар айрықша комиссия жіберілді. Комиссия мүшелері жергілікті жердегі жағдаймен таныса келіп, депутаттар Кеңесінің төрағасы Гержоть өзім білемдікке салынған, Орталық Өкімет нұсқауларына бағынғысы келмейді, еңбекшілердің, әсіресе, мұсылман шаруаларының ұсыныс-пікірлерімен санаспайды деген қорытынды жасайды. Мәскеуден келген комиссияда күнәсінің көптігіне күмән келтірмейді. Осыдан кейін Түркістан Орталық Атқару Комитетінің шешімімен Перовск депутаттар кеңесі таратылып, орнына революциялық комитет тағайындалады. Гержоттың үстінен тексеру жүргізіліп, заңсыз әрекеттері үшін екі жылға бас бостандығынан айырылады. Иркутск қаласында жазасын өтеп жатқан Гержоть әйелінің үкімге наразылық білдіруімен кейін мерзімінен бұрын босанып кетеді[9, 116 б]. Т. Рұсқұлов пен И. Тоқтыбаев Мәскеу билеушілерінің қарсылығына қарамастан оны қайта ұстатып, Орынбор түрмесіне жаптырады.

Жалпы алғанда, Қазақстанда оның ішінде Сыр өңірінде кеңес үкіметінің орнауы жергілікті халыққа үлкен озбырлықпен, ланкестік әрекеттермен, алдап-арбаумен тапқан табыстарын тартып алумен көрінді. Большевиктер мен ақгвардияшылардың қақтығысынан мыңдаған қазақ халқы зардап шегіп, шет елге үдере көшті.

Асылхан Асуатов,

Облыстық тарихи-өлкетану 

музейінің ғылыми қызметкері.

Тарих 13 ақпан 2018 г. 675 0