Ақмешіт астана болған күн

Осыдан  93 жыл бұрын, яғни 1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген Сырдария және Жетісу облыстары, сондай-ақ Қарақалпақ автономиялық облысы  Қазақ автономиялық республикасы құрамына енді. Сөйтіп ел астанасын шалғайда орналасқан Орынбор қаласынан қазақтың қалың ортасына көшіру мәселесі қайта көтерілді.

1924 жылдың қыркүйегінде өткен Қазатком сессиясы ел астанасын Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында қаулы алған еді.  Алайда, Мәскеудің араласуымен республика астанасы Ақмешітке ауыстырылады деп шешілді. Осылайша 1925 жылдың 9 ақпанында Қазақ АКСР ОАК төралқасы О.Исаевтың баяндамасы бойынша мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарды.

Сол жылы 15-19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезінде халқымыздың орысша «киргиз» деп аталуын «қазақ», «Киргиз АКСР» атауын «Қазақ АКСР» деп өзгерту, ал республика астанасы Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданды. 1925 жылдың көктемі мен жазында мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшірілді. Орынбор шаһары мен губерниясы Ресей Федерациясы құрамына берілді. Жаңа астана құрылысына және Қызылорданың Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі қызметін орнықтыруға С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов, М.Тынышпаев, А.Кенжин, С.Ақаев, А.Серғазин, О.Исаев, С.Сәдуақасов, С.Есқараев, т.б. қоғам қайраткерлері белсенді қатысты. Қызылорда 1929 жылдың мамыр айына дейін Қазақ АКСР астанасы болды.

М.МЕРЕЙ.

Тарих 10 ақпан 2018 г. 467 0